Тағдырлы таңдау
Тағдырлы таңдау
184
оқылды

Кейбір оқиғалар баяу ағыспен басталып, бірте-бірте арынды өзенге айналып кете баратын бұлақтарға ұқсайды, олар уақыт өте келе тұтас мемлекеттер мен халықтар үшін аса маңызды мәнге ие болады.

Ол оқиғалардың бойында қо­ғамның іргелі негіздерін қоз­ғай­тын өзгерістердің өзегі бар. Өт­кенге зер салып қарасақ, жағ­даят­тардың жарасымсыз жым­дасуы­нан аса ауқымды қоғамдық ка­таклизмдер орын алып, сан ға­сырлық өркениеттер мен мәде­ниет­тердің құрдымға кеткенін кө­реміз. Абырой-атағын жұрт жап­пай мойындап, даңқын нақ­ты істермен тиянақтаған аса көр­некті тұлғалар ғана тарихтың бары­сын ырқында ұстап, оны сындарлы арнаға салып жібере ала­ды. Мұндай мемлекеттік қай­раткерлер өзінің алдындағы, қо­ғамның алдындағы жауапкер­ші­лік­тің алапат жүгін иығына арта біле­ді де, асқақ мақсат-мүддесін же­ріне жеткізе орындайды.

Қазақ КСР-нің жоғары бас­шы­лығына Кеңес Одағының тал­­қаны таусылар тұсында келіп, осы­­нау тар жол, тайғақ кешуге түс­кен Нұрсұлтан Назарбаев дәл сон­­дай көшбасшы болатын. Бұл жол осыдан дәл отыз жыл бұрын – 1989 жылдың 22 маусымында бас­талған еді, сол күні Қазақстан Ком­партиясы Орталық коми­те­тінің XV пленумында Нұрсұлтан Назарбаев республика партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұл шешім Елбасының білікті басшылығы­мен жүзеге асырылған бола­шақ­тағы асқаралы асуларға бастайтын бе­ташар сияқты болғанын, олар ақыр аяғында тәуелсіз Қазақ­стан­ның дүниеге келуіне жеткіз­генін содан бергі жылдар көрсетіп бер­ді.

Біз бұл мақаламызда осының бәрі қалай жасалғанын, ол жағ­дай­ларды нендей себептер туын­дат­қанын, сол тұста таңдаудың не­ге Нұрсұлтан Назарбаев тұлға­сына түскенін, басқа да күрделі сәттерді ой зердесіне салмақпыз.

Мұндай күрделі шырғалаң­дар­ды сөз еткенде оларды жалпы та­рихи контекстен және болған оқи­ғалардың бір-бірімен шыр­мауық­тай шырмасқан өзара бай­ланысынан бөлек қарастыру әсте мүмкін емес.

Ол жылдарда Қазақстан кеңес­­тік мемлекеттің құрамында одақтас республиканың құқымен дамып келген болатын. Осындай әжептәуір жоғары мәртебесіне қа­рамастан, басқарудың барлық тетіктері одақтық орталыққа – Мәс­кеуге барып тірелетін, түйінді ше­шімдердің бәрі сонда қабыл­данып, жергілікті жерлерге өкім­шіл тапсырмалар сол жақтан бе­рі­ліп жататын. Басқарудың осын­дай сірескен сатылық жүйесі мем­лекеттің барлық салаларын тыр­нағынан төбесіне дейін тырп еткізбей бақылап ұстап тұратын да, республикалардың адымын аштырмайтын.

Алайда, уақыт өте келе, 80-ші жыл­дардың орта шеніне қарай елде дағдарыстық құбылыстар бой көрсете бастады. Шаруа­шы­лық жүргізудің экстенсивті үлгі­сіне және теңгермешілдікке, мем­лекеттің басын сұқпайтын же­рі қалмайтын жүйеге негіз­дел­ген экономика адамдардың көп­теген сұраныстарына сай кел­меу­ге айналды. Сөренің астынан суы­рып салып, сауда жасайтын «қа­ра базарды» шығарған тауар зәру­лігі кеңестік қоғам өмірінің көзге бірден түспей қоймайтын бе­л­гісі болып алды.

