Кешеден бастап Алматыда қоғамдық тамақтану орындары, ХҚКО, мәдени орындар, сауда үйлері мен сауда орталықтары жұмысын бастады. Енді алматылықтар кафе мен мейрамханаларға бара алады. Қоғамдық тамақтанудың 3 100 нысаны іске қосылды. Бірақ әзірше той-томалақтар өткізуге тыйым салынған. Кеше аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандар да жұмысын бастады. Бутиктер, сұлулық салондары, химиялық тазалау орындары ашылды. Іске кіріскен 16 ХҚКО-да әзірше 1 500 қызметкер жұмысқа шығады. Қалада 393 қонақүйдің жұмысы қайта жанданады. Алайда спа, бассейндер мен жаттығу залдары жұмыс істемейді. Хостелдер де әзірше ашылмайды. Азық-түлік базарлары мен әмбебап базарлардың азық-түлік қатарларының да жұмысын бастауға рұқсат берілді. Ал киім-кешек базарлары 1 маусымда ашылмақ. Байқап отырғандарыңыздай, шаһарда карантинге байланысты жабылған нысандарды ашу кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Ол қаладағы эпидемиологиялық жағдайға және нысандардың карантиндік шараларға дайындық деңгейіне байланысты. «Базарлар мен сауда орындарының, басқа да нысандардың ашылатыны-ашылмайтыны дайындық деңгейін міндетті түрде бағалаудан кейін ғана нақты белгілі болады. Сонымен қатар облыстан келетін қызметкерлерге қалаға кіруге және шығуға рұқсат етілгенін хабарлаймыз. Қалаға кірудің міндетті шарты – олардың деректерін almaty.infokazakhstan.kz мәліметтер базасына енгізу. Бұл тіркеу нысандардың жұмысына рұқсат берілгеннен кейін мүмкін болады», – деді Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин. Айтуынша, қаладағы кафе-мейрамханалар мен қонақүйлер, сауда орындары ашылған кезде 80 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамаған жағдайда оларға ең қатаң, тіпті нысанды қайта жабуға дейінгі шаралар қолданылады. Жасыратын несі бар, жұмысын бастаған нысандар көбейген сайын көңілде «Қаладағы эпидемиологиялық ахуал қалай болар екен?» деген алаң да бар. Билік өкілдері тұрғындарды карантин ережелерін барынша қатаң сақтауға шақыруда. Қазіргі таңда шаһардағы әрбір ауданда тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алматы полициясы әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, халықты карантин нормаларын сақтау бойынша ақпараттандыруды күшейтуге бағытталған рейдтер ұйымдастыруда. «Біз азаматтардың жеке қорғаныс құралы болып табылатын бетперде режимін сақтау туралы айтқымыз келеді. Тәжірибе көрсеткендей, кейбіреулер тіпті карантин ережелерін сақтауды тоқтатқан. Медициналық бетперделерді алып тастап, қонаққа барып жүргендер көп. Көпшілігі қолды және үйлерін антисептикпен сүртуді ұмытып кеткен. Ал бұл коронавирус инфекциясының таралуына тікелей әсер ететін факторлар, инфекцияның таралуы үшін қолайлы орта болмақ. Осыған орай, қала билігі көшедегі азаматтар мен қоғамдық көліктерде жаппай түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Полиция қызметкерлері мен аудан әкімдіктерінің арасынан ондаған мобильді топ құрылды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков. Өткен аптада мониторингтік топтар 3 мыңға жуық нысанды тексеріп, оның ішінде 93-і карантин талаптарын бұзғанын анықтады. Ал жұмыстарын заңсыз жүргізіп отырған нысандарға олардың қызметін тоқтату шарасы қолданылды. Карантин талабын сақтамаған нысандардың қатарында «Көк базар» да бар. Мұнда кіреберісте тепловизордың жоқтығы, сатып алушылар арасында әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, сауда залдарында санитайзерлердің болмауы анықталды. «Көк базарды» басқаратын «Компания Достар Коммерц» ЖШС-ға қатысты анықталған кемшіліктер бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігімен хаттама толтырылды. Әкімшілік айыппұл салу үшін материалды сотқа беру тапсырылды. «Аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандардың жұмысына шектеу қойылғанына қарамастан, мониторингтік тексеру кезінде «Сити Центр» сауда орталығының үшінші қабатында орналасқан, аумағы 700 шаршы метрден асатын жалға алынған дүкеннің жұмыс істеп жатқаны анықталды. Сол себепті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аудандық басқармасының басшысына тиісті шараларды қолға алу тапсырылды», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин. «Керуен» және «Ақбұлақ» базарларының жұмысын бағалауда санитарлық ережелердің талаптарға сай еместігі және тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы анықталды. Тағы бес базардың басшыларына ескерту жасалып, 1 маусымға дейін базарды тәртіпке келтіру ұсынылды. Сонымен қатар «Скиф Трейд» ЖШС Small супермаркеті, «Белый ветер-KZ» ЖШС сауда нысандарында бетперде тағу мен дезинфекция режимі сақталмаған. Келушілер арасында кемінде екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптарының да орындалмағаны анықталды. Кешеден бастап тағы бірқатар нысан іске қосылғанын айттық. Кафелерге қойылатын талап: ұжымдық кештер мен банкеттер өткізуге тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындарына кешкі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат. Ең бастысы, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде екі метр болуы керек. Дастарқанға бір отбасы мүшелерін қоспағанда, төрт адамнан артық отыруға болмайды. Бекшин мырза бұдан бұрын карантин талабын орындамаған нысандарға 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салынатынын айтқан. Расында да үш компанияға 12 миллион теңге айыппұл салынғаны белгілі болды. Олардың әрқайсысы 4 миллион теңгеден айыппұл арқалаған. Мұндай жазадан тәртіп бұзған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары да құр қалмайды. Алматы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин шағын кәсіпкерлік нысандары 50 АЕК, орта кәсіпкерлік – 100 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік нысандар 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейтінін ескерткен. Қалай дегенде де, карантиндік талаптарды орындау – басты міндет.