Атырауда жоғалған бір жарым жастағы баланы іздеуге құзырлы органдармен бірге еріктілер де жұмылдырылды. Екінші тәулікте іздестіру кезінде полицейлер бала жоғалған үйдің ауласындағы ескі кәрізден Әлидің жансыз денесін тапты. Ел болып амандығын тілеген Әли жоғалған күні Атырауда жаңбыр жауып тұрды. Соған қарамастан оны іздеуге мыңнан аса адам жұмылдырылды. Бала тұрған жеке жер үйдің ауласы қоршалмаған. Ұзаққа кетпейді деп «Жұлдыз» ықшамауданындағы елу көше мен үйдің жан-жағын тексеру нәтиже бермеді. Кәріз құдығына түскен шығар деген қауіппен құдықтағы лас суды да арнайы қызмет жұмысшылары тазалап алды. Бала табылмады. Екінші тәулікте таңертең полиция қызметкерлері баланың денесін үй ауласындағы пайдаланылмай тұрған кәріз құдығының тереңінен шығарып алды. Осы орайда, еріктілер тарапынан полицейлерге сұрақтар да туындап жатыр. Ерікті Олжас Сұлтанов: «Бала табылған кәріз құдығы жабық тұрды және оның іші қоқысқа толы болды. Түбінде аз мөлшерде су болды, бірақ бала болса, денесі бетіне шығады деп ойладық. Бірақ енді анықталып отырғандай, баланың денесі бес бөшкедей қоқыстың астынан табылғанын айтып, әлеуметтік желіде құзырлы органдардан баланың денесіне сараптама өткізу кезінде өздерінің қатысуын сұрап, үндеу жариялады. Оған себеп болғаны – бірнеше рет қаралған кәріз құдығынан баланың екінші тәулікте табылуы. Бұл көп адамға күдік ұялатып, құзырлы органдарға талаппен шығуға түрткі болған. Алайда сол күні ерікті Олжас Сұлтанов өзінің Facebook парақшасында: «Баланың неден өлгенін анықтайтын сараптамаға қатысуды сұрап, прокуратураға үндеумен шыққаныма кешірім сұраймын. Халықты дүдәмал пайымдардан арылту үшін барлық жағдай ашық болғанын қаладым. Бәрі шындықты білгісі келді. Олар телефонға дамыл бермей, құзырлы органдардан шындықты талап етуімді сұрап үндеу жариялауыма себеп болды. Ойлана келе менің тарапымнан қате болғанын түсіндім», – деді. Ол өз кезегінде бір кісідей жұмылған құзырлы органдар мен еріктілерге рақметін айтты. Атырау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі баланың өліміне байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалғанын жеткізді. Анасын аңыратып кеткен сәби өлімінің құпиясы туралы құзырлы органдар өз пайымын арнаулы сараптамадан соң жария етеді.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы