Рейтинг шынайы көрсеткіш емес
Рейтинг шынайы көрсеткіш емес
Жыл басындағы мәлімет бо­йынша, Қазақстанда бар­лы­­ғы 125 жоғары оқу орны жұ­­­мыс істейді. Олардың саны арт­паса, кеміген жоқ. Тіптен, биыл  тағы бір оқу орнына кө­бей­­ген. Бұл 19 миллионға жуық халқы бар біздің мемле­кет үшін тіптен көп. Сан бар, ал сапа ше? Қазір 125 оқу орнында 38 500 оқытушы жұмыс істейді. 604 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Былтырғымен салыс­тыр­ғанда білім алушылар 11,4%-ға, білім берушілер 0,5%-ға көп. 2019 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша жоғары білім беру саласындағы қызмет көрсету көлемі бір жылда 7,1%-ға артқан. Алайда соның 39,8%-ы Алматы, 25,4%-ы Нұр-Сұлтан қала­сына ғана тиесілі екен. Бұдан өзге өңірлердегі оқу орындары көр­сеткішінің төмендігін аңғару қиын емес. Жоғары білім сапасын баға­лау­дың қолайлы, қолжетім­ді құрал­дарының бірі – универ­ситет­тің рейтингі. Рейтингте болу оқу орындарына бедел әкеледі әрі жарнаманың бір түрі десек те болады. Себебі талапкерлер мен олардың ата-аналары, жұмыс берушілер, қорлар, бірлестіктер мен мемле-кеттік органдар хабар­дар болады деген сөз. Бұл бірінші кезекте оқу орны үшін тиімді.  

Халықаралық деңгейдегі орын

Былтыр Қазақстан универ­ситеттері алғаш рет Times Higher Education және Quacquarelli Symonds рейтингтеріне енді. Мәсе­лен, Quacquarelli Symonds-тың топ басында АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария ЖОО-лары тұр. Ал отандық оқу орындарынан осы рейтингке екі ғана университет іліккен. Атап айтсақ, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситеті АҚШ-тың «Дартмут кол­леджі» университетімен және Авс­тралияның Ньюкасл уни­вер­ситетімен бірге 207-орында. Осы рейтингтің Еуропа мен Ор­та­­лық Азияның дамушы елде­рі бойынша бөлімінде әл-Фара­би атындағы қазақ ұлттық уни­вер­ситеті 18-орында. Аталған орын­да Литваның Вильнюс уни­вер­ситеті бар. Бұл рейтингтің б­а­сында Ресей, Эстония, Чехия және Польша елдерінің жоғары оқу орындары тұр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік бі­лім беру QS WUR6 рейтингінде университеттер арасында өткен ТОП-400 жоғары оқу орындары тобына кіреді. Өткен жылы білім ордасы алғаш рет Times Higher Education Young University Rankings жас университеттер рейтингісінің 251-300 тобы аралығындағы меже­ден көрінген. Round University ranking зерттеуі бойынша биыл да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 15 мамырда еліміздегі Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агент­ті­гінің өз зерттеулерін жария етті. Оның қорытындысы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті көш басында екен. Ал осы рейтингте 2-орынға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жайғас­қан. Біздің пайымымызша, аталған оқу орындарының көрсеткіші негізінен талапкерлер мен сту­дент­тер арасында сұранысқа ие болуымен ерекшеленген. Қазіргі таңда өз маман­дығы­мен жұмыс істемейтін қазақ­стан­­дықтардың саны артқан. «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратынша, бұл – ел азаматтарының 60 пайызы. Біз жеке кәсіпкер Ербол Есмағамбетті сөзге тартқан едік. Оның сөзінше, жұмыс берушілердің ұсынысына сай мамандар бола бермейді, әсіресе ауыл шаруашылғы сала­сында. «Мәселен, мен жүз шақты мал асыраймын. Негізінен сүтті сиыр­лар. Басты талап сапалы өнім дейтін болсақ, малдың түрлі аурудан аман болуына мән беруім қажет. Қазір серіктестікте зейнет жасына келген жалғыз мал дәрігері бар. Кәсібім кеңейіп келеді. Екінші маман қажет, еңбекақысы да жақсы. Бітірген мамандар бар, алайда бізге келгісі келмейді», – деді кәсіпкер. Біздің ойымызша, рейтинг нәтижесінде мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу де ескерілуі тиіс секілді.  

