Шымкентте 8 полицей лауазымынан босатылды
Шымкентте 8 полицей лауазымынан босатылды
Шымкент қаласында тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеттері бойынша бірқатар мәліметтер тіркелген. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан полиция департаментіне жыл басынан бері қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 19 ұсыныс жолданып,  22 полиция қызметкері жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде, 3-еуі «қатаң ескерту» түріндегі тәртіптік шара алса, 8-і атқарып отырған лауазымынан, екеуі жұмыстан шығарылған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Ұзынжас жол-патрульдік полиция қызметінің жеке құрамымен кездесуі кезінде айтып өтті. полиция Кешкі сап түзеуге қатысқан Полиция департаменті басшысының орынбасары М. Алтаев жеке құрам арасында жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. «Полиция қызметкерлері жетондармен, сондай-ақ автокөліктерде бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етілген. Одан бөлек Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықты алдын алу тұрақты түрде жүргізіледі» – деді ол. Жиын барысында төтенше жағдай режимінде әрбір полиция қызметкерінің жеке жауапкершілігі туралы ескертіліп, сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге, адалдық, парасаттылық құндылықтарын берік ұстануға шақырды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық фактілері орын алған жағдайда call-орталықтың 1424 нөміріне хабарлау қажеттігі ескертілді.

Н. НАЗАРБЕК.