Іле Алатауы ұлттық паркінің бір бөлігі жекеменшікке өтті
Іле Алатауы ұлттық паркінің бір бөлігі жекеменшікке өтті
Фото: Интернеттен алынды
Іле Алатауы ұлттық паркінің бір бөлігі ұзақ мерзімге жекеменшік компанияның басқаруына берілді. Енді олар өздеріне тиесілі аумақты 49 жыл пайдалана алады. Атап айтсақ, Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары, Бутаковка сияқты аумақтар жекенің қолына өтті. Қала тұрғындары бұл жаңалықты әлеуметтік желілерде белсенді түрде талқылап жатыр. Көпшілік жердің жекеменшікке берілуі қорықтың флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізетінін айтады. Ал қалалық әкімдік әзірге жағдайды түсіндіруге асығып отырған жоқ. Мұндай шешімді Ауылшаруашылық министрлігі қабылдады десе, ол жақтағылар экологияға сілтейді. Белгілісі, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ұлттық парктің көз тартар жерлеріне туристік кешендер, бақылау алаңдары, лагерьлер мен көпірлер салу жоспарланған. «Хабар 24» жазуынша, заңгерлер ұлттық паркті жекеменшікке беруге болмайды деп есептейді. Бұл туралы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңының 23-бабында көрсетілгенін алға тартады. – Аталған заңдағы бап бойынша ерекше қорғалатын аумақтардың жерін алуға болмайды. Оның пайдалану мақсатын ауыстыруға да рұқсат жоқ. Тек бірқатар жағдайды атап айтқанда, мәдени-ағарту, ғылыми, оқу, туристік және белгілі бір аумағын шаруашылық мақсатқа пайдалануға болады. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда олардың мақсатына сәйкес келмейтін кез келген әрекетке тыйым салынады, – адвокат Бақтияр Ғалымжанов.