Ломбардтар былықтан қашан арылады?
Ломбардтар былықтан қашан арылады?
Біраз ломбард жазға жетпей қалатын түрі бар: олар халықты несиелендіру және азаматтардан бағалы зат қабылдау мүмкіндігінен толық айырылады. Басқаша айтқанда, жабылады. Мұн­дай құқық енді тек қаржылық реттеу агент­тігінде «микро­қар­жы ұйымы» (МҚҰ) ретінде қайта тіркеуден өткеніне ғана берілмек. Жаңа мәр­тебеде тіркелгісі келе­тін­дерге агент­тіктің қатаң сы­нағы әзір. Азаматтардан арыз-ша­ғым­ның көп түсуіне орай әрі Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лом­бард­тарды кең ауқымды тексеруге кірісті. Осы мақсатта агенттіктің, Ішкі істер министрлігінің, Мем­лекеттік кірістер комитетінің қызмет­кер­лерінен құралған 39 топ құрылды. Тексеріс алдағы маусым айына дейін жалғасады және ең көп ұйым шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын қамтиды. 1 100 ломбардқа реви­зорлар келмек: бұл – жалпы санының 50%-дан астамы. Тексеруші топтар бірінші кезек­те Мемлекет басшысының «төтен­ше жағдай кезеңінде қа­зақстан­дықтардың, сондай-ақ шағын және орта бизнес заем­дарының негізгі қарызына және сыйақыға үстеме есептеуді тоқтата тұру» туралы тап­сырмасы қан­шалықты орын­далғанын ба­ғамдайды. Әйтпесе, тұрғындар тарапынан кейбір ломбард бас­шылары карантиннің бүкіл кезеңіне 0,2% үстемеақы есептеп, соны төлеуге мәжбүрлеп жатқаны, оған келіспегендердің кепілзатын кері қайтармайтыны туралы шағымдар түсуде. Бұдан бөлек, жемқорлық не басқа да қылмыстық жолмен алынған арам ақшаны заңдас­тыруға барған, терроршыларды қаржыландыруға тартылған, қаржы пирамидасын ұйым­дастырған, клиентінің құнды затын қолға түсіру үшін оны қа­сақана борыш батпағына ба­тырған, яғни заңнамадағы сыйа­қының жылдық тиімді мөлшер­лемесі және борыштық жүктеме коэффициенті бойынша талап­тарды сақтамаған ломбардтар бар болса, әшкереленеді. Заңды аяқ­асты еткен ұйым басшы­лығына жаза қолданылады, ал ломбарды мүлдем жабылады.  

«Гарант 24 Ломбард»: іс қалай өрбуде?

90-жылдардан бері ломбардтар қылмыс әлемін қоректендіретін құрылымдарға айналып кеткені жасырын емес. Қылмыстық жар­гонда «ақша жуу» делінетін, яғни ірі көлемде заңсыз қаржыны жы­лыстатумен шұғылданатын лом­бардтар желісі арамшөптей та­мырын терең жайды. Сорақысы сол, Ұлттық банк ұзақ жылдар бойы бұл саланы қараусыз қал­дырып келген. Тек кейінгі жылда­ры ғана оларды мемлекеттік тір­кеуге алу бағытында іс ілгеріледі, соған қажетті заңнама түзілді. Алайда алаяқтық үшін бәрібір кең өріс қалды. Дәл пандемия және төтенше жағдай қарсаңында осы бизнеске атышулы «Гарант 24 Ломбард» былығы жойқын соққы жасады. Заң жүзінде ешқайсысы жазаға тартылмағанымен, қоғамдық пікір мен ақпарат құралдары осы алаяқтардың қарапайым бұқараны өз торына түсіруіне жәрдемдесіп, жарнамасын ілгерілеткен әнші, актер, блогерлерді аяусыз сынады. Мақтаарал тұрғыны Ерғали Жақсыбайұлы зардап шегушілер атынан ІІМ-ге таяуда жазған хатында олардың атын атап, түрін түстейді: «Барлық әлеуметтік желіде, тіпті қоғамдық көлікте және басқа да тәсілдермен «Гарант 24 Лом­бард» жарнамасы белсенді жүрді. Бұл жобаның дұрыстығын және елге тиімді екенін танымал тұл­ғалар, атап айтқанда вайнерлер Асылбек Темірхан, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Еркінбек Исаев, әнші және актерлер Айқын Төлепберген, Арман Қоңыр, Бағлан Әбдірайымов, Артур Төлепов, Елдос Калабок, Қанат Әлжап­баров, Бота Балабекова, спортшы Қуат Хамитов, блогер Руслан Аса­нов және басқалары мәлімде­ген­діктен, халық оларға қапысыз сенді. Ал бұлар алаяқ компанияның табысы туралы жалған ақпарат таратты, сөйтіп азаматтардың заңды мүд­де­леріне елеулі нұқсан келтірді», – дейді Е.Жақсыбайұлы. Ол құқық қорғау органдарынан «Гарант 24 Ломбард» құрыл­тайшысы Аслан Мырзабековті және оның бірінші құрылтайшысы Әлімжан Құлниязовты, «Выгод­ный займ» құрылтайшысы Жан­болат Есіркеповті, сондай-ақ әзербайжандық Рухил Ибрагимов­ты, компания маркетологтарын, бас менеджерлерін, бас бухгалтер­лерін және басқаларын жауапқа тартуды сұрады. Нұр-Сұлтан қаласының Сы­ғанақ көшесінде тіркелген, елдің көптеген өңірінде бөлімшесі бол­ған «Гарант 24 Ломбард» жалпы саны 2 мыңнан астам адамды алда­ғаны анықталып отыр. Жәбір­лену­шілер саны одан көп болуы ықти­мал. Негізі, коронавирус тақырыбы барлық БАҚ-та басымдыққа айналып, алаяқтыққа қатысты істің әрі қарай қалай өрбігені беймәлім қалды. Оның анық-қанығын өз блогында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев хабарлады.    width= «Биылғы 21 ақпанда аумақтық ішкі істер органдары аталған ЖШС басшыларына қатысты қылмыстық істі тіркеді. Олар 2019 жылдың қыркүйегінен бастап еліміздің бірқатар өңірінде қаржы пирамидасын құрған. Қазіргі уақытта қылмыстық істі Тергеу департаменті өндіріске қабылдап алды. «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Выгодный займ» (Выгодный депозит) жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тіктерінің құрылтайшылары А.Мырзабеков, Н.Елеуов және Ж.Есіркепов ұсталды, сот шеші­мімен бәрі қамауға алынды. Бүгінде тергеу органдары олардың ұрлаған ақшаларын табу және күдіктілердің мүлкін бұғаттау бағы­тында барлық шараларды қабыл­дауда. Бұл зардап шеккен­дердің шығынын өтеу үшін керек», – деді министр Е.Тұрғымбаев. ІІМ басшысы әнші, актер, блогерлер мәселесіне қайта орала­тынын ескертті. Олардың тірлігі Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп ата­латын бабына сәйкес келеді. «Алаяқтық барысында қаса­қана жалған ақпарат тарату факті­лерін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша тіркеу мәселесі барлық қажетті тергеу іс-қимыл­дары жүргізілгеннен кейін қарас­тырылады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Нәтижелері туралы хабарланады», – деді Ішкі істер министрі.  

