– Ешкімге мұндай мінез берілмеген, Күнім ең көптен бері көрінбеген Мен қазір көз салмаймын айналаға, Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана. Бұл – қазақтың дарынды ақыны Жұматай Жақыпбаевтың өлеңі. Және Жұмекең өмір бойы өлең циклдарының көбін Ләйлә деп атаған... Ал біздің Ләйлә Ақназарқызы Бекназар – бүгінде елордадағы елге танымал актриса. Атақ-абыройы бар... Қ.Қуанышбаев театрының актрисасы... Кинода да танымал... Өнер университетінде профессор. Шәкірттерінің өзі бүгінде көпке танымал тұлға боп қалды... Алайда көпшілік Ләйләні біле бермейді. Мінезі сатыр-гүтір... Кейде айтып жібереді...Тіпті, қатты айтады. Бірақ артынан өзі өкініп қалады. Жалпы, жұрт күнделікті тұрмыста, асығыс-үсігіс заманда біреуге зер салып жатқан жоқ. Оның үстіне, Ақназардың Ләйләсі шоу-бизнестің адамы емес. Әлеуметтік желіде де жұрт сияқты жарысып оны-мұны тізбектеп жаза бермейді. Сондықтан да Ләйлә құпия... Жан дүниесін, ішкі әлемін ешкімге айтпайды. Айтқысы да келмейді. Ал мұқият қарасаң, Ләйләнің көзінде мұң бар... Иә, иә... Қайдағы мұң дерсіз? Қайдағы дерт деп айтарсыз... Ол Ләйләнің кеудесіндегі кептеліп қалған, ешкіммен бөліспейтін сырлары... Әйел ретіндегі, ана ретіндегі, актриса ретіндегі құпиялары... Әсіресе, әкесі Ақназар жайлы әңгімелері көп айтылмайтын қымбат дүниелер. Аппақ құба келген, қолаң шашы тірсегіне түскен жас келіншек Шәриман екі сәбиімен жесір қалды. 25-ке толар-толмас жары қыршыннан қиылды. Нағыз өмірдің, отбасының, жардың да қызығын қызықтау Шәриманға жазбағандай. Әсіресе, әлі аяғына тұрмаған үйелмелі-сүйелмелі екі кішкентай балаларын қалай өсіреді? Осындайда атам қазақтың салт-дәстүрі ойға келеді. Қандай мейірімділік. Қандай отбасылық философия. Қандай гуманизм. «Ерден кетсең де, елден кеткізбеген» қазақы дәстүр бойынша жас келіншек қайын ағасына қосылған. Екі баланы жетім етуге болмайды. Ақназардың бәйбішесі қырғыз қызы болатын. Алайда Ақназар ата дәстүрден аттаған жоқ. Өмірге үйелмелі-сүйелмелі үш бала келген. Ләйлә – ең кенжесі. Ақназар екі иығына екі кісі мінгендей батыр денелі, мінезі тік, бетің бар, жүзің бар дегенді білмейтін өр мінезді болыпты. Ләйлә екі жасында жетім қалды. Мүмкін сондықтан болар, Ләйлә әкенің ыстық алақанын, оның мейірімін көрген емес... Тек түсінде көретін, дәл өңіндей, онда да өте сирек. Соғыстан кейінгі кезеңдердің зардабы 70-жылдардың аяғына дейін созылғаны белгілі. Әсіресе, ер азаматынан айырылған әйелге өте ауыр еді. 5 баланы аяққа тұрғызу, ол да ерлікке пара-пар. Қазақстанның Халық артисі, М.Әуезов атындағы драма театрындағы Камал Қармысов Ақназарға туыс, жақын боп келеді. Олар да – сонау Бекназардың жақындары. Камал Қармысов Шәриманды бір күні Алматыға көшірген. Кішкентай екі баланы интернатқа орналастырды. Жалпы, Камал өте қарапайым, елгезек, ақкөңіл кісі-тін. Ләйлә мен бауыры Киров көшесіндегі мектеп-интернатқа осылай келді. Анасы күндіз вокзалда оны-мұны сатса, кешке ағасы орналастырған М.Әуезов театрының гардеробында іс тейді, не болмаса басқа жұмысқа кіреді. Ләйлә осылай бала кезден әкемтеатрда өсті, бойжетті. Соғыс кезінде кішкентай балаларды «Сын полка» деп атайтын. Ләйлә да дәл сондай болды. Күнде кешке спектакль көреді. Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Е.Өмірзақов. Қ.Бадыров, С.Майқанова, Ф.Шарипова, А.Әшімов, Ы.