Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты. Бас санитар 27 мамырда №37 қаулыға қол қойған болатын. Ол бүгінгі сұхбатын осы қаулыға қатысты бастады. Шетелден әуе рейстері арқылы келген азаматтардың, яғни Қазақстан мемлекеттік шекарасынан 5 күннен кешікпей өтуіне берілген коронавирусқа қарсы ПЦР-тест нәтижесі теріс болса, бұл адамдар 14 күнге үй карантиніне оқшауланады. Бірақ, олар коронавирусқа тексерілуі үшін екі күндік карантиндік стационарға жатқызылмайды. Екіншіден, жоспарлы медициналық қызмет көрсету жұмыстары қайта басталды. Біз оған рұқсат бердік. Үшіншіден, біз науқастармен байланыста болған адамдарға қатысты ережені өзгерттік. Бұрын науқастармен байланыста болғандарды тұтас қарастыратын болсақ, қазір жақын байланыста болғандар және ықтималды байланыста болғандар деп бөлеміз. Жақын байланыстағылар – бұл науқастың жанында 15 минутқа дейін 1,5 метрден аз қашықтықта болғандар. Ал ықтималды байланыстағылар науқастың жанында 15 минуттан аса уақыт 1,5 метрден ұзақ қашықтықта болғандар. Бұған дейін жақын байланыста болған азаматтар ПЦР тесттен өтуге міндеттеліп, карантиндік стационарға жатқызылатын еді, қазір бұл әдіс өзгерген. Олар тестілеуден анықталған кезде және карантиннен шыққан кезде өтеді. Осы орайда оларға егер үйде жатуға жағдай болса, карантиндік стационарда емес, үйде жатуға мүмкіндік береміз. Тек ол адамдар 14 күн бойы үйде болатыны туралы қолхат жазып беруі қажет. Ал ықтималды байланыстағыларға қатысты айтарым, біз оларды да тестілеуден өткіземіз. Бұрын олар өздерінің тұрғылықты жері бойынша 14 күн бойы үй карантинінде оқшауланса, қазіргі таңда бұл талап етілмейді. Тек олар денсаулығында қандай да бір ауру белгісі байқалса, медициналық мекемеге жүгінуге келетіні туралы қолхат жазып береді. Олар үй карантиніне жатқызылмайды. Бұл адамдар емін-еркін жүре алады, тек денсаулықтарын қадағалап отыруы шарт, - деді ол. Бас санитардың айтуынша, 70 пайыз жағдай симптомсыз тасымалдаушы болып келеді. Бұған дейін симптомсыз тасымалдаушы дерті бар адамдар міндетті түрде жұқпалы аурулар стационарына жіберіліп, емдеу шаралары аяқталғанға дейін сонда болатын еді. Қазіргі таңда ол адамдар инфекциялық стационарда 3 тәулікке дейін ем қабылдап, өздерін жақсы сезінсе, онда үй карантиніне жіберіліп, қоңырау шалу немесе бейнеқоңырау жасау арқылы бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) қызметкерлерінің үнемі бақылауында болады. Сонымен қатар, тестілеу әдісінде де өзгеріс бар. Себебі, тестілеуден өтуі керек адамдар саны, жағдайға байланысты тест жасау контингенті үнемі өзгеріп отырады. 13 сәуірден бастап профилактикалық тестілеу өткізіліп келеді, - деді ол.