«Бұзауды ұрлаған, өгізді де ұрлайды» демекші, мал ұрлығы басылмай тұр. Кісінің малы өзгеге мал бола ма? Оны ұғып жатқан ұры жоқ. Мал ұрлығы қоғамдық проблема болып тұр. Елімізде 2019 жылы 4 700-ден астам осындай қылмыс түрі тіркелген. Жақында Алматы облысында ірі қараны атып, етін сатып келген топ ұсталды.
Қазақстанда мал ұрлағандарға жаза күшейді, себебі Қылмыстық кодекске мал ұрлығы бойынша арнайы бап енгізілді.
– Мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды. Бұдан бөлек, енді мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар ымыраға келе алмайды. Тыйым салынды. Қылмыстық кодекстің 68-бабына түзету енгізілген, – дейді Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.
Оның айтуынша, мал ұрлаған адам 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қылмыстық топ 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Дегенмен өзгенің меншігіне қол салушылар тартынар емес. Жыл басында, яғни ақпанда Алматы облысында барымташылар қолға түсті. Олардың барлығы 37 бас жылқыны айдап әкеткені анықталды. Олар негізінен Еңбекшіқазақ, Кеген және Ұйғыр аудандарында барымтамен айналысқан. Ұрлаған малды дереу сойып, етін сатып пайда тапқан. Полицейлер күдіктілерді Алматы қаласында жалдамалы пәтерде жасырынып жатқан жерінен ұстапты.
– Ұсталғандардың жетеуі топтың негізгі мүшелері, яғни ұрлау, ұрланған малды тасымалдаумен айналысқан. Ал қалған төртеуі – мал сатып алушылар. Барлығы бір қылмыстық топтың мүшелері, жымысқы әрекеттерін іске асыру кезінде Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрған. Дегенмен ол да кәсіби із кесушілерден жасырынуға мүмкіндік бермеді. Ұсталғандарға 8 дерек бойынша айып тағылды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары барымташылар алған малдың бір бөлігін тірідей тауып, заңды иелеріне қайтарды, – дейді облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сәкенов.
150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыстық топ Түркістан облысында да ұсталды. Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков брифинг өткізіп, Түркістан облысының полицейлері 70 миллионнан астам теңге тұратын 150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыстық топтың ұсталғанын атап өтті. Cәуір айында Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан малы ұрланғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы толық құрамда шықты. Жәбірленушінің айтуынша, полиция қызметкерлері оның 20-дан астам жылқысы жоғалып кеткенін анықтады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 188-1-бап 4-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша тіркеліп, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шарасына кірісті. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан облысы Полиция департаменті криминалдық полиция қызметкерлері Түркістан қаласы мен Кентау қаласының 5 күдікті тұрғынын, оның ішінде ұрланған малдарды сатып алушыны да ұстады. Тергеу барысында барымташылардың 125 жылқы мен 30 бас ірі қара малын ұрлауға қатысы бар екені анықталды. Олардың 2017-2020 жылдар аралығында мал ұрлығының 19 оқиғасына қатысы бары белгілі болды. Полиция қызметкерлері аталған қылмыстық топтың ұйымдасқан түрде қылмыс жасағанын сеніммен айта алады. Қылмыстық топтың құрамындағы ұрылардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті орындаған. Кейбіреуі мал жайылымнан мал ұрлап алып шықса, басқалары оларды қора-жайларға жайғастырып отырған, ал үшіншілері ұрланған малдарды сатқан немесе сойып, етін өткізіп жүрген. Күдіктілердің үйін тінту кезінде тәртіп сақшылары 18 бас жылқы мен 9 сиырды тауып тәркілеп, оларды заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 70 миллионнан астам теңгеге жеткен. Күдіктілер қамауға алынды.
Алматы облысы Кеген ауданының полицейлері бірнеше рет біреудің қорасынан қой ұрлап, оны заңсыз саудалаумен айналысқан 3 адамды ұстады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, күдіктілердің 19 жастағы жергілікті тұрғындар екені анықталды. Олар өз істерін толығымен мойындап, одан өзге бірнеше ұрлыққа қатысы барын да айтты. Топ мүшелерінің бірі өз қолымен әкесінің шаруа қожалығынан ұрлық жасауға көмектескен. Барымташылардың айтуынша, олар бұл іске ақша үшін барған.
Сақтықта қорлық жоқ. Олай болса, әркім өзінің шаруашылық аулаларын сенімді қоршаумен нығайтып, жарықтандыру керек. Үй малына ен-таңбаларын салдыруды ұмытпаңыз. Үй жануарлары жоғалған немесе ұрланған жағдайда тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабар беріңіз.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