«Темір шымылдықпен» қор­шалған қоғамның және эко­но­ми­калық автаркияның жағ­дайын­да КСРО-ның әлемнің белді елдері­нен артта қалғаны барған сайын бадырайып көріне бастады. Көп­теген салаларда үркітерлік үрдіс­тер үлкейген үстіне үлкейе берді, өзінің о баста бойына біткен кем­шіліктерінің салдарынан әкімшіл-әміршіл жүйе сыр беруге көш­ті. КОКП Орталық коми­те­тінің Бас хатшысы Михаил Гор­бачевтің бастамашылығымен қол­ға алын­ған қайта құрудың Кеңес Одағын жаңғырту, ел дамуын жаңа арнаға бағыттау жө­ніндегі ниеті іске аспады. Қайта құру әуелде бүкіл елде, соның ішінде біздің Қазақ­станда да үл­кен үміт ту­ғызып, көп нәрсе күт­тірген еді.

Алайда, басымдықтардың бұлыңғырлығы, нақты жұмыстың сыл­дыр сөзбен және қағаз­бас­ты­лықпен алмастырылуы, бәрінен бұрын – іс-қимылдың қолмен ұстай­тындай бағдарламасының бол­мауы бір қиырдан бір қиырға шы­ғандап шығып кете беруге, ал­дын ала ойластырылмаған қа­дам­дарға әкеліп соқтырды. Осын­­дай орашолақтықтар қа­тарын­да атышулы «алкогольге қарсы науқандарды» да, «еңбексіз кел­ген табыспен күресті» де, қол­ға алынған реформалардың қа­дірін кетірген басқа қателіктерді де еске алуға болады. Мұндай жаң­сақтықтар бара-бара ел бас­қару тізгінінен айырылуға, бей­бере­кеттікті көбейтуге алып келді де, соның салдарынан мемлекет ыды­рап тынды.

Сөз жүзінде басқарудың де­мок­ратиялық тәсілдеріне көшуді жақтағанымен, іс жүзінде Орта­лық өзінің дегенін істеумен бол­ды, бір ғана мақсатты – бәрін бас­тан-аяқ бақылап отыруды жә­не айтқанына сөзсіз бағын­дыруды көздеді. Осындай көр­соқыр шешімдердің біреуі 1986 жылғы 16 желтоқсандағы «18 ми­нуттық пленум» болды, онда Қа­зақстан Компартиясы Ор­та­лық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қызметінен кетірілді. Республикаға өзінің ойына келгенін істеген Орталық оның орнына Қазақстан жеріне табаны тиіп көрмеген, бұған дейін Ульянов облыстық партия ко­митетінің бірінші хатшысы қыз­метінде істеген Геннадий Колбинді тағайындады. Тегінде, мұның өзі әдейі ойластырылған қадам сияқты. Өйткені, одақтық партия элитасы үшін жер көлемі Батыс Еуропаның аумағынан асып түсетін индустриялы-аграр­лы Қазақстан ұдайы назарда тұ­ратын мекен еді. Қуатты кен байы­тушы және аграрлы өнер­кәсіп, энергетиканың, қара және түс­ті металлургияның алыптары құ­райтын салалар мен кәсіп­орын­дар елдің экономикалық жүйе­сінің біртұтас шаруашылық ме­ханизміне тұйықталған стра­тегиялық маңызды буындар бо­латын. Астықты аса мол өндіретін республика ретінде Қазақстан­ның Кеңес Одағының азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етудегі алар орны да орасан еді.

Тағы бір өте маңызды себепті атап айту жөн: республика аума­ғын­да одақтың қуатты әскери-өнер­кәсіптік кешеніне ғана ті­ке­лей бағынатын көптеген сан түрлі по­лигондар мен сынақ алаңдары бар-ды.

