Тарихи жарлыққа 1 жыл толды
Тарихи жарлыққа 1 жыл толды
227
оқылды

Ер түріктің бесігі атанған Түркістан облыс орталығы болғанына да –1 жыл. 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекітті. Арада небәрі бір жыл өтсе де, өңір қарқынды дамудың жолына түсіп, облыс орталығы болған Түркістан қаласы жаңа кейіпке еніп келеді. Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанда баспасөз конференциясын өткізді. Жиынға республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.

Бір жыл Түркістан үшін аса маңызды кезең болғаны белгілі. Өйткені көне шаһар күннен-күнге көркейіп, жаңа келбетке ие болып келеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық саласы, рухани-мәдени бағытында оң өзгерістер орын алғанын айта кеткен жөн.

Әңгімемізді қасиетті Түркіс­тан­ның өткен тарихына аз-кем тоқ­талудан бастауды жөн санадық.

Түркістанның өткен тарихында ауыз толтырып мақтанатын тұстары өте мол. Олай дейтініміз – арысын айтпағанда, берісі 1,5 мың жылдан астам тарихы бар. Түркістан ерте заманда-ақ талай ғұлама шыққан, мәдениеті мен руханияты және ғылымы дамыған әлемдік деңгейдегі өркениетті қала болған. Орталық Азияның кіндігінен орын тепкен шаһар дүниенің төрт бұрышын сауда арқылы түйістірген атақты Жібек жолының ең жанданған нүктесі де болды. Бұл қала барша түркінің мақтанышына айналған Ясауидей бабамыздың мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекені. Бір кездері жарты әлемді уысында ұстаған Алтын Орда мемлекетінің астанасы болғанын жылнамашылар сөз етіп жүрсе, берісінде көне қала Қасым ханның пәрменімен мемле­кет астанасы да болды.

Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы, 56 батыры, 21 биі мен 8 сұл­таны, ұлтымыздың жүздеген қаймағы мәңгі қоныс тапқан Түркістанның тарихы тым тереңде.

Барша түркі әлемінің түп қазығы саналған Түркістан аумалы-төкпелі заманды да көп көрді.

Атап айтқанда, ғасырларға созылған түрлі соғыстар мен шап­қыншылықтарды бастан өткерген рухани шаһар, әсіресе, соңғы екі ғасырда Ресей патшалығынан бас­тау алған отаршылдардың құйтырқы саясатының кесірінен өзгелерге тәуелді ел болып, жойылып кете жаздаған. Дегенмен бабалар арманы мен аманаты орындалып, егемен ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізді.

Одан бері араға ширек ғасыр салып, еліміз ес жиып, әлемдік дең­гейдегі жағдайға жеткен шағымызда, яғни былтыр 19 маусым күні Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркіс­тан қа­ла­сы бекітілді. Осылайша, мұсыл­ман әлемі қасиетті санаған Түркіс­танның екінші тынысы ашылып, қазір даму жолына түсті. Мұны ғасырдың ең жағымды жа­ңалығына санаған жұрт – Елбасының бұл шешімін дер кезінде қолға алынды деп қолдау көрсетіп жатыр.

Түркістан облысы өткен ғасыр­дың басында, яғни 1932 жылы 10 наурызда Оңтүстік Қазақ облысы атауымен негізі қаланды. Кейін Шымкент облысы деп те аталды. 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы деп бұрынғы атауы берілді.

Өткен жылдың 19 маусымында Елбасы Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан об­лысы деп аталып, әкімшілік орта­лығы Түркістан қаласына ауыс­тырылғаны белгілі. Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесі берілгеннен кейін, облыс құрамынан шығарылды.


Елбасы Жарлығы шығысымен 17 тамызда жаңа атауға ие болған облыс әкімдігінің құрамы мен ау­мақтық орган өкілдері Шымкенттен жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласына көшіп келді. Құрамында облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері, құзырлы орган басшылары, әкім аппараты қызмет­керлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері бар.

Көшіп келген басқармалар мен аумақтық департаменттер қаланың бас жоспарына сәйкес салынатын ғимараттар салынып біткенге дейін қазіргі Түркістанда жайғасқан орын­дарды уақытша қоныс етіп жатыр.

Облыс орталығының Түркіс­танға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті, Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі көп. Яғни, Түркістан облыс орталы­ғы ғана емес, халықаралық дәреже­де танымал қалаға, түркі әлемінің ғы­лымы мен мәдениетінің ірі орта­лығына айналады.

Сонымен жоғарыдағы айтылған әңгімемізге хош деп, Түркістанның бүгінгі қайнаған тыныс-тіршілігіне оралар болсақ, облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы Түркістан қала­сындағы Жастар ресурстық орта­лығында өткен баспасөз мәсли­ха­тында мәлімдегендей, бір жыл ішін­де өңірде талай шаруа атқа­рылды, алдағы уақыттың еншісінде толағай жұмыстар мен міндеттер тұр.

Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың аталған тарихи бастамасын жалғастыруды қолға алған Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістанды дамыту мақсатында Үкімет пен жергілікті әкімдік қы­руар жұмыс жүргізіп жатыр.


Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев Түркістанды дамыту жоспарымен таныстырды.

«Елбасы, Қазақстанның тұң­ғыш Президенті Н.Назарбаев Түр­кістанды тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырма берген болатын. Осы орайда Түркістанның эконо­микасы мен әлеуметтік саласын дамытумен қатар, мәдени саласын да дамыту міндеттеліп отыр. Мәсе­лен, өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы үшін осы бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан аса маңызды заң және 5 қаулы қабыл­данды. Оның ең маңыздысы – Түр­кістан облысын әлеуметтік-эко­номикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары», – деген облыс басшысы бүгінгі таңда сол міндеттерді орындау мақсатында кешенді жоспарлар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Өңір басшысының айтуынша, сол жоспарға сай қазір 11 бағыт бо­йынша жалпы құны 1 триллион 236 миллиард теңге болатын 116 іс-шара қолға алынған. Түркіс­тан­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы­мен қатар, Түркістан қаласы­ның идео­логиялық негіздемесін қалып­тастыру бойынша 4 бағыт айқындалған.

Бұл идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Келген туристер өңірі­мізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттайды.

Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы керек. Өйткені Түркістанда орын тепкен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемде теңдесі жоқ сәу­лет туындысы. Ғажайып ғимаратта ғасырлар бойы қалыптасқан өр­кениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр.

Кесененің құрылысында түркі өркениетінің нақыштары мен ою-өрнектері, көне замандардағы сәу­лет және бейнелеу өнер туындысы көрініс тапқан. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай жасау қажет.

Үшіншіден, Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған. Бүгінде бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындауымыз қажет. За­манауи қол өнер цехтары, қыш-шыны индустриясы, тері өңдеу мен түскиіз фабрикалары, кілем тоқу өнімдері Түркістанның және Ясауи­дің кескіні мен келбетін насихат­тайтын орталықтарға айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгінде сол жол жалғасып келеді.

Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты ке­ңістігінде өзіндік ілім қалып­тас­ты­рып, ислам құндылықтары негізінде ғылымның моральды-этикалық арнасы мен үлгісін көр­сетіп кеткен тарихи тұлға. Ол діннің тілін ежелгі түрік тілінде хикметпен сөйлетіп қана қойған жоқ, көрген қиын­дық­тарға қарамастан, түркі халық­та­ры­ның дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ислам дінінің талаптарына сай қалыптастырды.

Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасы оның еңбектерінде жатыр. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидың Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастыру жоспарда бар.

Өткен жылы келген турис 1,5 млн адам, бұл былтырмен са­лыстырғанда, 15 пайызға артық.

Туристер облысқа бір күнге емес, бірнеше күнге саяхаттауға келуі тиіс. Бұл бағытта қазіргі таңда экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленген. Соның бірі – Қасқасу туристік-рекреациялық кешені. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 45 000 – 110 000 турис қабылдауға мүмкіндігі бар.

Облыс әкімі қаланың дамуы үшін инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде сумен жабдықтау, су тарту жүйесі, газ және электрмен жаб­дықтау және сыртқы және ішкі авто­жолдар, қалаішілік көше жол­дарын реттеу, көгалдандыру, ми­кроклиматты дұрыстау мақсатында қалаға ағын сулар тарту сынды басқа да көптеген мәселелер туралы айтып берді. Сондай-ақ тұрғын­дарды баспанамен қамтамасыз ету, денсаулық және білім саласы, жұмыспен қамту сияқты әлеуметтік жағдайларға тоқталды.

«Аз ғана уақыт ішінде облыс жеткен жетістіктер аз емес. Ары қарай да ел игілігі үшін атқарылатын шаруа шаш-етектен. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Түркі әлеміне әйгілі ғұлама, дін және қоғам қайраткері Қожа Ахмет Ясауи мен қазақ хандары мен билері, батырлары мен ұлы тұлғалары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның өзіне тән ерекше қуат көзі мен адамға жігер беретін қасиеті бар. Сон­дықтан осы қалада өмір сүру, қызмет ету – басқа қонған бақ», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Белгілі болғандай, облыс орта­лығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында Түр­кістан қаласы аймағында радиусы 15 шақырымды құрайтын азық-түлік және жасыл белдеу қалып­тастыру жобасы басталды. Ғалым­дардың сүйемелдеуімен ақылды технологияларды қолдана отырып жүзеге асатын белдеу 2 кезең бо­йынша жүзеге асады. Бұған қоса, 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.