Ноғайбаев сияқты аға-әпкелерін көріп, зерек боп өсті. Тек қана әйелдердің сөзін ғана емес, кейде бүкіл спектакльдің сөздерін жатқа айтып отыратын. Ләйлә ұзын бойлы, аққұба, талдырмаш, әдемі қыз боп бой жеткенде оның актриса болатынына ешкім шүбә келтірген жоқ. КСРО Халық артисі Х. Бөкееваның курсына түсті. Хадиша ұстазы Ленинградта оқыған, өте кірпияз, эстет актриса болатын. Хадиша апай ауылдан келген жастарға, тек сахнаның сырын үйретіп қоймайтын. Ол кісі аристократтықты, кербездікті, сәндік қасиеттерді шәкірт жанына сіңіре білді. Ләйлә 1-курста оқып жүріп киноға түскен. Алғашқы тырнақалды киносы – Мұрат Омаровтың «Үскірік» фильмі. Ләйлә түсіру алаңында қалай дайындалуды, қалай дубль жасауды үйренді. Бұл фильм Мұрат Омаровтың алғашқы фильмі болатын. Көп ұзамай Амангелді Тәжібаев Бейімбет Майлиннің шығармалары бойынша «Күзет бастығы» фильміне шақырды. Кезіндегі сахнада қол жетпейтін апасы Сәбира Майқанова, Қасым Жәкібаев сияқты әртістермен қатар Сердеш Қажығалиев, Димаш Ахимов, Нұрлан Есімғалиев сияқты ВГИК-тан келген әртістермен әріптес болды. Айтпақшы, Ләйләнің тұрмысқа шығуы да қызық болды. Жастықтың аты – жастық. Ол ешқандай заңға, декан, ректордың бұйрығына да бағынбайды. Әсіре көктем қыз көңілін көтерген. Қыз-көктем деген басқа дүние... Ләйлә да сол көктемге ғашық болды. Әсіресе, сиреньге. Оның хош иісі... Терезенің алдындағы сирень гүлі, көктемдегі найзағайдың жарқылы мен жауыны талдырмаш қызды басқа әлемге сүйреген... Қиялы ақ көбікті теңіздің жағасында жалғыз өзі түнде суға шомылсам дей ме? Өзі де білмейді...Білетіні – бұрын білмеген, көрмеген, бейтаныс дүниеге, басқа әлемге кеткісі келгені... Жоғары курстағы факультеттің қыздары бірінен-соң бірі отау құрып, күйеуге тие бастады. Құрбысы Раушан Кереева да өзінен бір курс төмен оқыған Ақыш Омарға тұрмысқа шыққан. Ол кездегі той ерекше еді. Ләйләның бұған дейін бірде-бір жақын туысы, болмаса құрбысы тұрмыс құрмаған еді. Өзінің досы Раушан ақ фата, ақ көйлек кигенде, қандай әдемі болып құлпырып кетті. Тура аққудай... Ләйлә сол кеште көпке дейін ұйықтамаған. Апырай, қандай әдемілік, қандай жарасамдылық! Шіркін-ай, мен де тұрмысқа шықсам қандай керемет болар еді... Шынында да онда тұрған не бар? Оның үстіне, киноға түсіп жүрген «красавицаға» көз салушылар да, сөз салушылар да жетерлік.. Иә, сонымен Ләйлә да әдемі көйлек кигісі келген. Ләйлә ойламаған жерден, өзінен екі курс жоғары Мұратқа тұрмысқа шықты... Үй болды. Келін атанып, бір әулетке бір-ақ күнде туыс боп шыға келді. Уақыт зырлап өте берді. Үй ішіндегі анда-санда болатын ыдыс-аяқтың сылдыры соңғы кезде көбейе түсті. Ләйлә өзінің жасаған қателігін енді ғана түсінді. Күйеуге тию бір басқа да, сүю бір басқа екенін енді ғана ұққандай... Тұрмыс құру – ақ көйлек, ақ фата кию емес екенін... Өмірдің өз режиссері, өз драматургі барын... Әрі мұнда екінші «состав» жоқ екенін енді ғана ұққан. Оның жанын жегідей жеген отбасындағы кикілжің емес... Ол бала кезден армандаған сахнадан бірте-бірте алыстап бара жатқаны еді. Ләйлә сол түні көз ілмеді. Енді кешіксе, театрмен біржола қош айтысатынына көзі жетті. «Өмірім өнерім үшін» деген шешімге келді. Осы кезде өзінің екінші ұстазы, Мәскеуде оқыған интеллектуал Дәмеш Арынғазиева сол кезде А. Вампиловтың «Тұңғыш ұл» спектаклін Әуезов театрында сахналап жатқанын айтқан. Дәмеш Рахманқұлқызы телефон шалып, басты рөл Нинаға шақырғанда төбесі көкке екі елі тимей қалды. Алайда Ләйлә бара алмады. Үйдегі туфлиін таппай қалды. Кім тыққанын білсе де, үндеген жоқ. Сол жолы театрға орналасудың жолы түспеді. Осындай күндердің бірінде Ләйлә спектакльге барған. Үзілісте Әзербайжан Мәмбетовті көрген. Амандасып, шүйіркелескен соң Әзекең оны театрға шақырды. Ләйлә сенер-сенбесін білмей, қуанғаннан құшақтап сүйе жаздады. Әр тасын, әр бұрышын, әр шамын бала кезден жатқа білетін Ләйләны өнердің қара шаңырағы «Әкемтеатр» жатсынбай, жылы шыраймен қарсы алды. Жас актриса имене жүріп, сахнаның қыр-сырын тез игере бастады. Театр – ол тек артистер ғана емес, ол – драматургия, режиссурамен қоса, ол – сенің оқыған, тоқыған білімің, тәжірибең екенін жақсы білді. Т.