Елдіктің алтын қазығы
Елдіктің алтын қазығы
187
оқылды

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар Конституциялық кеңестің «Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдады. Сондай-ақ ел Үкіметінің және Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылай келе, мақұлдады.

Бірінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Консти­ту­циялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Ата заң – егемендігімізді паш ететін, азаттығымызды айқын­дайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы екеніне назар аудартты.

– Конституцияны құрметтеу, бұлжытпай орындау – алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің алғышарты. Бұдан бұрынғы жолдауды жариялағаннан бергі кезең Қазақстанның мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді. Мемлекет басшысы өкілеттігінің бейбіт көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Президенттің кезектен тыс сайлауы Конституцияның талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. Осылайша, тәуелсіздік таңында Елбасы мәлім­деген және тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отырған Ата заңның рухы мен әрпін адал сақтау бағытының сабақтастығы және оған қатысты қоғам мен мемлекеттің бұлжымастығы қайта расталды, – деді Қ.Мәми.

Өз сөзінде ол Конституцияның 4-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында «Қазақстанның халықаралық шарттары туралы» заңына ратифика­циялауға жатпайтын және ел Конституциясымен еш келіспейтін халықаралық шарттарды қабылдауға немесе бекітуге жол бермеу бөлігінде түзетулер енгізуді ұсынды.

– 2020 жылы Ата заңға 25 жыл толады. Мемле­кеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер оның арқасында қол жеткізілген жетістіктерді, сондай-ақ мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың басты назарын талап ететін сын-қатерлер мен тәуекелдерді талдай отырып, осы тарихи оқиғаға дайындалуы тиіс. Жаңа конституция­лық шынайы­лық кезінде Ата заңның беделін ары қарай көтеру, консти­туциялық патриотизм мемлекетін қалып­тасты­руды жалғастыру қажет, – деп түйді Конституциялық кеңес төрағасы.

Екінші мәселе бойынша Үкімет басшысының орынбасары-Қаржы министрі Ә.Смайылов пен Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова баяндама жасап, бюджеттің қаншалықты тиімді жұмсалғанын талдады.

– Сапасыз бюджеттік шешімдер 2018 жылы 138 миллиард теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына соқтырды. Сонда бұл үшін кім жаза тартты? Негізінен, шешім қабылдауға қатыспаған қарапайым орындаушылар. Мысалы, Есеп комитеті­нің материалдары негізінде 224 қызметші тәртіптік жауапқа тартылды. Олардың тек 9%-ы – басшылар, – деді Наталья Годунова.

Премьер Асқар Мамин бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін заңға өзгерістер енгізілетінін айтты.

– Бұл үдерісте көптеген кемшілік бары рас. Оларды жою, бюджеттік жоспарлауды жетілдіру мақсатында біз Үкіметте заңнамаға өзгерістер дайын­дап жатырмыз. Мысалы, меморгандар алдымен өздерінің стратегиялық жоспарларын бекітеді де, кейін соларға шығыстар лимитін белгілейді. Енді бас­қаша болады, яғни шығыстар стратегиялық жос­пар­лар қабылдау кезінде бекітіледі. Нәтиже де шығыстар көлеміне қарай анықталады. Осының арқасында бюджет те сапалы жоспарланады деп сене­міз. Жауапкершілік мәселесіне келсек, бірінші бас­шылардың жауапкершілігін күшейтуге бағыттал­ған жаңа заң жобасы әзірленуде. Ол жобаны 2019 жыл­дың аяғына қарай Парламентке енгіземіз, – деді А.Мамин.


Елдос СЕНБАЙ