Мына жұрт Ләйлә қызды біле ме екен?..
Мына жұрт Ләйлә қызды біле ме екен?..
550
оқылды
– Ешкімге мұндай мінез берілмеген, Күнім ең көптен бері көрінбеген Мен қазір көз салмаймын айналаға, Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана. Бұл – қазақтың дарынды ақыны Жұматай Жақыпбаевтың өлеңі. Және Жұ­мекең өмір бойы өлең циклдарының көбін Ләйлә деп атаған... Ал біздің Ләйлә Ақназарқызы Бекназар – бүгінде елорда­дағы елге танымал актриса. Атақ-абы­ройы бар... Қ.Қуанышбаев театрының актрисасы... Кинода да танымал... Өнер университетінде профессор. Шәкірт­те­рінің өзі бүгінде көпке танымал тұлға боп қалды... Алайда көпшілік Ләйләні біле бермейді. Мінезі сатыр-гүтір... Кейде айтып жібереді...Тіпті, қатты айтады. Бірақ артынан өзі өкініп қалады. Жалпы, жұрт күнделікті тұрмыста, асығыс-үсігіс заманда біреуге зер салып жатқан жоқ. Оның үстіне, Ақназардың Ләйләсі шоу-бизнестің адамы емес. Әлеуметтік желіде де жұрт сияқты жарысып оны-мұны тізбектеп жаза бермейді. Сондықтан да Ләйлә құпия... Жан дүниесін, ішкі әле­мін ешкімге айтпайды. Айтқысы да кел­мейді. Ал мұқият қарасаң, Ләйләнің көзінде мұң бар... Иә, иә... Қайдағы мұң дерсіз? Қайдағы дерт деп айтарсыз... Ол Ләйләнің кеудесіндегі кептеліп қалған, ешкіммен бөліспейтін сырлары... Әйел ретіндегі, ана ретіндегі, актриса ретіндегі құпиялары... Әсіресе, әкесі Ақназар жайлы әңгімелері көп айтылмайтын қымбат дүниелер. Аппақ құба келген, қолаң шашы тірсегіне түскен жас келіншек Шәриман екі сәбиімен жесір қалды. 25-ке толар-толмас жары қыршыннан қиылды. Нағыз өмірдің, отбасының, жардың да қызығын қызықтау Шәриманға жазба­ғандай. Әсіресе, әлі аяғына тұрмаған үйелмелі-сүйелмелі екі кішкентай бала­ларын қалай өсіреді? Осындайда атам қазақтың салт-дәстүрі ойға келеді. Қан­дай мейірімділік. Қандай отбасылық философия. Қандай гуманизм. «Ерден кетсең де, елден кеткізбеген» қазақы дәс­түр бойынша жас келіншек қайын аға­сына қосылған. Екі баланы жетім етуге болмайды. Ақназардың бәйбішесі қыр­ғыз қызы болатын. Алайда Ақназар ата дәстүрден аттаған жоқ. Өмірге үйелмелі-сүйелмелі үш бала келген. Ләйлә – ең кенжесі. Ақназар екі иығына екі кісі мінгендей батыр денелі, мінезі тік, бетің бар, жүзің бар дегенді білмейтін өр мінезді болыпты. Ләйлә екі жасында жетім қалды. Мүмкін сондықтан болар, Ләйлә әкенің ыстық алақанын, оның мейірімін көрген емес... Тек түсінде кө­ретін, дәл өңіндей, онда да өте сирек. Соғыстан кейінгі кезеңдердің зардабы 70-жылдардың аяғына дейін созылғаны белгілі. Әсіресе, ер азаматынан айырыл­ған әйелге өте ауыр еді. 5 баланы аяққа тұрғызу, ол да ерлікке пара-пар. Қазақ­станның Халық артисі, М.