«Жедел жәрдем кеш келді» куәгер Алматыдағы екі полицейдің қазасы жайлы айтты
«Жедел жәрдем кеш келді» куәгер Алматыдағы екі полицейдің қазасы жайлы айтты
Фото: Интернеттен алынды
197
оқылды
Блок бекеттегі жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановтың жақындары кінәліні әділ жазалауды талап етті. Алматыда екі полицейдің өмірін жалмаған апаттың куәгерлері оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Куәгердің бірі жедел жәрдем жылдам келмеді деп отыр.
«Дала шығып едім, төңірек тұманданып кетіпті. Айқай-шу, біреу айқайлап, біреу жылап жатыр. Көмектесіңдер, тәте дәке, бинт беріңізші деді. Матрас әкеліп, баланы шығардық. Біреуін шығара алмадық. Жедел жәрдем кеш келді, жарты сағаттан кейін келді», – дейді куәгер Фарида Сафарова.
Апаттан көз жұмған екі полицейдің де артында аңырап балалары мен жұбайлары қалды. Марқұм Жарас Жанғазиевтің өсіріп отырған екі қызы болса, Дастан Әбдіқановтың сәбиі жақында ғана қырқынан шыққан. Қайғыдан көкірегі қарс айрылған жақындары кінәлілер жазалануы қажет дейді. «Астана» арнасының хабарлауынша, Полиция департаменті апат салдарынан тағы бір қызметкердің жарақат алғанын айтты. Ауыр соққыдан Ербұлан Сейдазым есімді азаматтың басына зақым келген. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Ережеге бағынбаған азаматтың ішімдік ішкені расталды. Ол – Алатау ауданының тұрғыны. Егер кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.