Жыл басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда барлығы 125 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Олардың саны артпаса, кеміген жоқ. Тіптен, биыл тағы бір оқу орнына көбейген. Бұл 19 миллионға жуық халқы бар біздің мемлекет үшін тіптен көп. Сан бар, ал сапа ше? Қазір 125 оқу орнында 38 500 оқытушы жұмыс істейді. 604 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Былтырғымен салыстырғанда білім алушылар 11,4%-ға, білім берушілер 0,5%-ға көп. 2019 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша жоғары білім беру саласындағы қызмет көрсету көлемі бір жылда 7,1%-ға артқан. Алайда соның 39,8%-ы Алматы, 25,4%-ы Нұр-Сұлтан қаласына ғана тиесілі екен. Бұдан өзге өңірлердегі оқу орындары көрсеткішінің төмендігін аңғару қиын емес. Жоғары білім сапасын бағалаудың қолайлы, қолжетімді құралдарының бірі – университеттің рейтингі. Рейтингте болу оқу орындарына бедел әкеледі әрі жарнаманың бір түрі десек те болады. Себебі талапкерлер мен олардың ата-аналары, жұмыс берушілер, қорлар, бірлестіктер мен мемле-кеттік органдар хабардар болады деген сөз. Бұл бірінші кезекте оқу орны үшін тиімді.
Халықаралық деңгейдегі орын
Былтыр Қазақстан университеттері алғаш рет Times Higher Education және Quacquarelli Symonds рейтингтеріне енді. Мәселен, Quacquarelli Symonds-тың топ басында АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария ЖОО-лары тұр. Ал отандық оқу орындарынан осы рейтингке екі ғана университет іліккен. Атап айтсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті АҚШ-тың «Дартмут колледжі» университетімен және Австралияның Ньюкасл университетімен бірге 207-орында. Осы рейтингтің Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдері бойынша бөлімінде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті 18-орында. Аталған орында Литваның Вильнюс университеті бар. Бұл рейтингтің басында Ресей, Эстония, Чехия және Польша елдерінің жоғары оқу орындары тұр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік білім беру QS WUR6 рейтингінде университеттер арасында өткен ТОП-400 жоғары оқу орындары тобына кіреді. Өткен жылы білім ордасы алғаш рет Times Higher Education Young University Rankings жас университеттер рейтингісінің 251-300 тобы аралығындағы межеден көрінген. Round University ranking зерттеуі бойынша биыл да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 15 мамырда еліміздегі Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің өз зерттеулерін жария етті. Оның қорытындысы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көш басында екен. Ал осы рейтингте 2-орынға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жайғасқан. Біздің пайымымызша, аталған оқу орындарының көрсеткіші негізінен талапкерлер мен студенттер арасында сұранысқа ие болуымен ерекшеленген. Қазіргі таңда өз мамандығымен жұмыс істемейтін қазақстандықтардың саны артқан. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратынша, бұл – ел азаматтарының 60 пайызы. Біз жеке кәсіпкер Ербол Есмағамбетті сөзге тартқан едік. Оның сөзінше, жұмыс берушілердің ұсынысына сай мамандар бола бермейді, әсіресе ауыл шаруашылғы саласында. «Мәселен, мен жүз шақты мал асыраймын. Негізінен сүтті сиырлар. Басты талап сапалы өнім дейтін болсақ, малдың түрлі аурудан аман болуына мән беруім қажет. Қазір серіктестікте зейнет жасына келген жалғыз мал дәрігері бар. Кәсібім кеңейіп келеді. Екінші маман қажет, еңбекақысы да жақсы. Бітірген мамандар бар, алайда бізге келгісі келмейді», – деді кәсіпкер. Біздің ойымызша, рейтинг нәтижесінде мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу де ескерілуі тиіс секілді.Бәсекеге қабілеттілікті бағалау
Ұлттық рейтинг нәтижелерінің жоғары оқу орындарына қатысты мықты және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен тәуекелдерін зерделеу үшін пайдалануға болады. Егер ол шынайы болған жағдайда. Университеттердің қабілеттілігі сол оқу орнының өзі берген ақпараттарына негізделіп жасалатындығын ескерсек, әділ, талапқа сай рейтинг жүргізілді деп айту қиын. Елімізде жоғары оқу орындарының қарым-қабілетін анықтауда жаңаша бағамдау қажет екенін көрсетеді. Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бар. Енді аталған бағдарлама негізінде ЖОО қаншалықты бәсекеге қабілетті екені үш негізде айқындалмақ. «Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті», «Ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті» және «Өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті» деген атаумен сараланады. Екіншіден, білім сапасын арттыруда шет елдік тәжірибе алмасудың орны бөлек. Алдағы уақытта үздік университеттерге шетелден оқытушылар мен студенттер тарту жұмысы жалғасады, яғни жоғары білім берудің көрсеткіші жоғары оқу орындарының интернационалдануына қарай анықталмақ. Өйткені бұл ең алдымен рейтинг қуу үшін емес, жоғары білім беру жүйесін дамытуда, білім сапасын арттыру үшін аса қажет. Қорыта айтқанда, еліміздегі жоғары оқу орындары жайлы сырттай берілген цифрлар мен зерттеулер білім көрсеткішін белгілі бір дәрежеде анықтайтын болар. Бастысы, профессор-оқытушы құрамының ғылыми-педагогикалық потенциалы жоғары болуында және қазіргі заманға сай шығармашылыққа бейім мамандарды даярлау екенін ұмытпағанымыз абзал.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