Ал қалада қарқынды жүріп жатқан құрылыста есеп жоқ. Елбасы тапсырмасымен облыстар мен үш мегаполис және елдегі ірі компа­ниялар Түркістанға елге қажетті ғимараттар салу ісіне кірісіп кеткен болатын. Бүгінде асаршы аймақтар өздеріне тиесілі нысандардың құрылысын жүргізіп жатыр.

Түркістанды дамыту науқа­­нында шетелдік инвесторлармен бірге еліміздегі бірқатар ірі кәсіп иелері де атсалысып, құрылыстар жүргізуде.

Президент ретіндегі жұмыс сапарын Түркістаннан бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев та Түркістанды қолдау, жаңғырту, жаңарту, дамыту жұмыс­тары тоқтамайтынын айтқан еді.

Бүгінгі таңда Түркістанда Бас жоспарға сәйкес 29 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде аумағы 1350 гектар болатын жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта 17 ны­санның құрылысы бар. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі: облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы.

Бұдан басқа, ол жерде басқар­малар (BI Group), департаменттер ғимараты (BI Group), Конгресс орталығы («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ), Нұр-Сұлтан алаңы (Астана қаласы), оқушылар сарайы («Са­мұрық-Қазына» ҰӘҚ), стадионның («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ) құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы рухани-мәдени орта­лықта 11 нысан салынып жатыр. Атап айтқанда, амфитеатр (Маң­ғыстау облысы), музыкалық су бұрқақ (Шығыс Қазақстан облысы), шығыс моншасы (Қызылорда об­лысы), қабылдау орталығы (Жам­был облысы), Қ.Ясауи мұражайы («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ), әмбебап кітап­хана (Шымкент қаласы), неке сарайы (Қостанай облысы), «Ұлы дала елі» орталығы (BI Group, Атырау облысы), сауда орталығы (Mabetex group), драма театр (Ақтөбе және Түркістан облысы) және Тұңғыш Президент саябағы. Ал кесене іргесіндегі 88,7 гектар жерге орналасқан «Тарихи аймақ­тағы» нысандар да қайта жаң­ғыртылады.

Биыл Тәуелсіз Қазақстан тари­хында алғаш рет Түркістан қала­сында халықаралық әуежайдың құрылысы басталды. Әуежайдың құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Тер­минал толық пайдалануға беріл­генде, халықаралық және ішкі рейс­терде сағатына 250 адам қа­былдауға қауқарлы болады. Жалпы, жаңа әуежай болашақта жылына 3 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетеді.

Жалпы, құрылыс нысанда­ры­ның басы биылдан бастап пайда­лануға берілсе, басым бөлігі келер жылы, қалғандары одан арғы жыл­дар ша­масында аяқталады деп жоспар­ланған.

Сөзін қорытындылаған облыс басшысы келесі кезекте басқосуға келген журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

Жиын соңында Астанадан кел­ген белгілі қаламгер, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп сөз алып, облыстың 1 жылдығымен құттықтап:

«Сонау Тәуелсіздік алған жыл­дардың басында сол кездегі Ленинградтағы Эрмитаждан кезінде түрлі себеппен әкетіліп, сонда ұзақ жылдар бойы қалып қойған қасиетті тайқазанымызды қалай алып келді, солай қазақтың ырыс-несібесі кө­те­рілді. Қарны тойған, қабағы ашыл­­ған, ел болып еңсесін тіктеген бас­та­малар мен жақсы тірліктің бәрі – сол тайқазанның елге оралуымен байланысты деп ойлаймын. Сон­дай-ақ сол қазанмен бірге апа­рылып, қалып қойған шырағдандар бар. Енді сол шырағдандарды қай­таруға әрекет жасасақ дұрыс болар еді. Өйткені ашық күнде адасып жүргендер мен жолынан жаңылып жүргендер бар, сол шырағдандар елге оралар болса, адасқандарға жарығын түсіріп жолын ашуға септігі тиер ме еді деймін? Бүгінгі жаңарып жатқан Түркістандағы игілікті іс-әрекеттердің куәсі болып отырмыз. Сондықтан Түркістан тәртіптің, тәрбиенің, тәлімнің мекені болсын және құтты Түркіс­танымыз жасай берсін», – деп ажарма тілегін жеткізді.

Алыстан ат арылтып келген қонақтар «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, қоғам қайраткері, көрнекті журналист Шәмшидин Пәттеев, «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл, қоғам қайраткері, қаламгер, республи­калық «Айқын» газетінің бас ре­дакторы Нұртөре Жүсіп, «Түркіс­тан» халықаралық газетінің бас ре­дакторы Қуат Әуесбай, «Ана тілі» га­зетінің бас редакторы, ақын, да­рынды публицист Жанарбек Әшім­жан және жергілікті жур­налистер «Жастар ресурстық орталығында» ұйымдастырылған Túrkіstan фо­тоөнер орталығы көрмесімен танысты, Қ.Ясауи кесенесін және жаңа қаладағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан нысан­дарды аралады.

   

Түркістан облысы