Табиғат көрдік, көрмеден...
Табиғат көрдік, көрмеден...
210
оқылды

Шымкент қаласы әкімдігі мен National Geographic Qazaqstan журналы бірігіп, Нұр-Сұлтанда «Шырайлы Шымкент!» атты фотокөрме ұйымдастырды. Шымкент қаласының ішкі туризм әлеуетін жан-жақты көрсететін, жүзеге асатын жобаларды фотосурет тілімен жеткізуді мақсат еткен көрме табиғаты бай өлкенің көрікті жерлерін паш етті.

Көпшілік назарына Шым­кент қаласы мен оның айна­ла­сындағы көрікті жерлер­ді, киелі орындар мен табиғи ескерт­кіш­тер­ді, қарапайым қала тұр­ғындары­ның күнде­лікті тұр­мыс-тіршілігін баян­дайтын фотосуреттер ұсынылды.

«Бұл көрмені ұйымдастыру мақсатында арнайы халықа­ралық экспедиция құрылған болатын. Оның құрамында археолог, географ, журна­листерден бөлек, тайландтық 2 фотографпен бірге әр салада машықтанған онға жуық қазақ­стандық фотосурет өне­рі­­нің мамандары болды», – дейді журналдың бас редак­торы Дәурен Құдайберген.

National Geographic Qazaq­stan журналының 13 қызмет­керінен құралған топ мүшелері мамырдың 20-31-і аралығында Шымкент қаласы мен қала ма­ңындағы қырыққа жуық тари­хи-мәдени орын мен киелі жер­­­лерді аралап шығып, 1,5 мың шақырымдық жолды жүріп өткен.

Олар қаланың ескі бөлігін­дегі көне ғимараттар, Ақмешіт үңгірі, Сайрамдағы кесенелер шоғырын және Қасқасу шат­қалы секілді табиғаты әсем жерлердің таңғажайып көрі­ніс­терін таспаға тартып алуға мүмкіндік алды. Алдағы уа­қыт­та осы фотосуреттің бірнешеуі журнал арқылы әлем халқы­ның назарына ұсынылатын болады.

 

Аружан ҚҰЖАСАРИНА