Сондықтан да 1986 жылдың жел­тоқсанында Колбинді әкеліп та­ғайындау Орталық тарапынан жа­риялылық пен қайта құру идея­­ларымен қанаттанып тұрған қа­­зақстандықтардың пікіріне ашық­тан-ашық астамси қарау­дың кеу­демсоқтық көрінісі бол­ды. Мұндай жағ­дайда бас­шы­лық­қа жергілікті кадрлардың іші­нен шыққан лайық­ты өкілдерді тарту қисынды әрі көкейге қонымды еді. Өйткені, құрамына 19 облыс кіретін, КСРО-дағы ең көпұлтты болып табы­ла­тын мұндай алып әрі күрделі рес­пуб­ликаны басқару оңай міндет емес-ті. Алайда, Ор­талық осындай орын­сыз озбыр­лық­қа қарсылық біл­дірген сту­дент жастардың аяқас­ты ұйым­дас­тырылған бейбіт шеруін қатал күш­пен басып-жан­шыды. КОКП Орталық коми­те­ті­нің «Қазақ рес­публикалық партия ұйымының ең­бекшілерге интер­националдық және патриоттық тәр­бие беру жөніндегі жұмысы ту­ралы» қаулы қа­былдап, онда іс жү­зінде бүкіл қа­зақ халқын ұлтшыл деп айып­тауы одан да өткен мо­ральдық-пси­хологиялық ауыр соқ­қы бол­ды.


Республика жұртшылығы жек кө­ретін көлденең көк атты Кол­биннің аз уақыт арасында билік құруы тұсында анау айтқандай еш­теңе тындырыла қоймады, көп ұза­май-ақ оның дәурені де өтуге айналды. «Қазақстан. Тосынсый­лар мен қасаңқалыптар» атты кі­тап­тың авторы Дж.Айткен бұл қай­раткерді «Колбин ескірген дәуірге қайта оралудың өзінше бір бейнесіне айналды» деп сипаттаған еді. Бұйрық алса бітті, құйрығын қай­қайтып шаба жөнелетін осын­дай қайраткер-сымақтар ғой кеңес өкіметінің күні батуын тездеткен. Ол кәдуілгі «партия солдаты» бо­ла­тын, ондайлардан басқа нәрсені кү­те қою да қиын. Біз Орталық ко­митет аппаратында жұмыс істеп жүр­генімізде Колбиннің ет өндіру жос­парын сайғақтар мен жыл құс­тарын қырып атудың есебінен тол­тыруды ұсынғанын естіп, жаға­мызды ұстағанбыз.

Бұл орайда Елбасымыздың әдеп­тілік пен ізеттіліктен атта­ма­ғанын, Колбин туралы ешқашан тө­менсітіп сөйлемегенін атап айту ке­рек, ал талайлар Орталықтан әке­лінген әлгінің жұмыс тәсілін сыр­тынан сөз етіп, келекеге ай­нал­ды­рып жүретін. Әйтсе де, осы жайын­да айтқанында Михаил Гор­бачев, оның сөзін Айткен кел­тір­ген, былай деп мойындайды: «Біз­дің Колбинге байланысты жіберген қа­телігімізді түзетуіміз қажет бол­ды. Мұның өзі этносаралық қаты­нас­тар саласындағы бірінші өрес­кел қателігіміз еді, мен оны қайт­кен­де де қайталамауға берік бе­кін­дім. Біз бәріміз өз республикасын қа­зақтардың өзі басқаруы керек деп шештік, сөйттік де жаңа бас­шы­сы кім болатынын таңдауды олар­дың өздеріне қалдырдық».

Бұл кезде уақыт анағұрлым өз­гере бастаған еді. Реформалардың та­бандап тұрып алуы және бас­шы­лық­тың жөнсіз жүргізілуі бара-бара көңіл толмаушылықты кө­бейт­ті, тіпті алғаш рет жаппай ми­тингілер мен ереуілдерге шық­қан жұртшылықтың ыза-кегіне ұласты. Орталық пен республи­ка­лардың арасындағы ушыға түскен қа­рама-қайшылықтар да іскерлік түйі­нін таппады. Сондықтан да 1989 жыл Кеңес Одағы үшін еге­мен­дікке ұмтылыстың, ми­тин­гішіл­діктің және ереуілшілдіктің артуының, ұлтаралық қатынас­тар­дың шиеленісуінің бастапқы ке­зеңіне айналды, кейіннен олар аяу­сыз қантөгіс пен қақтығыстарға ұлас­ты.

