Қашықтан оқыту: Оқушылар мен мұғалімдер коронавирус жұқтырған жоқ
Қашықтан оқыту: Оқушылар мен мұғалімдер коронавирус жұқтырған жоқ
© inform.kz
177
оқылды
ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Қазақстандағы қашықтан оқытудан не ұтқанымызды айтты. «Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, жұмыстағы адамдардың 70 пайызы қашықтан жұмыс жүргізу тәртібіне көшкен болатын. Оқытудың өзі де 100 пайыз – түгелдей қашықтан жүргізуге ауыстырылғанын білесіздер. Әйтсе де қашықтан жұмыс жүргізу тәртібіне көшпеген ұжымдардың ішінде коронавирусты жұқтырғандардың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Осы ретте бір жарқын мысалды келтіре кетейін: білім жүйесінде, мектептер, университеттер мен колледждер толығымен қашықтан оқытуға көшіп кеткеннен кейін біз оқушылар, студенттер мен мұғалімдер арасында вирус жұқтырғандар мүлде тіркелмей жатқанын көріп отырмыз», - деді Тимур Сұлтанғазиев Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы сұхбатында. Оның айтуынша, қашықтан жұмыс жүргізу тәртібіне көшпеген ұжымдардағы жұмыскерлер қарапайым сақтық шараларын ұстанбай, мұның салдары айқын көрініп отыр. «Осыған байланысты өткен аптадан бастап белсенді түрде жергілікті жерлерде рейд шараларын жүргізе бастадық. Аймақтардағы штабтардың бәріне де осындай тапсырма берілді. Жедел штабтар бақылау комитетінің, полиция өкілдерімен бірге шығып, мейрамханалар мен дәмханаларды тексереді. Өткен аптада 10 мыңға тарта нысан тексеріліп, 1 мыңға тарта ереже бұзушылық анықталды. Осы тексерістің нәтижесі бойынша жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар да бар. Кейбір кәсіпорындарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жұмыс жалғасын табады», - деді ол.