Карантиндегі театр тынысы
Карантиндегі театр тынысы
Елімізде театрлардың жабық тұрғанына екі айдан астам уақыт өтті. Кейбір мәдени мекемелердің жұмысы Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілмей тұрып-ақ тоқтаған болатын. Пандемия кезінде әртістердің үйде отыруы шығармашылық ұжым өмірін, премьералар мен фестивальдар кестесін өзгерткені анық. Театрлар каран­тин кезіндегі түрлі қиындықпен қалай күресіп жатыр? Спектакльдерді сахнадан та­ма­шалап үйренген көрерменнің қолы мәдени ортадан үзілген жоқ. Коронавирус індетіне қатысты жа­рияланған карантин кезінде бір­қатар мәдениет ордасы өз қыз­метін онлайн режимде жүргізуге мәжбүр болды. Мысалы, «Астана Опера» театры қойылымдарын  әлеуметтік желілерге жүктесе, Ға­бит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөс­пірімдер театры туындыларды он­лайн режимде көрсетіп жатты. Жуырда Халықаралық театр сын­шылары бірлестігінің ұйым­дас­тыруымен «Қазақстан театрлары және пандемия: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты онлайн кон­ференция өткен еді. Theatre Online халықаралық онлайн ғы­лыми конференциясына 14 мем­лекеттен театр мамандары қатыс­қан. Сол жиында түрлі пікір ай­тыл­ды. Он­лайн режимнің қиын­дығы да се­зілгендей. Мысалы, 3D, компью­терлік графика мен голограмма­ларды күшейту қиын­дық туғызған. Себебі болашақта голографиялық аватарлардың көмегімен көрермен әлемнің әр түкпірінде отырып-ақ өзі ұнатқан спектакльді тама­шалап, сүйікті актерімен қауыша алатындай мүмкіндік тууы керек. Елде карантинге байланысты шектеулер толық тоқтаған жоқ. Осыған орай біз театрлардың ка­рантиндегі өмірімен таныстық.      width=Асхат МАЕМИРОВ, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік  академиялық музыкалық драма театрының директоры: – Карантин уақытында еш­қандай театр қызметкерлеріне қысқарту болған жоқ. Соған сай жалақылары да уақытылы тө­ленді. Ал әртістердің жұмыстары мен дайындықта­рына келетін болсақ, ол да тұралап қалмады. Себебі әртістердің бабында болуы өте маңызды. Олар карантин басталмай тұрып, «Құнанбай» қойылы­мына дайындалып жатқан. Актердің өз-өзімен жұмыс істеуі деген нәрсе бар. Сол бойынша актердің барлығы өз бетінше, үйінде дайындалды. Күнделікті онлайн режимде сұхбаттар жүргіздік. Облыстық театрлармен тәжірибе алмасулар өтті. Жазушылар одағымен бірлесе ұйымдастырылған «Өмір-өлең» жобасы бойынша актерлер ақындардың өлеңін оқып, театрдың Instagram парақшасында үздіксіз жарияланып тұрды. Одан бөлек, Мұқағали мен Фаризаның, тағы да басқа ақындарымыздың шығар­машылығына арналған поэтикалық композициялар, Халық әртісі Тілектес Мейрамовтың «Майдан ән­дері» атты, Қуандық Қыстақбаевтың Қасым Қай­сенов туралы моноспектакльдері қойылды. Әрине, театр бос қалғанымен, көрерменнен қол үзбедік. Өнер тұралап қалмауы тиіс.    width=Нұрнияз МҰҚАНОВ, Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры: – Карантин кезінде қызмет­керлерді қысқартпадық. Мем­лекет қаржыландырып отырған соң театр қызметкерлеріне жалақы уақытылы төленді. Қойылымдарды елдегі театрлар секілді біз де Instagram парақшамызда онлайн көрсеттік, сұхбаттар ұйымдастырдық. 51 әртістің бәрі үйінде жекелей дайындалды. Театрға адам келмеді деп, «қаржысыз қалдық» демейміз. Бастысы, әртістердің бабында болуы. Бірақ Н.Жантөрин атындағы театр әртістерінің айтар уәжі де бар екен. Себебі театр ғимараты әуелде кинотеатр ретінде тұрғызылған. Яғни, киім ауыс­тыратын, грим жасайтын бөлмелер қарастырылмаған. Осы мәселе әртістерге қиындық тудырып отыр. Үлкен қалалардағы театрларға мемлекет тарапынан көңіл бөлінгенімен, облыстарда әлі де шешілмеген күрмеулер бар сынды.    width=Ернар ЖҰМАТАЕВ, Астана Жастар театрының директоры: – Мемлекет бізге барлық жағынан толығымен жағдай жа­сап отыр. Сол себепті біздің қыз­меткерлеріміздің саны қыс­қарған жоқ. Карантин уақы­тында да тікелей эфир арқылы жұмыс істедік. Әртүрлі аспаптарда ойнап, ән айтып, өлең оқыдық, концерттер бердік. Тікелей эфир арқылы қойылған концерттердің көрермен саны көңіл қуантарлық болды, қаралымы 3 000-нан асты. Карантин біткеннен кейін де осындай онлайн концерттер ұйымдастыра беретін боламыз. Ка­рантин болғандықтан, дайындық болған жоқ, бірақ қызметкерлеріміз өздерінің тың идеяларын ортаға салып отырды. Біз барлық қойылымымызға өз­гер­тулер енгізіп, жаңартулар жасап жатырмыз. Алдағы уақытта Абайдың 175 жылдығына орай «Абай–Тоғжан» спетаклінің премьерасына дайын­ды­ғымызды бастаймыз. Ешқандай шығын болған жоқ, «көппен көрген ұлы той», Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі барынша қолдап отыр.  

 width=Мадияр ТӨЛЕУ