Жаңа заң Мәжіліс пен мәслихаттың құрамын жаңартады
Жаңа заң Мәжіліс пен мәслихаттың құрамын жаңартады
253
оқылды
Мемлекет басшысы сайлау, саяси партиялар және бейбіт митингі өткізу туралы заңдарға қол қойды. Аталған заңдарға қатысты қоғам пікірі әртүрлі: бірі қолдайды, енді бірінің көңілі толмайды, бұл – қалыпты жағдай. Біз Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерт­теулер институты директорының орынбасары Санат Құшқымбаевпен жаңа заң нормаларының ерекшелігі туралы сөйлестік. – Күні кеше Президент қол қойған үш бірдей заңға қатысты пікір әрқилы. Кей нормаларды әлі де жетілдіру керек еді деген пікір де айтылып қалды. Сіздің пікіріңіз қандай? Мысалы, Сайлау туралы заңның ерекшелігі ретінде қай бапқа назар аударар едіңіз? – Бейбіт жиындар өткізу, саяси партиялар және сайлау ту­ралы үш заң бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі бұлар бір пакеттегі заңдар. Соның ішінде Сайлау туралы заң мемлекеттік басқару және шешім қабылдау процесіне халықтың түрлі тобын тартуға қадам жасады деп са­наймын. Бұл заңның Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжы­рым­дамасына сай келетінін атап өту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғам­мен диалог жасауды кеңейтуге басымдық беріп келеді. Ал Сайлау туралы заң арқылы саяси алаңға қатысушыларды көбейту көз­делген. Сол себепті де Мәжіліс пен мәслихаттарда әйелдер мен 25-29 жастағы жастарға квота бөлініп отыр. Енді партиялар өз мүшелерін Мәжіліс пен мәсли­хатқа ұсынарда әйелдер мен жастарды да ескеретін болады. Мұндай квота әлемнің бірқатар елінде қолданылады. Енді біздің елде бұл норма сайлау туралы заң деңгейінде бекітілді. Бұл өзгеріс әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі де әйелдердің ел басқару ісінде ұтымды шешім қабылдай алатын қасиетін атап өткені бар. Алдағы уақытта Пар­ламентте әйелдер фракциясы, ко­митеті құрылуы мүмкін, ол құры­­лымдар еліміздегі әйелге жа­салып отырған жағдайды бақы­лауға, жетілдіруге, мони­торинг жасауға жол ашады. Сонымен Парламент пен жергілікті өкілетті органдарға жастар келе бастайды. Жастарды, негізінен партиялар­дың жастар қанаты ұсынатыны белгілі. Осылайша, жастар заман­дас­тары­ның мәселесін көтеріп, оны шешу жолын ұсынып, шешім қабылдауға ықпалын тигізетін болады. – Сіздің пікіріңізше, 25-29 жастағы жастар заң шығару ісіне дайын ба? Бүгіндері мәслихат де­путаттарының жұмысына көңілі толмайтын қоғам  жас депутат­тарды қалай қабылдар екен? Мәслихаттағы жастар «ақсақал­дардың» айтқанынан шыға алмай қалмай ма деген қауіп бар. – Бүгінгі таңда елімізде ха­лықтың 30 пайызына жуығын жастар құрайды. Қазақстан жастар мемлекеті саналады. Сондықтан жастар өкілінің заң шығарушы органда отыруы өте дұрыс шешім деп санаймын. Жастар үлкендер­дің айтқанынан шықпай қалады деп қорқудың қажеті жоқ. Себебі адам баласы 25-29 жаста саналы түрде әрекет етеді. Оның үстіне, жастар үшін Мәжілістен де, мә­слихаттан да соншалықты көп орын беріліп жатқан жоқ. Жас­тар мен әйелдер үшін бөлінген орын­дар жалпы мандат санының 30 пайызын ғана құрайды. Жалпы, бұл жаңалықтың бір