Алматы облысында жарты тонна заңсыз балық аулап, қашып кеткендер ұсталды. Олар Панфилов ауданының 17 мен 25 жас аралығындағы 4 тұрғыны болып шықты. Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұйғыр ауданының полицейлері табиғат қорғау органының қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізілген. Олар «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Іле өзенінің бойында заңсыз балық аулап жүргендерді анықтаған. Табиғат қорғаушылардың жақындағанын көрген браконьерлер оқиға орнынан қашып, бой тасалаған.
«Жоғары жылдамдықпен жүретін қайығы бар браконьерлер өзен бойын жағалай қашып, ұзап кетті. Бірнеше шақырымнан кейін олардың қайықтары су жағасынан табылды. Дегенмен, күдіктілер оқиға орнынан белгісіз бағытта кеткені анықталды. Олардың қайықтарынан қылмыс құралдары, заңсыз аулаған балықтары мен олардың жеке заттары табылып, тәркіленді. Араға аз уақыт салып, күдіктілердің өздері де табылды. Олар Панфилов ауданының 17 мен 25 жас аралығындағы 4 тұрғыны болып шықты»,- деді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.Балық аулаушылардың екі темір қайығы мен тоқ шығаратын 2 мотор, электр қармақтарының құрал-жабдықтары тәркіленген. Сондай-ақ, қайықтан браконьерлердің телефондары мен киім-кешектері және жарты тоннадан астам балық табылған.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы айғақзаттарды тәркіледі»,- деп толықтырды Бағдат Әшімов.