Біраз ломбард жазға жетпей қалатын түрі бар: олар халықты несиелендіру және азаматтардан бағалы зат қабылдау мүмкіндігінен толық айырылады. Басқаша айтқанда, жабылады. Мұндай құқық енді тек қаржылық реттеу агенттігінде «микроқаржы ұйымы» (МҚҰ) ретінде қайта тіркеуден өткеніне ғана берілмек. Жаңа мәртебеде тіркелгісі келетіндерге агенттіктің қатаң сынағы әзір. Азаматтардан арыз-шағымның көп түсуіне орай әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтарды кең ауқымды тексеруге кірісті. Осы мақсатта агенттіктің, Ішкі істер министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерінен құралған 39 топ құрылды. Тексеріс алдағы маусым айына дейін жалғасады және ең көп ұйым шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын қамтиды. 1 100 ломбардқа ревизорлар келмек: бұл – жалпы санының 50%-дан астамы. Тексеруші топтар бірінші кезекте Мемлекет басшысының «төтенше жағдай кезеңінде қазақстандықтардың, сондай-ақ шағын және орта бизнес заемдарының негізгі қарызына және сыйақыға үстеме есептеуді тоқтата тұру» туралы тапсырмасы қаншалықты орындалғанын бағамдайды. Әйтпесе, тұрғындар тарапынан кейбір ломбард басшылары карантиннің бүкіл кезеңіне 0,2% үстемеақы есептеп, соны төлеуге мәжбүрлеп жатқаны, оған келіспегендердің кепілзатын кері қайтармайтыны туралы шағымдар түсуде. Бұдан бөлек, жемқорлық не басқа да қылмыстық жолмен алынған арам ақшаны заңдастыруға барған, терроршыларды қаржыландыруға тартылған, қаржы пирамидасын ұйымдастырған, клиентінің құнды затын қолға түсіру үшін оны қасақана борыш батпағына батырған, яғни заңнамадағы сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі және борыштық жүктеме коэффициенті бойынша талаптарды сақтамаған ломбардтар бар болса, әшкереленеді. Заңды аяқасты еткен ұйым басшылығына жаза қолданылады, ал ломбарды мүлдем жабылады.
«Гарант 24 Ломбард»: іс қалай өрбуде?
90-жылдардан бері ломбардтар қылмыс әлемін қоректендіретін құрылымдарға айналып кеткені жасырын емес. Қылмыстық жаргонда «ақша жуу» делінетін, яғни ірі көлемде заңсыз қаржыны жылыстатумен шұғылданатын ломбардтар желісі арамшөптей тамырын терең жайды. Сорақысы сол, Ұлттық банк ұзақ жылдар бойы бұл саланы қараусыз қалдырып келген. Тек кейінгі жылдары ғана оларды мемлекеттік тіркеуге алу бағытында іс ілгеріледі, соған қажетті заңнама түзілді. Алайда алаяқтық үшін бәрібір кең өріс қалды. Дәл пандемия және төтенше жағдай қарсаңында осы бизнеске атышулы «Гарант 24 Ломбард» былығы жойқын соққы жасады. Заң жүзінде ешқайсысы жазаға тартылмағанымен, қоғамдық пікір мен ақпарат құралдары осы алаяқтардың қарапайым бұқараны өз торына түсіруіне жәрдемдесіп, жарнамасын ілгерілеткен әнші, актер, блогерлерді аяусыз сынады. Мақтаарал тұрғыны Ерғали Жақсыбайұлы зардап шегушілер атынан ІІМ-ге таяуда жазған хатында олардың атын атап, түрін түстейді: «Барлық әлеуметтік желіде, тіпті қоғамдық көлікте және басқа да тәсілдермен «Гарант 24 Ломбард» жарнамасы белсенді жүрді. Бұл жобаның дұрыстығын және елге тиімді екенін танымал тұлғалар, атап айтқанда вайнерлер Асылбек Темірхан, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Еркінбек Исаев, әнші және актерлер Айқын Төлепберген, Арман Қоңыр, Бағлан Әбдірайымов, Артур Төлепов, Елдос Калабок, Қанат Әлжапбаров, Бота Балабекова, спортшы Қуат Хамитов, блогер Руслан Асанов және басқалары мәлімдегендіктен, халық оларға қапысыз сенді. Ал бұлар алаяқ компанияның табысы туралы жалған ақпарат таратты, сөйтіп азаматтардың заңды мүдделеріне елеулі нұқсан келтірді», – дейді Е.Жақсыбайұлы. Ол құқық қорғау органдарынан «Гарант 24 Ломбард» құрылтайшысы Аслан Мырзабековті және оның бірінші құрылтайшысы Әлімжан Құлниязовты, «Выгодный займ» құрылтайшысы Жанболат Есіркеповті, сондай-ақ әзербайжандық Рухил Ибрагимовты, компания маркетологтарын, бас менеджерлерін, бас бухгалтерлерін және басқаларын жауапқа тартуды сұрады. Нұр-Сұлтан қаласының Сығанақ көшесінде тіркелген, елдің көптеген өңірінде бөлімшесі болған «Гарант 24 Ломбард» жалпы саны 2 мыңнан астам адамды алдағаны анықталып отыр. Жәбірленушілер саны одан көп болуы ықтимал. Негізі, коронавирус тақырыбы барлық БАҚ-та басымдыққа айналып, алаяқтыққа қатысты істің әрі қарай қалай өрбігені беймәлім қалды. Оның анық-қанығын өз блогында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев хабарлады.Әбілқасымованың қатулы жүзі неге жұмсарды?