Орталық ендігі жерде Қазақ­стан­да бұрын жіберілген қателікті қай­таламауға тырысты, респуб­ли­калық партия ұйымының бас­шы­лы­ғына кандидатураны жергілікті кадрлардың арасынан іріктеуді жөн деп тапты.

Ол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың аты республикада да, одан тысқары жерде де ауыздан түспей тұрған болатын. Жұмысшы ор­тадан шыққандықтан, өзінің ең­бек жолын металлургтің «отты» ма­мандығынан бастағандықтан да ол қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқ­тажын басқалардан гөрі сергек се­зінетін.  

Назарбаев белсенді, білімге құш­­тар еді, өндіріс мәселесі болса да, әлеуметтік жағдайлар болса да еш­теңеге енжар қарамайтын, қа­шан­да қоғамдық өмірдің қайнаған ор­тасында жүретін.

Біз әңгімелеп отырған кезге дейін комсомолдағы және партия­да­ғы жұмыстың барлық саты­ларынан өткен оның Қарағанды облыстық партия комитетінің екін­ші хатшысы, Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп, көлік пен байланыс жөніндегі хатшысы, сондай-ақ Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Тө­рағасы қызметтерінде жинақ­таған елеулі басшылық тәжірибесі бар еді. Ол республиканың әлеу­мет­тік-экономикалық өмірінің бар­лық қыр-сырын қыртысына дейін білетін, әр облыстағы, әр кә­сіпорындағы істің жайынан жақ­сы хабардар болатын. Сонымен бірге, стратегиялық тұрғыдан ой­лайтындықтан, республиканың ға­на емес, тұтас елдің де эконо­ми­калық дамуын болжай алатын. Та­лай адамдар оның басшылық әді­сіндегі іскерлікті, нақтылықты жә­не мәселені шешуге қашанда дайын тұратынын атап айтатын. Ол сол кездегі көптеген қайрат­керлерден басшылықтың алдына мәселелерді өткір қоюымен және өзінің пікірін табанды түрде қор­ғауымен ерекшеленетін. Назарбаев­тың мұндай қағидатшыл қасиет­терін, біліктілігі мен батылдығын бұрынырақтан, 70-ші жылдардан-ақ Мәскеудегілер де білетін, сол кезде ол жоғарыда жүрген партия қайраткерлерін республиканың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, адамдардың тұрмысы мен жұмысы үшін лайықты жағдай жасау қа­жеттігіне сендіретін.

Алайда, одақтық Орталық бас­қа кандидаттарды да қарастырды. Талай атқарымпаздарды маңдайы­нан шертіп көрді. Алғаш рет аза­мат­тардың ауызша сауалнамасы жүр­гізілді – Алматы тұрғындарын кө­шеде тоқтатып тұрып, пікірлерін сұрады. Содан кейін барып қана таң­дау Назарбаевқа келіп тірелді.

Зияткерлік әлеуетімен, қуатты көш­­басшылық қасиеттерімен қа­бысқан өмірлік және кәсіби тә­жі­рибесі жаңа уақыттың рухына ба­рын­ша толық сәйкес келетін кан­ди­дат тап Нұрсұлтан Назарбаев бо­лып шық­ты.

Тарих дамудың сан қилы белес­те­рінде қоғам мемлекет көшбас­шы­сының белгілі бір түрін қатты ке­рек ететінін көрсетеді. Қазақ­стан­ға да бәрінен қоғам мүддесін биік қоятын, ортақ іске шындап жан ауыртатын, жұртты еліктіріп, соңынан ерте алатын жаңа буын басшысы ауадай қажет еді.

