Түбі түркіні топтастырған ойын
Түбі түркіні топтастырған ойын
177
оқылды

Жайдарман – қазақ елінің ғана емес, әлемнің түркітілдес мемлекеттері жастарының басын қосатын жоба. Осы мақсатты негізге алып, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасы мен «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі фестиваль ұйымдастырды. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, көршілес мемлекеттің жайдарман­шыларын қонақ ететін бұл жобаға қатысушылар саны да артып келеді.

Үш күнге созылған халық­ара­лық жайдарман фестивалі арнайы бағдарламалық жоспар негізінде жүзеге асты. Фестивальдің алғашқы күні шетелдің жастары мен қазақ­стан­дық топтарды табыстыру мақ­сатында ашылу салтанаты өтті. Жас­тар сарайының төрінде белгілі жай­дарманшылардың жүргізуімен кон­церттік бағдарлама қойылды. Сон­дай-ақ фестивальдің екінші күні шетелдік қатысушылар үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы экс­кур­сия ұйымдастырылды. Қала ішінде орналасқан зәулім ғима­рат­тар мен мұражайларды, «Бәйте­рек», «ЭКСПО» кешендерін және театр­ларды аралады. Шара бары­сын­да қонақтарға қазақ елінің та­рихы баяндалып, салт-дәстүрлері жай­лы мәліметтер айтылды.

Фестивальдің үшінші күні қа­тысушы түркітілдес мемлекеттер­ден келген командалар мен қазақ­стан­дық топтар арасында жайдар­ман сайысы өтті. Бейбітшілік және ке­лісім сарайында өткен додаға бар­лығы 10 команда қатысты. Оның ішінде 6 шетелдік, 4 қазақ­стан­дық топ бар. Атап айтқанда, елор­далық «Қа­зақстан халқы ас­сам­блея­сының құрамасы», моң­ғо­лиялық «Баян өлке құрамасы», өзбекстандық «Қа­рақалпақстан құрамасы», Екі­бастұздан «Біз қазақпыз», Уфадан «Башқұртстан құрамасы», ресейлік «Ноғай құрамасы – Алтын орда», Шым­кенттен «Бүгін.kz», Қазаннан «Татарстан құрамасы», Шымкент­тегі «Нұр-Үміт» өнер орталығының «Миллион» құрамасы, Қырғыз­станнан «Позитифф» командалары бақ сынасты.

Өнер көрсеткен командаларға қа­зылар тиісті ұпай сандарын үлестіріп, жеңімпаздарды анық­тады. Нәтижесінде, «Баян өлке құрамасы», «Қарақалпақстан құра­масы», «Башқұртстан құрамасы» III орын иеленді. Оларға 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. 300 мың теңге және II орынды «Позитифф» және «Бүгін.kz» иеленсе, I орын және 1 мил­лион теңге көлемінде қаржы­лай сый­лықты «Ноғай құрама­сы – Ал­тын орда» командасы еншіледі. Сон­дай-ақ «Татарстан құрама­сы­ның» ойыншысы Наиль Салахов «Үздік ойыншы» аталы­мын алды.

Айша ЕРСҰЛТАН