Өкінішке қарай, билік өкілдері әдеттегідей қолын мезгілінен кеш сермеді. Алаяқтар «ақшаңды 480% өсіріп берем» деп 3-4 ай бойы халықтан жинақ жинаған, жылжитын-жылжымайтын мүлкін кепілге алған. Тек 2019 жылғы желтоқсанда ғана айналаның былығуына үн қатқан Ұлттық банктің Қызылордадағы филиалы облыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолдапты. Оның өзінде «Гарант 24 Ломбардтың» алаяқтығын айтпайды, «заңсыз банктік қызметпен айналысып жүргені» туралы ақпараттандырады. Бюрократия созбалаңға салу, сиырқұйымшақтандыру шебері емес пе? Ақыры қаржылық реттеуші мәртебесінде Ұлттық банкті ауыстырған қаржылық реттеу агенттігінің Ақтөбедегі басқармасы 2020 жылғы ақпанда ғана Gold және «Гарант 24 Ломбардтың» заңсыз қызметі туралы шағымдарды құқық қорғау органына жолдайды. Қорытындысында, Gold ЖШС қызметі доғарылды. «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-на қатысты тергеу жалғасты. Ломбардтардың қазақстандықтарды жаппай алдауы Мәдина Әбілқасымова басқаратын ұжымның ашуын туғызды. Қаһарына мінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ұйымдар қызметіне бұрын-соңды болмаған қатаң талап енгізді: олардың ең төменгі жарғылық және төл капиталының көлемі артты. Мысалы, 2019 жылғы қарашада бұл сома 50 млн теңгені құрайды деп белгіленді. Бірақ биылғы жыл басында агенттік үш мегаполистегі ломбардтарға капиталын 100 миллионға жеткізу шартын қойды. Сонша ақша тауып, арнайы есепшотқа салмаған ломбард МҚҰ ретінде қайта тіркеле алмайды. Мұның сыртында микроқаржы ұйымы ретінде тіркеуге тұру үшін қажетті құжаттар тізімі ұлғайтылды. Басшыларына және құрылтайшыларына қойылатын біліктілік талабы күшейтілді. Клиенттердің алтын-күміс және басқа да кепілзатының бүтін сақталуын қамтамасыз етпейтін, кеңсесі соған лайық жабдықталмаған ломбардтарға жабылу қаупі төнді. Республикалық маңызды қалалардағы және облыс орталықтарындағы ломбардтар – 2020 жылғы 1 мамырға дейін, өзге елді мекендегілер 2020 жылғы 1 маусымға дейін МҚҰ ретінде қайта тіркелуге міндеттелді. Осыны ести сала, өз қызметін адал атқаратын ломбардтар Президент Қ.Тоқаевқа хат жаза бастады. Олар мемлекеттің төтенше жағдай кезеңінде халық несиесіне үстемеақы есептемеу туралы талабын қалтқысыз орындағанын, карантинде жұмысты тоқтатып, табыстан қағылғанын, тиісінше 100 миллион теңге жинай алмайтынын алға тартты. Осыдан кейін М.Әбілқасымованың агенттігі жұмсарды. Оның жаңа шешіміне сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін заңды тұлға ретінде тіркелген, елорда, Алматы, Шымкенте, сонымен қатар облыс орталықтарында жұмыс істейтін ломбардтардың жарғылық және жеке капиталы 70 миллион теңге, ал ауыл-аймақтағылардікі 30 миллион теңгені құрайтын болды. МҚҰ ретінде қайта есепке тұруға құжат тапсыру мерзімі мегаполистер мен облыс орталығындағы ломбардтар үшін биылғы 1 маусымға дейін, басқаларына 15 маусымға дейін ұзартылды. Науқан осы жылғы 1 шілдеде аяқталады. Соған дейін үлгермеген ломбардтарға ғимараттарын босатып, есігіне құлып салуға тура келеді.Елдос СЕНБАЙ