Әйтсе де, мұның бәрі оп-оңай бол­майтын. Назарбаевтың қағида­ға қатып қалатын қасиетін, та­лап­шылдығын жақтырмайтын­дар да, оның республика Ми­нистрлер кеңе­сінің төрағалығынан әрі қарай өспегенін қалайтындар да табыла­тын. Ондайлар домалақ арыздар домалатып тастайтын, біреулер оны тексере бастайтын.


Сыни тұрғыдан ойлай білетін Назарбаев елдегі басқарудың түрлері мен тәсілдері әбден тозып біт­­кенін терең түсінді, кеңестік эко­номикалық үлгінің қиғаштық­тарын және тиімсіздігін, олардың уақыттың талабына сай келмейті­нін анық көрді. Сонымен қатар, оның бас қатыратын мәселелері тек экономиканың айналасы деп айту да атымен қате болар еді. Ха­лық­тың қайнаған халық ортасы­нан шыққандықтан да ол респуб­ли­каның қоғамдық-саяси өмірі­нің, адамдардың көңіл күйінің барлық көкейкесті мәселелерін терең түсініп отырды. Реалист әрі прагматик адам ретінде Назарбаев сол қоғамдық ахуалдан қалтарыста жатып қайнаған өзгерістерді дәл се­зіне білді және олардың өмірлік қажеттілігін айқын ұғынды.

Сол бір бетбұрыстық кезеңнің ру­­хы мен Елбасы айқындаған ба­ғыт-бағдарларға сенімнің бірегей куәсі ретінде Нұрсұлтан Назарбаев­қа 1989-1990 жылдар аралығында Қа­зақстанның қиыр-қиырынан ке­ліп түскен хаттар мен үндеулерді кел­тіруге болады. 

Олар кейде се­зім­ге ерік беретін, қатқылдау ай­ты­­латын, сонымен бірге шы­найы сенімді және өзгерістер бола­ды деген үмітті білдіретін. Осы ма­қа­ланы дайындау барысында Тұң­ғыш Президент – Елбасы ар­хи­ві­нен алдыртқан құжаттарымыз – мұ­ның айқын дәлелі. Мұндай хат­­тардың, әсіресе, Семей өңірінен көп түскенінің себебін түсіну қиын емес. Өйткені, дәл сол өңірде Се­мей ядролық полигонындағы сы­нақ­тардың зардабынан туындаған экологияның, адамдар денсаулы­ғы­ның проблемалары ерекше кө­кейкесті еді. Жүректі тіліп өтетін­дей, сол сұмдықтан азап тартқан халыққа көмек көрсетуге ұмтылған осынау үндеулерді, шын мәнінде, жанайқай деуге болады. Мысалы, сол кездегі Семей облысының Абай ауданының тұрғындары Т.Сләм­беков, Х.Битербаев: «Лауазым иелері мен ведомстволардың адам­дарға жүргізген эксперименттері үшін жауапкершіліктің, айырылған денсаулықтың өтемақысын алу­дың мәселелерін көтере жүріп... біз, әзірше тірі, ешкімге керегі жоқ, ауру қарттар, сан түрлі орын­дарға, тіпті М.С.Горбачевке дейін шағындық. Алайда, біз қазір де өз қа­сіретімізбен өзіміз ғана бетпе-бет қалып отырмыз. Көмектесе кө­ріңіз!» деп жазған.

Көптеген үндеулердің негізгі ар­қауы – тіл мен мәдениетті, ха­лықтың рухани мұқтаждықтарын қайта өркендету, олар ондаған жыл­дар бойы тұншықтырылып, то­лыққанды шешілмей келген еді. Бұл хаттар ұлттық сана-сезімнің сер­пінді дамуының, ұлттық біре­гейлікті іздеудің көрінісі болатын. Ай­талық, өздерін қинаған ойла­ры­мен Гурьевтен (қазіргі Атырау) хат жол­даған Б.Аймағамбетов, Н.Нау­рызғалиев, Ж.Құтқұжиев: «Те­ледидар мен радио бәз-бая­ғысынша қазақша хабарды өте аз таратады. Ана тіліміздің мәдение­тін насихаттаудың көлемі де, дең­гейі де өте төмен» деп бөліседі. Олар қазақ тіліне Қазақстанда мем­лекеттік тіл мәртебесі берілуі ке­рек деп санайды.

