Еліміздегі аграрлы аймақтардың бірі әрі бірегейі Алматы облысында ауыл шаруашылығына аса зор мән беріледі. Төрт түлігі мыңғырған, өсімдік шаруашылығы өркен жайған өңірде егістік көлемі де жыл сайын артпаса, кемімейді. Өйткені Жетісу жерінің «Жерұйық» деп аталатыны бекер емес, түгін тарсаң, майы шығатын құнарлы аймақта аграөнеркәсіптің адымы алға жылжыған жылдармен бірге ашылып келеді. Соған сай облыс экономикасының дамуында агроөнеркәсіп кешені маңызды рөл атқара бастады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өңір үшін тиімділігін дәлелдеген дақылдарды дамытуға үнемі көңіл бөлінеді. Мысалы, өткен жылы қант қызылшасы 14 мың гектарға егілсе, биыл 16 100 гектарға себіліпті. Сонымен бірге «дала аруы» атанған жүгері жайқалатын алқаптар аумағы да барынша кеңейтілуде. Былтыр облыста 81 728 гектарға дәндік жүгері егілсе, биыл оның көлемі 83 496 гектар болыпты. Алматы қаласы мен облысында Нарынқол мен Кегеннің, Қоғалының картобын білмейтін жан жоқ десек, артық айтқандық бола қоймас. Күзде жиі өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелері кезінде осы үш аймақтың картобын таңдайтындар баршылық. Соған сай кейінгі жылдары осы салаға да баса көңіл бөлінуде. Биыл 39 948 гектарға отырғызылған картоптан күзде мол өнім болады деген үміт зор. Қайта ашылып, өз алдына дербестік алған Райымбек ауданында картопты тереңдете өңдейтін кәсіпорын ашу қолға алынғаны, заманауи қоймалар салынғаны да аталған бағыттың бағын аша түсті. Биыл дала жұмыстарына 33,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Төтенше жағдайға қарамастан, дизельдік отынмен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуде іркіліс болған жоқ. Көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуде белсенділік танытқан «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы жыл басынан бері диқандарға 767,7 млн теңге сомасында несие берді. «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ арқылы өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне жоғары өнімді қант қызылшасының тұқымы сатып алынды. Осылардың арқасында көктемгі дала жұмыстары ойдағыдай аяқталып, шаруалар жерге сіңірген тұқымды күтіп-баптауға кірісті. Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенге 13,9 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде ауыл шаруашылығына 7,9 млрд теңге және азық-түлік өндірісіне 6 млрд теңге құйылыпты. Осындай қолдаулар арқасында болар, биылғы қаңтар-наурыз айларында 41,2 млн АҚШ долларының ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 35,5%-ға артқан. Соның ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің экспорты 27,6%-ға көбейгені көңіл тоғайтады. Қазіргі кезде өңірде 400-ден астам кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында жұмыс істейді және ондағылар 2020 жылдың 4 айында 89,3 млрд теңгенің азық-түлік өнімдерін өндірген.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы