Әр отбасының мәселесі – басты назарда
Әр отбасының мәселесі – басты назарда
204
оқылды

Елордада Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Партия хатшысы Тамара Дүйсенова Елбасының бастамасымен іске асып жатқан «Бақытты отбасы» партиялық жобасының нәтижесін қорытындылады.

Республикалық Кеңес 2019 жылдың ақпанында мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған. Еліміздің 17 өңірінде және партияның 230 аумақтық өкілдігінде халықпен тығыз жұмыс істейді. Консульта­тив­тік-кеңестік орталықта мемлекеттік мекемелердің өкілдері, қоғам қайраткер­лері, ҮЕҰ өкілдері белсенді жұмыс істейді. Соңғы жылдары «Бақытты отбасы» жоба­сы алыс аймақтар үшін пайдалы болды. Кеңес­тің жұмысын қорытындыла­ған пар­тия хатшысы Тамара Дүйсенова қоғам­дық бірлестіктің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды. Оның айтуынша, кеңеске бүгінде 50-ден астам үкіметтік емес ұйым кіріп отыр. Балаларды қорғау, денсаулығын сақтау мәселесінде бірлесіп жұмыс істейді. Қоғамдық ұйымдар бірлесіп отырғандағы негізгі мақсат – балалар үшін барлық жағдайды жасау. Бүгінге дейін бірыңғай әлеуметтік терезе аясында 2 айда 7 мыңнан астам азамат өтініш білдірген. Олардың көпшілігі – көпбалалы отбасы­лар. 3 мыңнан астам адамның сұрағы оң шешімін тапқан. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Жұмыспен қамту мәселесі бар және мектепке дейінгі мекемелердегі балаларға материалдық көмек көрсетті. 119 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, партиялық жобаны жүзеге асыру үшін Жол картасы дайындалған. Көпбалалы отбасы­лардың тұрмысын жақсарту үшін жаңа әлеуметтік-экономикалық бастама­лар үздіксіз жүргізіледі. Заң шеңберінде құқы­ғы қорғалады.

– Еліміздегі барлық облыс пен қалалық әкімдіктер Жол картасына қол қойды. Бұл құжатта өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға байланысты атаулы және жүйелік іс-шаралар қарастырылған. Оқыту мен жұмысқа тұрғызуға көмек көрсе­­тіліп, толық емес отбасыларға үйде жұмыс істеу үшін жағдай жасау ойласты­рыл­­ған. Атап айтқанда, әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту және балаларды қол­даудағы психологиялық қызмет, сала­матты өмір салтын қалыптастыру үшін ынталанды­ру мен жағдай жасау қарас­тырылған. Тұтастай алғанда отбасы­лық құндылықтарды арттыру мен тәлім-тәрбие мен ұлттық құндылықтарды, дәстүрді сақтауға айрықша назар аударамыз, – деді Тамара Дүйсенова.

Жиында Кеңес төрағасының орын­ба­сары Динара Зәкиева Жол картасының шең­берінде мемлекеттік мекемелердің жұмысының тиімділігін арттыру бойынша нақты іс-шаралардың іске асқанын атап өтті. Атап айтқанда, отбасыны қолдау жөнін­дегі бөлімдер мен орталықтар ашу, балаларға психологиялық қолдау көрсету қызметін дамиды.

– Жол картасы қосымша білім беруді, қайта даярлауды қарастырады. Мысалы, аула клубтарының санын арттыру, ерекше күтім­ді қажет ететін жасөспірімдермен жұ­мыс істеу үшін Аутрич жүйесін енгізу, қосымша біліммен қамтамасыз ету үшін қаланың шетінде тұратын балаларға көлік тауып беруді ұйымдастыру. Біз кәмелет жасына толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау мен оның алдын алуға және білім беру мекемелерінің тере­зе­­лерін бұғаттау, люктарды, жарықтан­ды­руды тексеруден бастап инфрақұрылымдар қауіпсіздігіне қатысты бірқатар іс-ша­ра­лар­ды жүзеге асыруды қолға аламыз, – деді Динара Зәкиева.

Сонымен қатар жиында бірқатар жаңа бастама да қолдау тапты. Атап айтқанда, толық емес отбасылар үшін үйде отырып жұ­мыс істеуге жағдай жасалады. Қазақ­стан­­дағы іскер әйелдер қауымдастығымен бірге әйелдерді түрлі кәсіпке үйрету бо­йын­ша бастамалар іске асырылуда. Green tal ме­ке­­­месімен бірге қиын бала­лары бар отба­сын­­дағы жасөпірімдерді ағаш шебері мен те­мір ұстасы мамандығына оқыту үшін әлеу­меттік шеберханалар ашылған. Qazaq­stan телеар­на­сымен бірлесіп, балалар мен олар­ды дамыту мүмкіндігі туралы ха­бар­­лар топ­­тамасы ел арасында насихат­та­лып жа­тыр.

Жиында Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы аз қамтылған отбасылардағы мектеп жасына дейінгі балаларды тегін оқыту, Ақмо­ладағы аз қамтылған отбасыларды ар­найы әлеуметтік қамтамасыз ету, Павлодардағы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы аясында атқарыл­ған істердің оң нәтижелері қарастырылды.

Кеңес отырысына қатысқан ұйымдар­дың өкілдері Nur Otan партиясының қолдауы­­мен іске қосылған бірқатар тәуел­сіз жобаның нәтижесі көңіл қуантарлық деп бағалады. Мәселен, Нұр-Сұлтанда Қазақ­станның іскер әйелдер қауымдасты­ғымен бірлескен «Үш күн ішіндегі бизнес» жобасы жүзеге асуда. Ол әйелдерге тігін тігуді оқытады. Курс аяқталғаннан соң әйелдерге тігін машиналарын ұсынады. Олардың өнімде­рін өткізуді қолдауға көмектеседі. Партия мүшелері «Бала отба­сын­да өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозға­лы­сының бастамасымен аудан орталықта­ры­нан шалғай елдімекен­дерде әлеуметтік қызметтерді ашу жобасын қолға алуда.

Сондай-ақ балалар құқығын қорғауға арналған Biz bolashaq urpaqpiz конкурсы­ның жеңімпаздары марапатқа ие болды. Байқауды Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқын қорғау жөніндегі Кеңестің қолдауымен Generation Next жастар жоба­сы өткізген болатын. Елдегі 14 өңір­дің бала­лары эссе мен ролик түріндегі өздері­нің өтінішін жолдап, жалпы 137 жұмыс түскен болатын. Қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. №83 мектеп-гимназия­сының оқытушысы Нұрсәуле Қайрат­қызы­ның жұмысы үздік танылып, оған «Экономика» мамандығы бойынша тегін оқу үшін ҚазМЗУ ректорының гранты берілді. Қатысушыларға «МВА KIDS Қазақстан» халықаралық мектебінің Кәсіпкерлік бағдарламасына арналған сертификаттар табысталды.

Кеңестің қорытынды жиынында әрбір отбасының мәселесі назардан тыс қалмай­тыны нақты айтылды.