Тағдырдың тәлкегімен туған жерден жырақта жүрген қандас бауыр­ларымызбен байланыс ор­нату, олардың Қазақстанға қайт­қысы келетіндеріне қолдау көрсету ке­ректігі жөнінде де ойлар ортаға са­­лынған. Бұл сөздер Семей сту­дент­­тері мен жұмысшы жастар өкіл­­дерінің хаттарында да жа­зылған, олар сондай-ақ әскери та­­қырыптағы кеңестік фильмдерде ба­тыр қазақтардың көрінбейтініне, рес­публиканың талай жерінде қа­зақ тіліндегі газеттердің же­тіс­пей­тін­дігіне таңдана ашынатын, Ала­шорда қайраткерлерін ақтауды сұрай­тын.

Елде ұлтаралық шиеленістің өр­шуіне алаңдаушылық танытқан аза­маттар өздерінің ортақ үйі – Қа­зақстанда тыныштық пен бір­ліктің сақ­талуын, нығай­ты­луын жақ­тай­тынын білдіреді. Мысалы, қысқа демалысы кезінде туған қаласы Гурьевте болып қайтқан десантшы сол­дат Игорь Ковален­ко былай деп жазады: «Мен Қазақстанда туып-өскен­мін. Со­дан бері Ота­ным­нан қай жаққа қарай аттансам да, мені қа­зақтың жеріне тартады да тұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді халық шынайы құрметтейді, мен өзім Сізді өте жақсы көремін. Сізден десантшылар менің анам­ды ешқашан Отанынан алып шығуға мәжбүр болмайтындай ету үшін қол­дан келгеннің бәрін жасауды сұраймын. Сізден өз ба­лаларының әке­сі ретінде, жасы үлкен аға, көп­ті көрген адам ретінде осыны өті­не­­мін. Бұл ха­тым Сіздің жеке өзіңіз­­ге арналған, оны тиісті же­рі­н­е жібермесеңіз екен».

Республикада бейбіт өмір мен ты­­ныштықты сақтауды тілек ететін осындай сөздерді Нұрсұлтан Назарбаевқа Шығыс Қазақстан об­лысынан Ағжан Құмарова мен Майра Ахметова да жолдаған екен. «Бізге ұлтаралық жанжалдың керегі жоқ, өйткені оның аяғы неге соқ­тыратынын біз білеміз. Сіз жүр­­гізіп жатқан саясатты жалғыз ға­на дұрыс саясат деп санаймыз, Сіз бізді дұрыс түсінеді деп үміт етеміз», деп атап көрсетеді олар.


Украина астанасы Киевтен жол­даған хатында Антонина Мос­ковкина соғыс жылдарында қа­ра­пайым қазақтардың өзінің от­ба­сына, өзіне қандайлық көмек көр­сеткенін алғыс айта отырып еске алады: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бұл хатымды тамаша адамдарды, біздің сол бір ауыр жылдардағы өмірімізді жадымда жаңғырта жазып отырмын. Ешкім де сан түрлі ұлттар өкілдерінің ара­сына араздық отын жаға алмай­ты­нына сенемін» Осылай деп келеді де, хатын «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, қош-сау болыңыз, көп-көп денсаулық тілеймін!» деген сөз­дерді қазақша жазып аяқтайды.

Үндеулер авторлары рес­пуб­ли­каның дамуын тілеген ойларын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бай­ланыстырады, ол Қазақстанды жаңаша өркендеу мен өрлеуге жет­кізеді деп сенеді. Бұл ой Шевченко (қа­зіргі Ақтау) қаласынан жолдан­ған И.Шоқбарбаевтың хатында бы­лай жеткізілген: «Соңғы 30 жыл­­дың ішінде қазақтардың ара­сы­нан Одақта және республикада бе­делге ие, тілімізді, мә­де­ние­тімізді, өнері­мізді, тари­хы­мыз­ды, демек, Отаны­мызды – Ал­тай­дан Атырауға дейінгі аралықта өмір сүретін адамдарды қорғауға мүмкіндігі бар көшбасшы шықты». Басқа да автор­лар сияқты, ол да Нұр­сұлтан Назарбаевтан «ұлттық мә­се­лелерді адам қанын төкпей, аза­мат соғысына ұрын­дырмай ше­шуді» сұрайды.

