Айыппұл төлеушілердің қатары көбейіп тұр
Айыппұл төлеушілердің қатары көбейіп тұр
173
оқылды
Кешеден бастап Алматыда қоғамдық тамақтану орындары, ХҚКО, мәдени орындар, сауда үйлері мен сауда орталықтары жұмысын бастады. Енді алматылықтар кафе мен мейрамханаларға бара алады. Қоғамдық тамақтанудың 3 100 ны­саны іске қосылды. Бірақ әзірше той-томалақтар өткізуге тыйым салынған. Кеше аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандар да жұмысын бастады. Бутиктер, сұлулық салондары, химия­лық тазалау орындары ашылды. Іске кіріскен 16 ХҚКО-да әзірше 1 500 қыз­меткер жұмысқа шығады. Қалада 393 қонақүйдің жұмысы қайта жанданады. Алайда спа, бассейндер мен жаттығу залдары жұмыс істемейді. Хостелдер де әзірше ашылмайды. Азық-түлік базар­лары мен әмбебап базарлардың азық-түлік қатарларының да жұмысын бас­тауға рұқсат берілді. Ал киім-кешек базарлары 1 маусымда ашылмақ. Байқап отырғандарыңыздай, ша­һарда карантинге байланысты жабылған нысандарды ашу кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Ол қаладағы эпиде­миологиялық жағдайға және нысан­дардың карантиндік шараларға дайын­дық деңгейіне байланысты. «Базарлар мен сауда орындарының, басқа да нысандардың ашылатыны-ашылмайтыны дайындық деңгейін мін­детті түрде бағалаудан кейін ғана нақты белгілі болады. Сонымен қатар облыстан келетін қызметкерлерге қалаға кіруге және шығуға рұқсат етілгенін хабар­лай­мыз. Қалаға кірудің міндетті шарты – олардың деректерін almaty.infokazakhstan.kz мәліметтер базасына енгізу. Бұл тіркеу нысандардың жұмысына рұқсат берілгеннен кейін мүмкін болады», – деді Алматы кәсіпкерлік және инвес­тициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин. Айтуынша, қаладағы кафе-мей­рамха­налар мен қонақүйлер, сауда орындары ашылған кезде 80 мың­нан астам адам жұмыспен қамтылады. Де­генмен санитарлық-эпидемио­ло­гиялық нормаларды сақтамаған жағ­дайда олар­ға ең қатаң, тіпті нысанды қайта жабуға дейінгі шаралар қол­данылады. Жасыратын несі бар, жұмысын бастаған нысандар көбейген сайын кө­ңілде «Қаладағы эпидемиологиялық ахуал қалай болар екен?» деген алаң да бар. Билік өкілдері тұрғындарды карантин ережелерін барынша қатаң сақтауға шақыруда. Қазіргі таңда шаһардағы әрбір ауданда тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал­маты полициясы әкімдік қызметкер­лерімен бірлесіп, халықты карантин нормаларын сақтау бойынша ақпарат­тандыруды күшейтуге бағытталған рейдтер ұйымдастыруда. «Біз азаматтардың жеке қорғаныс құралы болып табылатын бетперде режимін сақтау туралы айтқымыз келеді. Тәжірибе көр­сеткендей, кейбі­реулер тіпті карантин ережелерін сақ­тауды тоқтатқан. Меди­циналық бетпер­делерді алып тастап, қонаққа барып жүргендер көп. Көпшілігі қолды және үйлерін антисептикпен сүртуді ұмытып кеткен. Ал бұл коро­навирус инфек­циясының таралуына тікелей әсер ететін факторлар, инфек­цияның та­ралуы үшін қолайлы орта болмақ. Осы­ған орай, қала билігі кө­шедегі азаматтар мен қоғамдық кө­лік­терде жаппай түсіндіру жұмыс­тарын күшейтті. По­лиция қызметкерлері мен аудан әкім­діктерінің арасынан ондаған мобильді топ құрылды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бас­тығының бі­рінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков. Өткен аптада мониторингтік топтар 3 мыңға жуық нысанды тексеріп, оның ішінде 93-і карантин талаптарын бұз­ғанын анықтады. Ал жұмыстарын заң­сыз жүргізіп отырған нысандарға олар­дың қызметін тоқтату шарасы қолда­нылды. Карантин талабын сақтамаған нысандардың қатарында «Көк базар» да бар. Мұнда кіреберісте тепловизордың жоқтығы, сатып алушылар арасында әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, сауда залдарында санитайзерлердің болмауы анықталды. «Көк базарды» бас­қаратын «Компания Достар Ком­мерц» ЖШС-ға қатысты анықталған кемшіліктер бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігімен хаттама толтырылды. Әкімшілік айыппұл салу үшін мате­риалды сотқа беру тапсырылды. «Аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандардың жұмысына шектеу қо­йылғанына қарамастан, мониторингтік тексеру кезінде «Сити Центр» сауда орталығының үшінші қабатында ор­наласқан, аумағы 700 шаршы метрден асатын жалға алынған дүкеннің жұмыс істеп жатқаны анықталды. Сол себепті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аудан­дық басқармасының басшысына тиісті шараларды қолға алу тапсырылды», – деді қалалық мемлекеттік бас сани­тарлық дәрігер Жандарбек Бекшин. «Керуен» және «Ақбұлақ» базарла­рының жұмысын бағалауда санитарлық ережелердің талаптарға сай еместігі және тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы анықталды. Та­ғы бес базардың басшыларына ескерту жасалып, 1 маусымға дейін базарды тәр­тіпке келтіру ұсынылды. Сонымен қатар «Скиф Трейд» ЖШС Small супермаркеті, «Белый ветер-KZ» ЖШС сауда нысандарында бетперде та­ғу мен дезинфекция режимі сақтал­ма­ған. Келушілер арасында кемінде екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптарының да орындалмағаны анық­талды. Кешеден бастап тағы бірқатар нысан іске қосылғанын айттық. Кафелерге қойылатын талап: ұжымдық кештер мен банкеттер өткізуге тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындарына кешкі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқ­сат. Ең бастысы, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде екі метр болуы ке­рек. Дастарқанға бір отбасы мүшелерін қоспағанда, төрт адамнан артық отыруға болмайды. Бекшин мырза бұдан бұрын каран­тин талабын орындамаған нысандарға 4 миллион теңгеге дейін айыппұл са­лынатынын айтқан. Расында да үш компанияға 12 миллион теңге айыппұл салынғаны белгілі болды. Олардың әрқайсысы 4 миллион теңгеден айыппұл арқалаған. Мұндай жазадан тәртіп бұзған шағын және орта кәсіп­керлік нысандары да құр қалмайды. Ал­­маты Кәсіпкерлік және инвести­ция­лар бас­қармасының басшысы Еркебұлан Ора­залин шағын кәсіпкерлік нысандары 50 АЕК, орта кәсіпкерлік – 100 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік нысандар 200 АЕК кө­лемінде айыппұл төлейтінін ескерткен. Қалай дегенде де, карантиндік талап­тарды орындау – басты міндет.  

 width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