пайдасы – жастар Мәжіліс пен мәслихатта жүріп саяси мәде­ниетті меңгереді. Заң жобасы мен жер­гілікті бюджетті талқылауға қатысады, пікірталаста шыңда­лып, саяси мектептен сабақ ала­ды. Бұл басқару элитасын жаңғыр­туға мүмкіндік береді. Ал жастар­дың 30 пайыздық квотаға енуі олар үшін басқару аппараты мен басқару саласына барар жолдағы әлеуметтік лифт рөлін атқарады. – Саяси партия құру және тіркеу үшін бұрын 40 мың мүшенің болуы талап етілсе, жаңа норма бойынша ол 20 мыңға азайтылды. Бірақ осының өзін көп деп жат­қандар бар... тіпті 1 мыңға азайтса да болар еді дейді. Сіздің пікіріңізді білсек. – 20 мың қол – 40 мыңның тең жартысы. Былайша айтқанда, бастапқы талаптағы сан екі есе азайтылып отыр. Мұндай шек не үшін қойылады, себебі саяси додаға қатысуға бел байлаған кез келген партияның республи­камыздың барлық өңірінде өкілдігі болуы керек. Яғни, саяси партия сондай өкілдіктердің ірі бірлестігі болуы тиіс. 20 мың қол жинау арқылы партия халықтың сеніміне ие болғанын дәлелдей алады. Егер оны 20 мыңнан азайт­сақ, әр өңірдегі таныс-тамыры мен туыс-туғанның қолын жинап-ақ партия құрып алуға мүмкіндік туады. Онда партияның саны көп, сапасы жоқ болады. Мысалы, Мәжіліске партиялар халықтың 7 пайыздан астам дауысын жинаса ғана өтеді. Бұл да ұсақ партия­лар­дың шектен тыс көбейіп кетпеуі үшін керек. Сондықтан 20 мың­дық барьер партиялардың өзі үшін де маңызды. Себебі 20 мың адамды мүше ете отырып, ірі және жалпыұлттық деңгейдегі партияға айналады. – Саяси партиялар туралы заңға «парламенттік оппозиция» ұғымы енгізілді. Парламенттегі кез келген депутат өз ойын ашық білдіріп, көпшіліктің шешімімен келіспесе, ол онсыз да оппозиция болып саналмай ма? Жаңа норма бізге не береді? – Жаңа заңға енгізілген «пар­ламенттік оппозиция» туралы нормалардың басым бөлігі бүгінде онсыз да қолданыста. Тек бұл жолы ол заңдастырылды. Пар­ламенттік оппозицияға анықтама берілді. Мәжілісте депутаттық фракциялары бар, заң жобалары бойынша дауыс беруді қоса сана­ғанда, парла­менттік көпшіліктің саясатына қар­сы пікірін ашық білдіруші және қызметтегі Үкімет құрамына кірмеген саяси пар­тиялар пар­ламенттік оппозиция саналады. Мұндай партиялар өз депутаттары арасынан Мәжілістің тұрақты комитеттері төраға­ларының, сондай-ақ Мәжіліс Тө­рағасы орынбасарының лауа­зы­мына кандидатура ұсына алады. Жаңа норма оппозициялық пар­тия мүшелерінің ішінен әлеу­меттік және экономикалық блок ми­нистрлерінің орынбасарла­рының лауазымына тағайындау үшін үміткер ұсынуға мүмкіндік береді. Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасын және мүшелерін ұсынуға құқы болады. Бұрын мұндай норма болған жоқ. Сонымен қатар парламенттік тың­даулар мен парламенттік тергеулерге бас­та­машы бола ала­ды. Заңда белгіленген тәртіпте қызметтік міндеттерін орындау үшін барлық лауазымды тұл­ғаларға және барлық нысандарға еркін кіру құқын иеленеді. Пар­ламенттегі оппозицияға осындай құқық беру демократия прин­циптерінің сақталуын қамта­масыз етіп, мемлекеттің жедел дамуына ықпал етеді. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Айдана БЕГІМ