Ахтановтың «Жоғалған досында» – Ғалия, С.Сматаев «Жұлдызым менің жоғарыда» – Шолпан, Б.Мұқай «Тоят түні» –Баян, М.Әуезов «Айман-Шолпан» – Шолпан, И.Ғайып «Мен ішпеген у бар ма?» – Әйгерім, «Шыңғыс хан» – Құлан, У.Шекспир «Асауға тұсау» – Катарина, Б.Атабаев, А.Тасымбеков «Кебенек киген арулар» – Жәния, Володин «Кесіртке» – әнші, Е.Аманшаев «Сұлтан болсам егер мен» – Зарина, Е.Шварц «Күлше қыз» – Күлше қыз, Ш.Хусайнов «Үкілі Ыбырай» – Алтын, «Парсы аңыздары» – Зарина, М.Байжиев «Қалыңдық пен күйеу» – қалыңдық, тағы басқа рөлдерін ерекше атап айтуға болады. Ғашықтық – Алладан. Сүйе білу де – үлкен өнер. Бұл сенің паспортыңдағы мөрге де, сенің отбасыңа да, партиялық көзқарасыңа қарамайды. Өйткені бұл – сезім... Ғашықтық сезім...Жасқа да қарамайды. Ол өзінен үлкен кісі-тін. Махаббат – сезім! Бұл – ұлы күш. Оған әлемдегі небір мықтылар да, батырлар да, ақындар да бас иген. Алайда өмірдің өз заңы бар. Табиғаттың заңы – ешнәрсе мәңгі емес. Сергелдең де, сезім де, сүю де, күю де... Бір күні Александр Гринның «Алые парусасындағы» Ассольдай жағада жалғыз қала берді. Алқызыл желкен, басқа айдынға, өзге жанмен қол бұлғап кете барды... Бұл Ләйләның тірідей өлген күні, үмітінің сөнген күні болатын. Ләйлә қыз солай өмірден де, сахнадан да, сүйіктісінен де көңілі қалды... Ол бәрін соған құрбан етті емес пе? Отбасын да, жалынын да, жастығын да соған арнаған жоқ па? Қауым жұрттың бәрі үлкен кісіге қол соғып, «Құсың құтты болсын» деп жатқанда өксіген тек Ләйлә ғана еді. «Болды, болды.... Рақмет бәріне... Екі қолымды төбеме қойып, тентіреп кетсем бе екен» деген сонда Ләйлә. Мынау аппақ дүниеден көңілі қалған әдемі келіншек бір кеште режиссер Юрий Ханингамен танысқан. Соған тұрмысқа шыққан. Жалпы, Ләйләнің жолы болғыш. Ылғи періштесі қолдап, қорғап жүреді. Дәл сол кезде әлемге танымал М.Әуезовтің көркемдік жетекшісі Әзербайжан Мамбетов өз театрынан қуылып далада қалған болатын. Оны қуған, өзі өсірген, өзі баулыған, киносына түсірген өз шәкірті болатын. Өмір осымен қызық...осымен шыжық... Бірақ бір бастық қуды деп, Әзекеңді ел-жұрты далаға тастаған жоқ. Әзекеңді Астанаға Қ.Қуанышбаев театрына шақырған. Басына үй, өнеріне күй беріп, кеудесіне Елбасы «Алтын Жұлдыз» таққан. Әзекең жас театрды күшейтуге тырысты. Алматыдан Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Әспетованы шақырды. Ләйләны да «Маған келсеңші» деген. Бұл Ләйлә үшін нағыз бақыт, шын қуаныш еді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Бекназар – осы театрдың белгілі актрисасы. Ләйлә баяғыдай қашан көрсең де ашық жарқын. Дабырлап сөйлеп, базардан базарлық әкелген апалардай алақаны ашық... Алайда маған бәрі басқаша секілді... Ол Ләйләның жанарындағы бір мұң... Оның не екенін ешкім білмейді. Өзі де ешкімге сыр ашпайды. Және ашқысы да келмейді. Бұл мұң жеке басында ма, әлде «театр» атты тартыс па? Білмеймін... Білетінім – Ләйлә актриса, қазір өнер атынан түскен жоқ. Оның көкпары әлі алда. Өйткені Ләйлә өзі түскен көкпарды да, Өнер сүйген жұртты да қуантары хақ. Қазір Ләйлә – жігері жасымаған, арманы алда, өзіне сенімді сұлудың бірі. Алайда Ләйләның түсіне соңғы кезде ылғи сирень кіреді... Белгісіз бір көрермен бір құшақ сиреньді оған сыйлап жатады... Қош иісті... Нағыз жұпар... – Сұлулық талант жанымның, Қойғанды саған дарыны, Өспірім менің шағымның Өшпеген жалғыз жалыны. Бұл да – Жұматай. Бұдан артық сөздің де қажеті жоқ шығар...
Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық әртісі