Әуезов атын­дағы драма театрындағы Камал Қармысов Ақназарға туыс, жақын боп келеді. Олар да – сонау Бекназардың жақындары. Камал Қармысов Шәриманды бір күні Алматыға көшірген. Кішкентай екі бала­ны интернатқа орналастырды. Жалпы, Камал өте қарапайым, елгезек, ақкөңіл кісі-тін. Ләйлә мен бауыры Киров кө­ше­сіндегі мектеп-интернатқа осылай келді. Анасы күндіз вокзалда оны-мұны сатса, кешке ағасы орналастырған М.Әуезов театрының гардеробында іс тейді, не болмаса басқа жұмысқа кіреді. Ләйлә осылай бала кезден әкемтеатрда өсті, бойжетті. Соғыс кезінде кішкентай бала­ларды «Сын полка» деп атайтын. Ләйлә да дәл сондай болды. Күнде кешке спек­такль көреді. Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Е.Өмірзақов. Қ.Бадыров, С.Майқанова, Ф.Шарипова, А.Әшімов, Ы.Ноғайбаев сияқты аға-әпкелерін көріп, зерек боп өсті. Тек қана әйелдердің сөзін ғана емес, кейде бүкіл спектакльдің сөздерін жатқа айтып отыратын. Ләйлә ұзын бойлы, аққұба, талдыр­маш, әдемі қыз боп бой жеткенде оның актриса болатынына ешкім шүбә келтір­ген жоқ. КСРО Халық артисі Х. Бөкеева­ның курсына түсті. Хадиша ұстазы Ле­нин­градта оқыған, өте кірпияз, эстет актриса болатын. Хадиша апай ауылдан келген жастарға, тек сахнаның сырын үйретіп қоймайтын. Ол кісі аристократ­тықты, кербездікті, сәндік қасиеттерді шәкірт жанына сіңіре білді. Ләйлә 1-курста оқып жүріп киноға түскен. Алғашқы тырнақалды киносы – Мұрат Омаровтың «Үскірік» фильмі. Ләйлә түсіру алаңында қалай дайындалуды, қалай дубль жасауды үйренді. Бұл фильм Мұрат Омаровтың алғашқы фильмі болатын. Көп ұзамай Амангелді Тәжібаев Бейімбет Майлиннің шығармалары бо­йынша «Күзет бастығы» фильміне ша­қырды. Кезіндегі сахнада қол жетпейтін апасы Сәбира Майқанова, Қасым Жәкі­баев сияқты әртістермен қатар Сердеш Қажығалиев, Димаш Ахимов, Нұрлан Есімғалиев сияқты ВГИК-тан келген әртістермен әріптес болды. Айтпақшы, Ләйләнің тұрмысқа шы­ғуы да қызық болды. Жастықтың аты – жастық. Ол ешқандай заңға, декан, рек­тордың бұйрығына да бағынбайды. Әсіре көктем қыз көңілін көтерген. Қыз-көктем деген басқа дүние... Ләйлә да сол көктемге ғашық болды. Әсіресе, си­рень­ге. Оның хош иісі... Терезенің алдындағы сирень гүлі, көктемдегі найзағайдың жарқылы мен жауыны талдырмаш қызды басқа әлемге сүйреген... Қиялы ақ көбікті теңіздің жағасында жалғыз өзі түнде суға шомылсам дей ме? Өзі де білмейді...Білетіні – бұрын білмеген, көрмеген, бейтаныс дүниеге, басқа әлемге кеткісі келгені... Жоғары курстағы факультеттің қыздары бірінен-соң бірі отау құрып, күйеуге тие бастады. Құрбысы Раушан Кереева да өзінен бір курс төмен оқыған Ақыш Омарға тұрмысқа шыққан. Ол кездегі той ерекше еді. Ләйләның бұған дейін бірде-бір жақын туысы, болмаса құрбысы тұрмыс құрмаған еді. Өзінің досы Раушан ақ фата, ақ көйлек кигенде, қандай әдемі болып құлпырып кетті. Тура аққудай... Ләйлә сол кеште көпке дейін ұйықтамаған. Апырай, қандай әдемілік, қандай