Әбілқасымованың қатулы жүзі неге жұмсарды?

Өкінішке қарай, билік өкілдері әдеттегідей қолын мезгілінен кеш сермеді. Алаяқтар «ақшаңды 480% өсіріп берем» деп 3-4 ай бойы ха­лықтан жинақ жинаған, жыл­житын-жылжымайтын мүлкін кепілге алған. Тек 2019 жылғы желтоқсанда ғана айналаның бы­лығуына үн қатқан Ұлттық банктің Қызылордадағы филиалы об­лыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолдапты. Оның өзінде «Гарант 24 Ломбард­тың» алаяқтығын айтпайды, «заңсыз банктік қызметпен айна­лысып жүргені» туралы ақпарат­тандырады. Бюрократия созба­лаңға салу, сиырқұйымшақтандыру шебері емес пе? Ақыры қаржылық реттеуші мәртебесінде Ұлттық банкті ауыстырған қаржылық реттеу агенттігінің Ақтөбедегі басқармасы 2020 жылғы ақпанда ғана Gold және «Гарант 24 Лом­бардтың» заңсыз қызметі туралы шағымдарды құқық қорғау орга­нына жолдайды. Қорытын­дысында, Gold ЖШС қызметі доғарылды. «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-на қатысты тергеу жал­ғасты. Ломбардтардың қазақстан­дықтарды жаппай алдауы Мәдина Әбілқасымова басқаратын ұжым­ның ашуын туғызды. Қа­һарына мінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ұйымдар қызметіне бұрын-соңды болмаған қатаң талап енгізді: олар­дың ең төменгі жарғылық және төл капи­талының көлемі артты. Мысалы, 2019 жылғы қарашада бұл сома 50 млн теңгені құрайды деп белгі­ленді. Бірақ биылғы жыл басында агенттік үш мегаполистегі лом­бард­тарға капиталын 100 миллион­ға жеткізу шартын қойды. Сонша ақша тауып, арнайы есепшотқа салмаған ломбард МҚҰ ретінде қайта тіркеле алмайды. Мұның сыртында микроқаржы ұйымы ретінде тіркеуге тұру үшін қажетті құжаттар тізімі ұлғайтыл­ды. Басшыларына және құрылтай­шыларына қойылатын біліктілік талабы күшейтілді. Клиенттердің алтын-күміс және басқа да кепіл­затының бүтін сақталуын қам­тамасыз етпейтін, кеңсесі соған лайық жабдықталмаған ломбард­тарға жабылу қаупі төнді. Респуб­ликалық маңызды қала­лардағы және облыс орталықтарындағы ломбардтар – 2020 жылғы 1 ма­мырға дейін, өзге елді мекендегілер 2020 жылғы 1 маусымға дейін МҚҰ ретінде қайта тіркелуге міндеттелді. Осыны ести сала, өз қызметін адал атқаратын ломбардтар Президент Қ.Тоқаевқа хат жаза бастады. Олар мемлекеттің төтен­ше жағдай кезеңінде халық не­сиесіне үстемеақы есептемеу ту­ралы талабын қалтқысыз орын­дағанын, карантинде жұмысты тоқтатып, табыстан қағылғанын, тиісінше 100 миллион теңге жинай алмайтынын алға тартты. Осыдан кейін М.Әбілқасымо­ва­ның агенттігі жұмсарды. Оның жаңа шешіміне сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін заңды тұлға ретінде тіркелген, елорда, Алматы, Шымкенте, сонымен қатар облыс орталықтарында жұмыс істейтін ломбардтардың жарғылық және жеке капиталы 70 миллион теңге, ал ауыл-аймақтағы­лардікі 30 миллион теңгені құрай­тын болды. МҚҰ ретінде қайта есепке тұ­руға құжат тапсыру мерзімі мега­полистер мен облыс орталығын­дағы ломбардтар үшін биылғы 1 маусымға дейін, басқаларына 15 маусымға дейін ұзартылды. Науқан осы жылғы 1 шілдеде аяқталады. Соған дейін үлгермеген ломбардтарға ғимараттарын босатып, есігіне құлып салуға тура келеді.  

Елдос СЕНБАЙ