Адам баласының айрықша мүмкіндігіне анықтама беруге кейде ғалымдардың өздері де жауап таппай қалады. Олар әлі күнге дейін адам бойындағы магниттік биоэнергияның қыр-сырын зерттеу үстінде. Бір қызығы, мұндай қабілетке ие жандар біздің елімізде де бар. Бірақ олар санаулы ғана. Солардың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Октябрь Жұмашев. Ол денесінің металл бұйымдарды тартатынын ерте кезден байқағанын айтады. Жарнама жасап, бойындағы ерекшелікті әйгілеуді әбестік санайтын Октябрь ағамызбен жақында әңгімелесудің сәті түсті. – Мұндай қасиет мұнша жасымда дарыды деп, уақытын дөп басып айта алмаймын. Жас күнімде белгілі бола бастағанын білемін. Әскерде жүргенде солдаттар белін ауыртып, аяғын қайырып алады. Сондай кездерде көпшілігіне көмектесетінмін. Сылап-сипағаннан кейін көп өтпей жазылып кететін. Бұл әдіс-тәсілдер қазақ емінде де бар ғой. Құдай пенделеріне қасиет береді. Сол арқылы ол жан-жағындағы адамдарға көмекші болсын дейді. Берген сыйды жөнімен жақсылыққа жаратсаң ғана жаның тыныштық табады. Бойымдағы магниттік қасиеттің сырын емшіліктен деп ойлаймын. Қолымның биотогы бар екенін білген соң кейбір ауру түрін емдеуге де назар аудара бастадым. Сондықтан мені көбі массаж жасайтын адам ретінде жақсы таниды. Массаж жасауды арнайы медициналық курстардан өтіп, үйрендім. Бірақ қазір карантинге байланысты жұмысым тоқтап тұр, – деп бастады әңгімесін. Октябрь ағамыздың айтуынша, ол бүгінге дейін біраз ауруды емдеп жазған. Соның ішінде рак ауруымен ауырған адамды ауруынан құлан-таза айықтырыпты. Катарактасы бар, яғни көзі бұлдырап дұрыс көрмей жүргендерді де емдеген. Онкологиялық дертке шалдыққан, сүт безі қатерлі ісігімен ауырған науқастар емдік курстан кейін жазылып, оған алғысын білдірген. «Әдетте, ракпен ауырғандар химиядан екі курс алғаннан кейін шыдай алмай емханаға барудан бас тартады. Сондай науқастардың бірі маған келді. Ешқандай химиясыз-ақ 17 күнде жазылды», – дейді ағамыз. «Магнит адаммен тілдесейік» деп қызығып, іздеп келетіндер қатары көп екен. Ем алушылардан бөлек, онымен журналистер де кездесіп, сұхбат алып, фотоға, видеоға түсірген. «Астана» телернасынан, «Хабар 24»-тен, «Атырау» және Caspian news телеарнасы, «Прикаспийская коммуна» газетінің өкілдері үйінде қонақта болған. Ағамыз өзін Мәскеудегі «Пусть говорят» бағдарламасына және «Рен тв» телеарнасына шақыруы мүмкін деген әңгімелердің де шет-жағасын естігенін айтып отыр. – Егер Мәскеудегі бағдарламаларға шақырту келсе, олар мені арнайы тесттен өткізіп, толықтай тексереді. Сол кезде бойымдағы бұл ерекше қасиетімнің өзге де қыр-сырын біле аламын. Ал біздің елде магниті бар адамдарды ешкім елеп-ескеріп, тексерістен өткізбейді де ғой. Денсаулық сақтау басқармасына барсам, олар «Астана мен Алматыға бар» деп шығарып салады. Дәрігерлердің емдеу тәсілі мен өзімдікін салыстырып көруге ұсыныс жасап көрдім. Келісім бермеді. Бірден ат-тонын ала қашты, – деп ренішін білдірді. 70-ті алқымдаған Октябрь Жұмашев қазіргі кезде үйінде ем қабылдайды екен. Жұмыс істеуге рұқсат алу үшін жыл сайын тексерістен өтетін ағамыз денсаулығында ешқандай кінәраттың байқалмағанын айтып отыр. Тіпті, тексерістен өткізетін дәрігерлердің өздері де бұл кісіден ем алуға келетін көрінеді. Қызық. Бұл да адам баласына берілген ерекше қасиеттердің бірі болса керек. Әлемде бұдан өзге де көптеген белгісіз тылсым күштің, ерекше қасиет қонған жандардың бар екеніне ешкім шүбә келтірген емес. Тек сол қабілетті сақтап қалу көп адамның қолынан келе бермейтіні өкінішті. Иә, темір-терсекті кеудесіне жапсыратын жандарды еліміздің өзге аймағынан да кездестіруге болады. Бізге белгілісі – Оралда Қарлығаш Тілеуғалиқызы, Қызылордада Нартай Тұрсанов секілді магнит адамдардың бар екені. Олар денесіне қарапайым қасық, шанышқы секілді дүниелермен қатар балта, балға секілді ауыр заттарды да, ұялы телефон да жапсырып ала беретінімен қалың жұртшылыққа танымал. Ал біз әңгімелескен кейіпкердің артықшылығы емшілік қасиетімен көпшілікке қуаныш сыйлауында болып отыр. Әңгімесінің соңында өзінің Исатай Тайманұлының бесінші ұрпағы екенін айтып қалды. Осыдан кейін «Тектіден текті туатынына, тектілік тұқым қуатынына» сенбей көріңіз.