Алматыдағы Орталық қалалық ауруханада коронавирус жаппай таралуына байланысты жүргізілген тергеу жұмыстары аяқталды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тағы парақшасында жазды. Министрдің айтуынша, вице-министр Людмила Бюрабекова Алматыға барып, аурухана басшылығымен және медициналық қызметкерлермен кездеседі. Тергеу мәліметтері прокуратураға жолданатыны айтылады.
«2020 жылдың 5-14 мамыры аралығында 14 адамнан құралған комиссия – ұлттық және халықаралық деңгейдегі эпидемиологтар, зертхана мамандары, медициналық ассоциациялардың өкілдері Алматыдағы Орталық қалалық ауруханада коронавирус инфекциясының жаппай таралуына байланысты тергеу жүргізді. Бүгін мен осы эпидемиологиялық тергеу бойынша қорытындыны алдым», – деп жазды Елжан Біртанов.Министрдің айтуынша, тергеу қорытындысы бойынша қажет шешімдер қабылданды. «Орталық қалалық ауруханада вирус жұқтырған қызметкерлерге еңбек жарамсыздығы парақшасы бойынша төлем жасалады. 11-23 сәуірде карантин жағдайында жұмыс істегендері үшін 350 қызметкерге үстеме ақы берілді. Жалпы сомасы 59 миллион теңге үстеммақы берілді», – деді министр.