Тағы да айтамыз: Назарбаевтың мұн­дайлық кең танымалдылығы, алыс­қа баратын кең құлаштылығы жұрт­тың бәріне бірдей ұнай берген жоқ. Әдетте, тегеурінді тұлға дәйім озып жүреді, сол жолда оның ал­ды­нан теріс ниетті кісілер қойған ке­дергілер шықпай қоймайды. Сол сияқты, Назарбаевтың белсенді қай­раткерлігі де партияның орта­лық аппаратында ұйысып тұрған кон­серваторлар мен кертартпа­лар­дың тып-тыныш кабинетте жан ты­ныштықта отыра беруді қалауы­на немесе қатып-семген ұрандарды ұстанып алып, қызмет бабында өсу­­ге не тиісті қасиеттері, не кәсі­би тәжірибесі жоқтығына қара­мас­тан, мансап сатыларымен жанұшыра жоғары жүгіруіне аты­мен кереғар келетін. Назарбаев олардың жолын анық кесіп тұратын, бітімі бөлек бо­латын, үйреншікті үлгілер мен қа­лыптардың шеңберіне сый­май­тын. Осынау сан-сапалақ сұр­қия­лар бәле-жаланың торын шыр­мауық­тай құрып, Назарбаевтың кан­дидатурасын межеге жақын­дат­пай жатып «жалп еткізуге» жан­таласып бақты. Олар тұтастай бір науқан ұйымдастырып жіберді, мақсаттары біреу ғана: Назарбаев­ты қаралау, қадірін кетіру, сөйтіп сағын сындыру. Республиканың Орталық комитетіне ағылып келіп жататын хаттардың арасында бол­мағанды болғандай етіп жазу да, ашықтан ашық жала жабу да кезде­сетін. Кабинеттеріне қонжиып ал­ған атқарымпаздар әлгі жалған ақ­­параттың қайдан келіп жатқа­нын жақсы білетін. Назарбаевты қа­лайда іліп-шалып, құрықпен құ­латып түсіру үшін кез-келген ілік­ті індете іздеуді мақсат ететін не­ше түрлі комиссиялар мен тек­серу топтары бірінен кейін бірі құрыла беретін. Алайда, оларынан ештеңе шықпады, әлгі комис­сия­лардың ешқайсысы да оның өмі­рінен де, жұмысынан да тіпті кіш­кентай да жағымсыз фактіні не­месе кір келтірер таңбаны таба ал­мады. Осының бәрі оның жүй­кесін қаншалықты жұқартқаны, ж­анын жегідей жегені айтпаса да бел­гілі. Назарбаев дәйім пси­хо­ло­гиялық қысымды сезінумен жүрді, оны моральдық жағынан майып етпекші болды.

Біз, сол кездегі Орталық коми­тет аппаратының қызметкерлері, Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қиын жағдайда екенін түсіндік те, сезіндік те, оған жанымыз шындап ашитын. Республиканың бірінші бас­шысы қызметіне тек Назарбаев­тың ғана нағыз лайықты екендігі айдан анық болатын. Абырой бер­генде, ол нағыз күрескерлік қа­сие­тін, мінезінің мықтылығын көр­сет­ті, тағдырдың тегеурініне лайық­ты төтеп берді. Қайта сол сы­нақтан бұрынғыдан да шыны­ғып, ширап, күшейіп, жаңа сын-қа­терлерге дайын тұратындай шың­далып шықты.

