Сот орындаушылардың кесірінен шаруашылықтар жабылуы мүмкін
Сот орындаушылардың кесірінен шаруашылықтар жабылуы мүмкін
Фото: Интернеттен алынды
Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар шаруашылықтар жабылып қалудың алдында тұр, – деп хабарлайды AstanaTV. Айыртау мен Ғабит Мүсірепов аудандарындағы шаруалар, Алиби холдингі банкрот болып жарияланғалы тірлігін тіктей алмай келеді. Бақыр тиынсыз қалған компанияларға инвесторлар қол ұшын созыпты. Бірақ күрмеуі қиын мәселе шешілер емес. Ғабит Мүсірепов ауданы Тохтаброд ауылының күні жергілікті кәсіпорынға қарап отыр. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын серіктестік бүтін ауылды жұмыспен қамтыған. Алайда, былтырғы жылы шаруашылықтың ісі шатқаяқтап қалды. Диқандарға демеушілік еткен ірі холдинг несиесін төлей алмай банкротқа ұшырап, кәсіпорынды соқыр тиынсыз қалдырған. Енді ірі қарыздың кесірінен сот орындаушылары шаруашылыққа күн көрсетпей отыр екен. «Тохтаброд ТМ» ЖШС директоры Ринат Жұмабаев: «Екі күн бұрын сот орындаушылары бізден егін егетін қондырғыны тәркіледі. Қазір егістік науқаны жүріп жатыр. Бұл техника бізге ауадай қажет. Кәсіпорында 280 адам жұмыс істейді. Егер сот орындаушылары бізге дем бермесе, шаруашылықтың ісі тоқтап қалуы мүмкін», – деді. Жалпы, «Алиби» агрохолдингі жабылған соң, солтүстік өңірлердегі 40 кәсіпорын жер сипап қалған. Бұл шаруашылықтарды қайтадан жаңғырту үшін 27 ірі инвестор іске кірісіп, оларды бөліп алды. Үкіметтің бастамасымен құрылған мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша, шаруашылықтардың мойнында тұрған жер мен мүлік үшін қарызды инвесторлар 15 жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Сондай-ақ, алғашқы үш жылға жеңілдік берілген. Бірақ бұл талапқа сот орындаушылар міз бақпай отырса керек. Аizet farms компаниялар тобының бас директоры Мұрат Шамшинұров: «Біз өзімізге бес шаруашылықты алдық. Жер үшін 1,5 миллиард теңге қарызымыз бар. Техника үшін де осы сома шамасында. Сот орындаушылары бізге қосымша уақыт бергісі жоқ. Бұған қоса біздің мүлігімізді арзанға сатып жатыр. Жуырда 2 757 тонна бидай тұқымын не бары 83 миллионға сатып жіберген. Сосын асыл тұқымды ақбас сиырдың 1250 бас малдың әрқайсысын 132 мың теігеге сатып жіберген. Сонда біздің бидай мен малдың нарықтық құнын 3-4 есе төмендетіп қойған», – дейді. Шаруалар бар базынасын айтып, жергілікті билік өкілдері мен құзырлы органдарға жолыққан. Бірақ жауапты тараптың уәдесі сөз күйінде ғана қалып отырған көрінеді. Мәселе шешілмесе, егістік науқаны нағыз қызған шағында тоқтап, мыңдаған ауыл тұрғыны жұмыссыз қалуы мүмкін.   https://youtu.be/zFb8PX95j6U