жарасамдылық! Шіркін-ай, мен де тұрмысқа шықсам қандай керемет болар еді... Шынында да онда тұрған не бар? Оның үстіне, киноға түсіп жүрген «красавицаға» көз салушылар да, сөз салушылар да же­терлік.. Иә, сонымен Ләйлә да әдемі көйлек кигісі келген. Ләйлә ойламаған жерден, өзінен екі курс жоғары Мұратқа тұрмысқа шықты... Үй болды. Келін атанып, бір әулетке бір-ақ күнде туыс боп шыға келді. Уақыт зырлап өте берді. Үй ішіндегі анда-санда болатын ыдыс-аяқтың сыл­дыры соңғы кезде көбейе түсті. Ләйлә өзі­­нің жасаған қателігін енді ғана түсінді. Күйеуге тию бір басқа да, сүю бір басқа еке­нін енді ғана ұққандай... Тұрмыс құру – ақ көйлек, ақ фата кию емес екенін... Өмір­дің өз режиссері, өз драматургі ба­рын... Әрі мұнда екінші «состав» жоқ еке­нін енді ғана ұққан. Оның жанын же­гідей жеген отбасындағы кикілжің емес... Ол бала кезден армандаған сахна­дан бірте-бірте алыстап бара жатқаны еді. Ләйлә сол түні көз ілмеді. Енді кешіксе, театрмен біржола қош айтысатынына көзі жетті. «Өмірім өнерім үшін» деген шешімге келді. Осы кезде өзінің екінші ұстазы, Мәскеуде оқыған интеллектуал Дәмеш Арынға­зиева сол кезде А. Вам­пи­ловтың «Тұңғыш ұл» спектаклін Әуезов театрында сахналап жатқанын айтқан. Дәмеш Рахманқұлқызы телефон шалып, басты рөл Нинаға ша­қыр­ғанда төбесі көкке екі елі тимей қал­ды. Алайда Ләйлә бара алмады. Үйдегі туфлиін таппай қалды. Кім тыққанын білсе де, үндеген жоқ. Сол жолы театрға орналасудың жолы түспеді. Осындай күн­дердің бірінде Ләйлә спектакльге барған. Үзілісте Әзер­байжан Мәмбетовті көрген. Амандасып, шүйіркелескен соң Әзекең оны театрға шақырды. Ләйлә сенер-сенбесін білмей, қуанғаннан құшақтап сүйе жаздады. Әр тасын, әр бұрышын, әр шамын бала кезден жатқа білетін Ләйлә­ны өнердің қара шаңырағы «Әкемтеатр» жатсынбай, жылы шыраймен қарсы алды. Жас актри­са имене жүріп, сахнаның қыр-сырын тез игере бастады. Театр – ол тек артистер ғана емес, ол – драматургия, режиссура­мен қоса, ол – сенің оқыған, тоқыған білімің, тәжірибең екенін жақсы білді. Т.Ахтановтың «Жоғалған досын­да» – Ғалия, С.Сматаев «Жұлдызым менің жо­ғарыда» – Шолпан, Б.Мұқай «Тоят түні» –Баян, М.Әуезов «Айман-Шолпан» – Шол­пан, И.Ғайып «Мен іш­пеген у бар ма?» – Әйгерім, «Шыңғыс хан» – Құлан, У.Шекспир «Асауға тұсау» – Ка­тарина, Б.Атабаев, А.Тасымбеков «Ке­бенек ки­ген арулар» – Жәния, Володин «Ке­сірт­ке» – әнші, Е.Аманшаев «Сұлтан болсам егер мен» – Зарина, Е.Шварц «Күл­ше қыз» – Күлше қыз, Ш.Хусайнов «Үкілі Ыбырай» – Алтын, «Парсы аңыз­дары» – Зарина, М.Байжиев «Қалыңдық пен кү­йеу» – қалыңдық, тағы басқа рөл­дерін ерекше атап айтуға болады. Ғашықтық – Алладан. Сүйе білу де – үлкен өнер. Бұл сенің паспортыңдағы мөрге де, сенің отбасыңа да, партиялық көзқарасыңа қарамайды. Өйткені бұл – сезім... Ғашықтық сезім...