Жастардың саяси белсенділігі күшейеді
Жастардың саяси белсенділігі күшейеді
816
оқылды
Парламент Мәжілісінің де­путаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Әлия Сапарова 1984 жылы Қостанай облысының Қазанбасы ауы­лында дүниеге келген. Журналист, заңгер маманды­ғын игерді. Еңбек жолын 2004 жылы жергілікті «Алау-ТВ» арнасынан бастады. 2012-2014 жылдары облыс әкім­ді­гінің Жастар саясаты басқар­масын басқарды. Демек, бұл саладан хабардар. Біз депу­татпен жастар мәселелері жайында кеңірек сұхбаттасуды жөн көрдік. – Мәжілістегі Nur Otan фрак­ция­сы Елбасы мен Мемлекет бас­шысының жастардың рөлін арттыру тапсырмаларын орындау бағытында қандай шаралар атқаруда? Фракция­ның белсенді қатысуымен жас ұрпақ­қа қатысты қандай заңдар қабылданды? – Қоғамда жастардың орны бөлек. Елдің тірегі болып, оның болашағын айқындайтын да – жастар қауымы. Осы орайда, ел Парламенті қабылдап жатқан заңдар тек бүгінімізге ғана емес, сонымен қатар болашағымызға да бағдарланған. Қазіргі кезде жас­та­рымыздың өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруына, өнері мен да­ры­нын ұштауға, басқа елдердегі құрбы-құрдастарымен бәсекеге қабілетті болуына мемлекетімізде барлық жағдай жасалған. Осы мақсатта білім беру, жұ­мыспен қамту, қолжетімді тұрғын үй салу бағыттарында қаншама бағ­дарлама қабылданып, көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарламалар мен бастамаларға өмір өз өзгерістерін енгізеді. Олар тиімді орындалып, дер кезінде жастарға пайдасын тигізуі үшін Nur Otan партиясының фракциясы осы істі заң жүзінде қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстанда жастар саяса­тының заңнамалық тұғыры қалып­тасып болды. Енді оны жетілдіріп, кемеліне келтірілуде. Айталық, кейінгі жылдары мемлекеттік жастар саясаты туралы, волон­терлік қызмет туралы жаңа заңдар өмірге жолдама алды. Жалпы, қабылданған заңдар­дың дені жастарға қатысты. Мысалы, білім беру, мәдениет, құрылыс және басқа да салаларға арналған кез келген заң, ең ал­дымен жастар болашағына жағдай жасауды көздейді. – Ел Парламенті «Сайлау туралы» конституциялық заңына және «Саяси партиялар туралы» заңына түзетулер енгізді. Бұларға сәйкес, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына түскен әрбір саяси партия тізімінің кемінде 30 пайызы әйелдерден және 29 жасқа дейінгі жастардан тұруы тиіс. Бұл не үшін қажет? – Қос заң Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отыры­сында берген тапсырмасына сай әзірленді. Ондағы 30% квота жастар рөлін арттыру үшін қажет. Сондай-ақ олардың елдегі қо­ғамдық-саяси процестерге жігерлі атсалысуын ынталандырады. Әлеуметтік, саяси белсенділігін кү­шейтеді. Яғни, олардың депу­таттық корпус құрамына міндетті түрде кіретінін мемлекет кепіл­дендірді. Олардың партиялық тізімдегі орнын басқалар иелене алмайды. Тұңғыш Президент, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастар мә­селесіне ерекше мән беріп келеді. Осы кезеңде елді алға бастай ала­тын жас лидерлер, жас саясат­керлердің жаңа формациясы қалыптасты. Олар ел қалаулысына айнала алады. – Әлеуметтік желілерді пай­даланушылар, кейбір саясаттану­шылар «партиялар өз тізімнің үштен бір бөлігін толтыру үшін 29 жасқа дейінгі жас лидерлерді қайдан табады?» деп күмән білдірді. Шектеу межесін 35 жасқа дейін көтерген жөн деген ұсыныстар да айтылды. Бұған пікіріңізді білдірсеңіз. – Жастарды ешқайдан іздеудің қажеті жоқ. Оларды партия өз қатарына тартып, өсіруге ықпал еткені жөн. Мысалы, Nur Otan партиясы жанында Jas Otan Жастар қанаты бар. Барлық беделді пар­тия­лардың осындай жастар қанаты болуы тиіс. Бүгінде әр өңірде, әр қалада саясатқа білек сыбана кі­рісуге дайын отырған, соған қыры бар, біліктілігі жететін беткеұстар жастар жетерлік. «29, әлде 35 жас дұрыс па?» дегенге