Дархан МЫҢБАЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Нақты істердің кезегі келді
Дархан МЫҢБАЙ,  Парламент Мәжілісінің депутаты: Нақты істердің кезегі келді

Парламентте Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолдады. Біз төменде Дархан Мыңбай жолдаған депутаттық сауалдың мәтінін сөзбе-сөз ұсынып отырмыз.

– Құрметті Гүлшара Нау­ша­қызы! Парламент Парламент болғалы, қос палатасымен қанат жайғалы мемлекеттік тілге бай­ланысты депутаттық сауалдар аз болмағаны жұртшылыққа мәлім. Тіл туралы Қазақстан Респуб­ликасының заңы, бірнеше мем­лекеттік бағдарламалар да қа­былданып, жүзеге асырылып келеді. Қызылкеңірдек болып айтысқан заман да келмеске кетті. Оған мың шүкір десе бо­лады. Ендігі жерде мемлекеттік тіл бойынша сөздің емес, нақты да тыңғылықты істің кезегі келгені ақиқат.

Тәуелсіздік тарихымызда мемлекеттік тілге қатысты заң­ның қабылдануына алғаш рет мұрындық болған, Біріккен Ұлт­тар Ұйымының төрінен тұңғыш рет ана тілімізде сөз сөйлеген Елбасы әр кез тілді әсіре саясат құралына ай­нал­дырғысы кел­гендерді жүйе­сімен, орнымен тыйғанын талай рет көзбен көр­дік. Алайда тіл мәселесін үй­лес­тірумен шұ­ғылданатын жалғыз өкілетті мемлекеттік орган Мә­дениет және спорт министрлігіне қа­расты құрылымның атауы Тіл комитеті емес, Тіл саясаты ко­митеті болуы Елбасы ұстаны­мына кереғар емес пе? Ұлтты және этностарды ұйытатын құрылымға «саясат» сөзін қо­судағы мақсат не, қағидат қай­сы? «Саясатты» бадырайтып жазу қаншалықты маңызды? Әлде мемлекеттік тіл тек саясат­тан басталып, саясатпен өріле ме? Мұндай ерсі қосымша атау «Мәңгілік ел» мұратына сәйкес келмейді. Егер жауапты орган­дар саясат атауы ұлттың, тілдің тасын өрге домалатады деп тап­са, онда барлық сала атауына осы сөзді қосуға не кедергі? Жоқ, біз бұлай рухани жаңғыра алмаймыз. Құрылымның атын байыпта­дық, енді затына зейін салайық. Осы ретте көкейкесті мәселенің бірі – мемлекеттік тілді цифр­лы технологияға көшіру жайы. Нақтырақ айтсақ, күн тәрті­біндегі мәнді істер – аса қажетті компьютерлік бірыңғай бағдар­ламаларды әзірлеу және оларды бүкіл еліміз бойынша жаппай ақысыз тарату жағын ойластыру. Біріншісі – мемлекеттік тілде сауатты жазуға мүмкіндік бере­тін, емле ережесіне қатысты қа­телерді іздеп табатын компью­терлік бағдарлама. Екіншісі – дауыс таспасын (аудио) мәтінге айналдыратын арнайы дыбыс­тық конвертер. Мұндай оңтайлы әрі тиімді тәсіл көптеген елде бұрыннан қолданылып келеді. Оның аудармашы үшін де ар­тықшылығы мол. Бүгінгі мем­лекеттік тіл үшін ауадай қажет осы екі бағдарлама да қазақ тілінің қолданбалы-практи­ка­лық даму белесін анықтайды. Бұл сөзден іске көшудің нақты жолы деп білеміз. Мұндай бағ­дарламалар мемлекеттік тілде сөйлеуді ғана емес, жазуды да тезірек үйретеді. Сонымен бірге, іскерлік сөздік қорын түзуге, оны пайдалануға кең мүмкіндік туғызар еді. Елбасының сөзімен айтсақ, егер біз қазақ тілі ғұ­мырлы болсын десек, оны жөн­сіз терминологиямен қиын­дат­пай, қазіргі заманға лайық­та­уы­мыз керек. Бұған қоса, мемле­кет­тік тіл бойынша ілеспе (син­хронды) аударманың мем­ле­кеттік стан­дарттарын бекітіп, осы саланың мамандарын даяр­лайтын елі­міздегі жоғары оқу орындарын тиісті аттес­тация­лардан өткізуді маңызды деп есеп­тейміз. Жалпы айт­қан­да, мем­лекеттік тілге қа­тысты кез келген жаңа жоба­ларды бар­лық бұқаралық ақпарат құралда­рын­да, әлеуметтік же­лілерде жан-жақ­ты жарна­малап, насихат­тау­ды міндеттеу де – баршаға ор­тақ, кезек күттір­мейтін іс. Бұл қа­ражатты қажет етпейді. Мем­лекеттік тілге деген ақ ниет пен оң көзқарастың өзі жеткілікті.

1925-27 жылдары Халық ағар­ту министрі болған көрнекті қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы: «Қазақ тілін мемлекеттік тіл ету – билік басындағы бір-екі төренің емес, әрбір қазақтың намысына байлаулы іс» деген екен. Осы сөздің астарын терең ұғынсақ, қазір мемлекеттік тіл үшін жауапкершілікті тек мем­лекетке емес, әр отбасының, әрбір Қазақстан азаматының мойнына жүктеудің артықтығы жоқ деп ойлаймыз. Бұл міндетті шешуде азаматтық қоғам инс­титуттары белсенділік танытуға тиіс. Яғни, түрлі отбасылық, қоғамдық жобаларға бірлескен форумдарға, тіл тазалығын сақтау шараларына және әлеу­меттік сауалнамаларға тиісті гранттар қарастыруға болар еді. Қазақстан Республикасы Тіл­дерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын орындау мерзімі де аяқталып келеді. Оны ұзарту немесе жа­ңасын әзірлеу барысында бұған дейінгі бағдарламаға енген бірқатар науқандық немесе бір реттік шаралар мен түрлі бай­қаулардан арылып, қазіргі за­манғы ақпараттық технология­ларға сәйкес келетін және ха­лықты көп қамтитын онлайн-семинарлар, тренингтер өткізуді, қашықтықтан оқыту жүйелерін жолға қойса, құба-құп болар еді.

Сонымен бірге, күн тәрті­бінде тұрған латын әліпбиіне көшудің тиімді шараларын, электронды бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе, балаларға арналған хабарлар мен баспа өнімдерін барынша көбейтуді, соңғы кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қолға алынған аударма саласын одан ары байыту мен жүйелеуді, тіл тазалығын сақ­тауға қатысты нақты тиімді те­тіктерді енгізуді сұраймыз.