Назарбаевтың бұл кезеңде рес­публикалардың біріндегі эконо­ми­калық сала жетекшісі деңгейінен асып кеткенін, жалпыодақтық ау­қымда ойлай алатын саяси қай­раткер биігіне жеткенін атап айту қа­жет. Оның сол 1989 жылғы ма­мыр­да КСРО халық депутаттары­ның І съезінде қуатты және сенімді түрде қорғаған нақпа-нақ идея­лық-саяси бағдарламасы мұны ай­қын көрсетті. Бағдарлама бір-бірі­мен байланысқан, экономи­ка­лық және қоғамдық-саяси блок­тар­ды қамтитын 12 ұстанымнан тұра­тын. Олардың бәрі де негіз­дел­ген әрі көкейкесті болатын, рес­публиканың түпкілікті мүдделерін, Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтажын көздейтін. Ұстаным­дар­дың ішінде тауардың зәрулігін жою, бағаның өсуін тоқтату, елдің қар­жы жүйесінің ауытқы­ма­лы­ғы­мен күресу, шаруашылық есеп үл­гілерін жетілдіру, одақтық ми­нистр­ліктер мен ведомстволар өк­темдігін болдырмау, Арал мен Се­мей өңірінің экологиялық апа­тына байланысты проб­ле­ма­лалар­ды шешу бар болатын. Оған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев түсімді одақ­тық және республикалық бюд­жет­тер арасында әділетсіз бөлетін жүйе­­­­ден аулақ жүру қажеттігін айт­­­­­ты, жалпыодақтық страте­гия­лық нысандарда одақтық ве­домство­лардың жергілікті халықты кемсітетін дімкәс тәжірибесінен бас тартуға шақырды, жергілікті өзін-өзі басқару реформасын жүр­гізуді жақтады. Бағдарламада сон­дай-ақ ахуалды тұрақсыздандыру қаупінің алдын алу, халықтар дос­тығын сақтау, республикалардың өкілеттілігін кеңейту, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан кейін қа­зақ халқын ұлтшыл деген ресми айып­ты алып тастау талаптары да бар еді.

Осылайша, біздің Көшбас­шы­мыз Қазақстанның одан әрі да­муы­ның кілті экономикадағы өз ке­зе­гін күткен міндеттерді шешу­де, кең көлемді егемендікке қол жет­кізуде, республикада тұрақ­ты­лықты сақтауда, туған халқының жақсы атын қалпына келтіруде деп білді. Бұл айтылғандардың көбі сол кезде әлі күшінде тұрған кеңестік басшылықтың көңіліне тіпті де жаққан жоқ. Мұндай жағдайда Назарбаев өзі тұрғылас басшы­лар­дан күні өткен дағдылардан, тап­таурын үлгілерден ада ауқымды көзқарасымен, сенімділігімен, сі­рескен соқыр сенімдер мен қатып қал­ған қасаң қағидалардың шең­бері­нен шығып, жаңаша ойлап, әре­кет етуге ұмтылысымен айрық­ша бөлектеніп тұрды. Оның қуатты қайрат күші, харизмасы мен өзіне сенімділік серпіні бүкіл аудито­рия­ны шарпып алатын. Назарбаев жұрт­тың бәрі ықылас қоя тың­дайтын және қуаттап қолдайтын одақтық деңгейдегі саясаткерге ай­налды. Біз бәріміз де сол кезде өтіп жатқан КСРО халық депу­тат­тары съездерінде Нұрсұлтан Әбішұлының кеңестік басшы­лықтың ең жоғары қызметтеріне ұсынылғанын ұмытқан жоқпыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кан­дидатурасы басшылардан білік­тілікті, бастамашылдықты, темір­дей берік ерік-жігерді, адамдармен жұмыс істей алуды талап ететін уа­қытқа барынша сәйкес келетін еді.

Сондықтан да Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің 1989 жылдың 22 маусымында өт­кен XV пленумын Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі де, бүкіл республиканың тарихындағы да бет­бұрыстық белес деп санауға бо­лады. 

Ол кезде партия пленум­да­рында ішкі партиялық жұмыстың неғұрлым маңызды мәселелері, сая­си және экономикалық проб­лемалар қарастырылатын.