тоқталсақ, ол мәселе заң жобасын Мәжілісте қарау бары­сында жан-жақты талқыланды. Ақыры, барлық тарап 29 жасты жақтап, соған тоқтаған екен. Себебі бұл жерде өзге елдердің тәжірибесі зерделенді. Ең бастысы, «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» 2015 жылғы заңда жастар ұғымына «Қазақстанның 14 жастан 29 жасқа дейiнгi азаматтары» деген анықтама берілген. Депутаттар соған сүйенді. – Жастарға елде барлық жағдай жасалған деп қалдыңыз. Бірақ жалпылама сөйлемей, нақтылай түссеңіз: Қазақстанда жастар үшін қандай мүмкіндіктер, нендей тетік­тер мен бағдарламалар бар? Nur Otan фракциясы бұл іргелі іске қандай сүбелі үлес қосуда? – Жастар өкілдерін жұмысқа орналасу, баспанамен қамту мәселелері, бизнеске бастапқы кезеңде қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетіні қызықтырады. Nur Otan фракциясы осы бағыттағы бағдарламаларды дер кезінде заңмен қамтамасыз етуге үлес қосуда. Ал өңірлерге шыққанда нұро­тандық депутаттар сайлау­шылармен кездесіп, сол заңдар мен бағдарламаларды түсіндіру жұ­мыстарын жүргізеді. Мысалы, «Дипломмен ауылға» жобасы ауылға мамандардың бару ағынын арттыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, оған дейін жыл сайын ауылға 3 300 маман келсе, ал жоба қолға алынғалы осы көрсет­кіш жыл сайын 5 мың маманға дейін артты. Соңғы жылдары жобаны іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат ұлғаюда. Мәселен, 2017 жылы – 11 млрд теңге, 2018 жылы – 13,7 млрд теңге, ал 2019 жылы ауылда тұрғын үйге бюджеттік кредит беруге 14,8 млрд теңге қарастырыл­ды. Мем­лекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауы аясында «Дипломмен ауылға» жобасын жыл сайын қаржыландыру көлемі 20 миллиард теңгеге дейін жеткізіледі. Осы сомаға 2020 жылы ауылға бет алған 5 мыңнан астам дипломды маманға баспана алуы үшін өте арзан бюджеттік кредит ұсыны­лады. Бұған қоса, биыл көтерме жәрдемақының көлемі 70-тен 100 АЕК-ке (277 800 теңгеге) дейін өсіріліп жатыр. «Жас маман» жобасы 200 жаң­ғыртылған оқу орнында – 180 колледж бен 20 ЖОО-да ең сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіптер бойынша маман даярлауды қарастырады. 2019 жылы 20 колледжді модерни­зациялауға 8 млрд теңге бөлінді. Оның 7,2 миллиарды оқу құрал-жабдықтарын сатып алуға, ал 720 миллионы шетелдік сарапшылар қызметіне ақы төлеу шығыстарына бағытталды. Жоғары оқу орындары құрал-жабдықты өз қаражатына алады. Білім және ғылым министрлігі барынша сұранысқа ие 100 ин­дустриалды қызмет көрсету маман­дығын анықтады. Қазіргі уақытта жобаның ережелері мүдделі меморгандардың келісімінен өтуде. Бұл ретте 20 мың жасты оқытуға 1,5 млрд теңге көзделді. Жастарға, сондай-ақ көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және еңбекке жарам­ды мүгедектерге 33,3 мың грант беру үшін 16,8 миллиард теңге қарастырылды. Бүгінде «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 18 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқы­тылды. 3,2 мың адам грант алды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, жұмыс істейтін жастарды баспа­намен қамту бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Былтыр оларға үш мегаполисте арендалық пәтер салу және сатып алу үшін 14,4 миллиард теңге бөлінді. 3 жылда осы іске жалпы сомасы 64,8 миллиард теңге қажет болады. Нұр-Сұлтанда – 1 050, Алматыда – 682, Шымкент­те 904 жасқа жалға берілетін пәтер кілті тапсырылды. Өзге өңірлерде де осыған ұқсас жергілікті бағдарламалар әрекет ету­де. Мысалы, былтыр Жастар жы­лы аясында Ақтөбеде – 200, Қы­­зылордада – 79, Қарағандыда – 40, Қос­танай облысында 500 бас­па­на жас отбасыларға табыс­та­лыпты. Жас­тарға жан-жақты қолдау шара­ларын мемлекет әрі қарай жал­ғастыра береді деген сенімдеміз. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Айхан ШӘРІП