Бәсекеге қабілеттілікті бағалау

Ұлттық рейтинг нәтижелерінің жоғары оқу орындарына қатысты мықты және әлсіз жақтарын, мүм­кіндіктері мен тәуекелдерін зерделеу үшін пайдалануға бола­ды. Егер ол шынайы болған жағ­дайда. Университеттердің қабі­лет­тілігі сол оқу орнының өзі бер­ген ақпараттарына негізделіп жасалатындығын ескерсек, әділ, талапқа сай рейтинг жүргізілді деп айту қиын. Елімізде жоғары оқу орындарының қарым-қабі­летін анықтауда жаңаша бағамдау қажет екенін көрсетеді. Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағ­дар­­ламасы бар. Енді аталған бағ­дарлама негізінде ЖОО қан­ша­лықты бәсекеге қабілетті екені үш негізде айқындалмақ. «Ха­лықа­ралық деңгейде бәсекеге қа­бі­летті», «Ұлттық деңгейде бәсе­ке­ге қабілетті» және «Өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті» деген атаумен сараланады. Екіншіден, білім сапасын арттыруда шет елдік тәжірибе алмасудың орны бөлек. Алдағы уақытта үздік уни­верситеттерге шетелден оқыту­шылар мен студенттер тарту жұ­мысы жалғасады, яғни жоға­ры білім берудің көрсеткіші жо­ғары оқу орындарының ин­тер­­националдануына қарай анық­талмақ. Өйткені бұл ең алдымен рейтинг қуу үшін емес, жоғары білім беру жүйесін дамытуда, білім сапасын арттыру үшін аса қажет. Қорыта айтқанда, еліміздегі жо­­ғары оқу орындары жайлы сырт­­тай берілген цифрлар мен зерт­­теулер білім көрсеткішін белгілі бір дәрежеде анықтайтын болар. Бастысы, профессор-оқытушы құрамының ғылыми-педа­гогикалық потенциалы жоға­ры болуында және қазіргі заманға сай шығармашылыққа бейім мамандарды даярлау екенін ұмытпағанымыз абзал.  width= Жанар ТАЛАСПАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Академиялық сұрақтар бойынша проректорының міндетін атқарушы:  – Түлектерді даярлау сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­ру бағытында жұмыс істеп келе­міз. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жыл сайын өткізілетін Бі­лім сапасын қамтамасыз ету бо­йынша тәуелсіз агенттігі жоға­ры оқу орындарының бас рей­тин­гі­с­іне қатысады. Аталған рейтинг қорытындысы бойынша біздің университет Қазақстанның ең үздік 10 ЖОО қатарына енді. Был­тыр «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының білім беру бағ­дарламаларының рейтингіне 36 білім беру бағдарламасы қа­ты­­сып, оның 9-ы жүлделі бол­ды. 2018 жылдан бастап Ак­кре­­диттеу және рейтингтің тә­­уел­­сіз агенттігі Қазақстан жо­ға­ры оқу орындарының бас рей­­тин­гісінің қорытындысын шы­­ғара бастады. Қозыбаев атын­дағы СҚМУ Топ-20-ға кіреді. Ал ҚМК Emerging Europeand Central Asia рейтингісі бойынша биыл 350-орындамыз. Бәсекеге қа­білетті мамандарды даярлау басты міндет, ал алған мамандыққа сәйкес түлектерді жұмысқа орна­лас­тыру – университеттің негізгі бағыттарының бірі. Бітірушілердің дені мамандық бойынша жұмысқа тұрады. Университет өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, «Жұ­мыс­пен қамту орталығымен» бай­ла­ныста, жұмыс таба алмағандары аталған орталықтарға жүгіне ала­ды. Студенттер мен түлектер жұ­мысқа орналасу мәселелері бо­йынша бос жұмыс орындары туралы қажетті ақпарат ала алады.  width= Аслан ӘЛІМБАЕВ, Еуразия гуманитарлық институтының оқытушысы: – Тәуелсіз аккредиттеу ұйым­да­ры арқылы жүргізілетін рей­тинг талаптарын орындау үшін оқы­тушылардың жұмысын қағаз­бас­тылыққа, сападан гөрі санға әкеп соғып жатқаны рас. Том-том есептер негізінде рейтинг жасау сапалы ма? «Есепте көрсетілген ақпарат шынайы ма?» деген сауал туындайды. Аталған мәселе оқы­ту­шылардың кәсіби қызметіне кері әсерін тигізетін тұстары да бар. Күнделікті дәрісіне, ғы­лы­ми жұмысына бөлу керек уа­қы­тын кафедраның ғылыми жұ­мыстарын, тәрбие жұмыстарын, түлек­тердің жұмыспен қамтылуы, оқы­тушылардың біліктілігін арттыруы секілді түрлі ақпаратты жүйелеумен бірталай уақытын сарп етеді. Артық есеп пен қа­ғаз­­бастылықтан құтылу үшін рей­тинг жасайтын ұйымдар бі­лім ордаларының тек ресми сайт­тары мен әлеуметтік желі парақ­ша­ларында көрсетілген ақпарат негізінде жасаса деген ұсыныс. Бұл білім ордаларының тыныс-тіршілігін, жетістіктерін, білім беру бағдарламаларының бәсе­кеге қабі­леттілігін, про­фес­сор-оқы­ту­шылар құрамы­ның кәсіби ше­берлігін көрсетеді деп ойлай­мын.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=