23 мамыр күні елімізде 322 адам коронавирус жұқтырды. Індетке іліккендердің жалпы саны – 8 531. Дерттен айыққаны – 4 352. Өсім көрсеткіші – 5,1%. 24 мамыр күні 209 адамның вирус жұқтырғаны мәлім. Күнара тіркелген деректі көргенде көкейде бір сұрақ туады. Бұл індеттің екінші думпуі басталғанын нұсқай ма? Иә, мемлекеттік бас санитар бекіткен қаулы бар. Өңірде коронавирус жұқтырған науқастардың өсімі 7 пайыздан асқан жағдайда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және тағы басқа қалаларда шектеу шаралары енгізіледі. Қала мен дала қайта мүлгіп, тіршілік кідіреді. Бас санитар мұның бәрін адамдардың босаңсып кетуімен байланыстырады. Қала тұрғындары сауда мен ойын-сауық кешендеріне, дүкендерге бетпердесіз кіретін болған. Осылай жалғаса берсе, елдегі эпидемиологиялық ахуал қайта уыстан шығатыны белгілі. Дегенмен карантин режимі біртіндеп жеңілдеп келе жатыр. 18 мамырдан елордада сыйымдылығы 30 адамға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары жұмысын бастады. Жұртқа жазғы алаңқайға баруға, саяжайда демалуға мүмкіндік берілді. 25 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы сауда орталықтарының жұмысы жанданады. Оған қоса, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева 50 орынды дәмхана мен мейрамханалар ашылатынын мәлімдеді. Қаулыда көрсетілгендей, залға 50 орындық қойылуы керек және арақашықтығы 2 метр болуы тиіс. Ұжымдық іс-шаралар өткізуге және банкет пен салтанатты залдардың жұмысына тыйым салынады. Қоғамдық орындардың ашылуы эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне әкелмей ме? Күнделікті тұрғындардың вирус жұқтырғаны жөніндегі дерегі індеттің екінші кезеңінің басталғанын білдірмей ме? Нұр-Сұлтан қаласының бас санитары Жанна Пірәлиева мектеп бітіру кеші мен соңғы қоңырау салтанатын өткізуге тыйым салды. Балабақшаларға арнайы талап қойып, қызмет көрсетуін шектеді.
Өңірдегі балабақшалар жұмысын тоқтатты
Ал өңірлердегі жағдайға мән берсек, әлі де карантин режимін жеңілдетпей отырған қалалар бар. Мәселен, Ақтөбеде осымен екінші рет карантин режимін жеңілдету кейінге қалды. Өйткені 23 мамыр күні қалада 18 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жергілікті арнада өткен тікелей эфир кезінде қалада ауру өршіп тұрғанын мәлімдеді. Өсім 7 пайыздан жоғары екенін айтып, 25 мамыр күні карантин режимі жеңілдемейтінін хабарлады. Қала тұрғындарына үйден себепсіз шығуға болмайтынын ескертті. Ал өткен аптада Ақтөбеде балабақшалар жұмысын кейінге шегерген еді. Балабақша демекші, Орал қаласында балабақшалар жұмысын қайта тоқтатты. Батыс Қазақстан облысында карантин мерзімі 15 маусымға дейін ұзарған-ды. Жағдайдың күрделенгеніне қарап, қала әкімдігі карантин режимі аяқталғанша балабақшалардың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған дейін аталған мекеме 20 мамырда жұмысын бастаған. Алайда 3 күннен соң жоғарыдан қайта жабу туралы пәрмен келді. Өйткені облыста 16 адам індетке ілігіп, өсім деңгейі 4,3%-ды көрсетті. Сөйтіп, жауапты орган талапқа сай шешім қабылдады.«Пандемия желтоқсан айында аяқталады»
Бұл – сингапурлық ғалымдардың кешенді зерттеуінің нәтижесі. Еліміздегі бірқатар БАҚ-тар сингапурлық ғалымдардың зерттеу жүргізіп, пандемияның қашан аяқталатынын жазған. Зерттеу «пандемия желтоқсан айында аяқталатынын» көрсетіпті-міс. Алайда кейінірек ғалымдар бұл болжамды жоққа шығарды. Демек, індетті адамзаттың қашан ауыздықтайтыны белгісіз. Белгілісі Австралия, АҚШ пен Қытай коронавирусқа қарсы екпені сынақтан өткізеді. Ал дүниежүзіндегі ахуалға мән берсек, 5,5 миллионға жуық адам індет жұқтырды. 346 мыңнан астам адам қайтыс болып, 2 миллионнан аса науқас айықты. Вирус ең көп тараған елдердің көшін АҚШ бастап тұр. Америкада бір тәулікте 19 мың адам індетке іліккен. Одан кейінгі орында Бразилия мен Ресей тұр. Coronovirus2020.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, ТМД-да коронавирус індеті ең көп анықталған мемлекет – Беларусь. Мұнда науқастардың жалпы саны – 36 198, бір тәуліктегі өсім – 954. Науқастар саны бойынша үштікте Украина (20 986 / +406) мен Қазақстан ( 8 531 / +209) бар.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