Жасқа да қара­майды. Ол өзінен үлкен кісі-тін. Ма­хаббат – сезім! Бұл – ұлы күш. Оған әлемдегі небір мықтылар да, батырлар да, ақындар да бас иген. Алайда өмірдің өз заңы бар. Табиғаттың заңы – ешнәрсе мәңгі емес. Сергелдең де, сезім де, сүю де, күю де... Бір күні Александр Гринның «Алые парусасындағы» Ассольдай жағада жалғыз қала берді. Алқызыл желкен, басқа айдынға, өзге жанмен қол бұлғап кете барды... Бұл Ләйләның тірідей өлген күні, үмітінің сөнген күні болатын. Ләй­лә қыз солай өмірден де, сахнадан да, сүйік­тісінен де көңілі қалды... Ол бәрін соған құрбан етті емес пе? Отбасын да, жалы­нын да, жастығын да соған арнаған жоқ па? Қауым жұрттың бәрі үлкен кісіге қол соғып, «Құсың құтты болсын» деп жат­қанда өксіген тек Ләйлә ғана еді. «Бол­ды, болды.... Рақмет бәріне... Екі қо­лымды төбеме қойып, тентіреп кетсем бе екен» деген сонда Ләйлә. Мынау аппақ дүние­ден көңілі қалған әдемі келіншек бір кеште режиссер Юрий Ханингамен та­нысқан. Соған тұрмысқа шыққан. Жал­пы, Ләйләнің жолы болғыш. Ылғи пе­ріш­­тесі қолдап, қорғап жүреді. Дәл сол кезде әлемге танымал М.Әуезовтің көр­кем­дік жетекшісі Әзербайжан Мамбетов өз теат­рынан қуылып далада қалған бо­латын. Оны қуған, өзі өсірген, өзі баулы­ған, киносына түсірген өз шәкірті бола­тын. Өмір осымен қызық...осымен шы­жық... Бірақ бір бастық қуды деп, Әзе­кең­ді ел-жұрты далаға тастаған жоқ. Әзекеңді Ас­танаға Қ.Қуанышбаев теат­ры­на ша­қырған. Басына үй, өнеріне күй беріп, кеудесіне Елбасы «Алтын Жұлдыз» тақ­қан. Әзекең жас театрды күшейтуге ты­рысты. Алматыдан Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Әспетованы ша­қыр­ды. Ләйләны да «Маған келсеңші» деген. Бұл Ләйлә үшін нағыз бақыт, шын қуаныш еді. Қазақстанның Еңбек сіңір­ген қай­раткері Ләйлә Бекназар – осы театрдың белгілі актрисасы. Ләйлә баяғыдай қашан көрсең де ашық жарқын. Дабырлап сөйлеп, ба­зардан базарлық әкелген апалардай ала­қаны ашық... Алайда маған бәрі басқаша секілді... Ол Ләйләның жана­рындағы бір мұң... Оның не екенін еш­кім білмейді. Өзі де ешкімге сыр аш­пайды. Және аш­қысы да келмейді. Бұл мұң жеке басында ма, әлде «театр» атты тартыс па? Білмей­мін... Білетінім – Ләйлә актриса, қазір өнер атынан түс­кен жоқ. Оның көкпары әлі алда. Өйткені Ләйлә өзі түскен көк­парды да, Өнер сүйген жұртты да қуан­тары хақ. Қазір Ләйлә – жігері жасы­ма­ған, ар­маны алда, өзіне сенімді сұлудың бірі. Алайда Ләйләның түсіне соңғы кез­де ылғи сирень кіреді... Белгісіз бір кө­рермен бір құшақ сиреньді оған сый­лап жатады... Қош иісті... Нағыз жұпар... – Сұлулық талант жанымның, Қойғанды саған дарыны, Өспірім менің шағымның Өшпеген жалғыз жалыны. Бұл да – Жұматай. Бұдан артық сөздің де қажеті жоқ шығар...  

Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық әртісі