Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Алайда кейбір шаруашылықтар еккелі отырған астығынан айырылып, техникасыз қалып отыр. Бұл жағдай Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы бірқатар фермерлік қожалыққа ортақ. Azattyq Rýhy порталының жазуынша, бір апта бұрын Ақмола облысы Егіндібұлақ ауданындағы «Бауманское 2030» шаруашылығына сот орындаушылары арнайы жасақпен сау ете түскен. Әскерилер астық тұрған қойманың қақпасын бұзып, тұқымға деп арнап отырған 1 000 тонна астықты тиеп алып кеткен. Шаруашылық қызметкерлері нағыз егін егетін кезде тұқымсыз қалғанына назалы. «Олар қоршауды сындырып, астығымызды алып кетті. Егер шаруашылық жұмысы тоқтаса, біз де күнкөріссіз қаламыз» деп мұң шағады астық қоймасының меңгерушісі Оксана Иванюк Azattyq Rýhy тілшісіне. Үш бірдей облыста шаруашылық жүргізіп, 40 шақты фермерлік қожалық құрған «Алиби» агрохолдингі былтыр банкротқа ұшыраған. Несиесін төлей алмай тірлігі тоқыраған компанияға инвесторлар көмекке келіпті. Проблемалы шаруашылықтар инвесторларға мемлекет кепілдігімен берілген. Алайда кері кеткен істі алға сүйремек болған кәсіпкерлердің жұмысына кедергі көбейген. Бұрын «Алиби» холдингіне қарасты шаруашылықтарда жұмыс істеп келген мыңдаған адам табысынан қағылғалы отыр. Ақмола облысының Егіндікөл ауданындағы «Бауманское 2030» ЖШС-де Бауманское ауылының 250 тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын елді мекендегі 700 мыңға тарта адамды азықпен қамтамасыз етеді. Шаруашылыққа тиесілі жер көлемі 75 мың гектардай алқап, бұл көрсеткіш аудан территориясының үштен біріне тең. Кәсіпорынға тиесілі жерден өндірген өнім шығыны гектарына 20-25 центнерден айналып отырған. «Біз сот орындаушыларынан қарызға қатысты барлық істі күзде өнім алған кезде қарастыруды сұрадық. Алайда олар көнбеді. Арнайы жасақпен сау етіп жетіп келіп, астық қоймасын бұза бастағанда ауыл тұрғындары да, жұмысшылар да шошынып қалды. Дәл қазір егістік науқаны қызып тұрған шақта біз бір апта уақытымызды жоғалттық», – дейді «Бауманское 2030» ЖШС директоры Ерлан Шаяхметов. Дәл қазіргі сәтте шаруашылыққа 2 200 тонна астық тұқымы жетпей тұр. Е.Шаяхметовтің айтуынша, ол басқаратын компания тұралап қалған шаруашылық жұмысын былтыр қолға алған. «Біз инвестор ретінде жұмысқа енді кірісе бастағаннан-ақ сот орындаушылары келіп мазалай бастады. 2019 жылдың өзінде 800 бас ірі қараны, жылқы мен техниканы алып кетті. Егер бір сиырдың нарықтағы орташа құны 300 мың теңге десек, олар оны 110-120 мың теңгеге сатып жіберді», – дейді компания директоры. Көрші Есенгелді ауылындағы «Тілекей Агро» шаруашылығындағы жағдай да осыған ұқсас. Биыл 35 мың гектар жерге бидай еккелі отырған жерінен 4 мың тонна астығын сот орындаушылары алып кеткен. «Олар былтыр 400 бас ақ бас сиыр тұқым алып кетіп, бір басын 60 мың теңгеден сатып жіберді. Біз бұл жағдайға таңғалып отырмыз. Бізді қорғайтын заң бар ма?» деп күйінеді шаруашылық директоры Жанат Қозыбағаров. Олар «алдағы уақытта шаруашылықтың бұрынғы иелерінен қалған техниканы да сот өкілдері алып кете ме?» деген қаупі барын айтады. Astana телеарнасының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Ғабит Мүсірепов ауданындағы аграршылардың ахуалы қиындаған. Жоғарыда аталған «Алиби» агрохолдингінен «мұраға» қалған мәселе ол жақта да шешілмей тұр. Ғ.Мүсірепов ауданы Тохтаброд ауылындағы шаруашылық иелерін де сот орындаушылары алқымнан алған. «Екі күн бұрын сот орындаушылары бізден егін егетін қондырғыны тәркіледі. Қазір егістік науқаны жүріп жатыр. Бұл техника бізге ауадай қажет. Кәсіпорында 280 адам жұмыс істейді. Егер сот орындаушылары бізге бөгет жасай берсе, шаруашылық ісі тоқтап қалуы мүмкін», – дейді телеарнаға мұңын айтқан фермер Ринат Жұмабаев. «Алиби» агрохолдингі банкрот болған соң оған қарасты 40 шақты шаруашылықты инвесторлар кепілдікпен алып, іске кіріскен. Мемлекеттік комиссия шешімінен кейін бұрынғы компанияның қарызын инвесторлар 15 жылдың ішінде төлеуі тиіс болған. Алайда сот орындаушылары комиссия шешімімен келіспей, жұмысқа кедергі келтіруде. Осылайша, тұралап қалған салаға қаржы құйып, жаңадан іс бастағалы отырған кәсіпкерлер қоғамнан көмек сұрап, істің ақ-қарасын ажырататын жандарды іздейді. Олардың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар мен агросекторға қаржылай қолдау көрсететін ұйымдардан әлі қайран болмай тұр.
Бауыржан БАЗАР