Жұмыс көп, іздеуші аз
Жұмыс көп, іздеуші аз
127
оқылды
Қазақстанда 19 миллионға жуық халықтың 9 миллионы еңбек­ке қабілетті. Оның ішінде тұ­рақ­ты жұмыс істеп, зейнет­ақы қорына қаржы салушылар 6,5 миллион­ға жақын, ал 2 мил­лионға жуығы өзін-өзі жұ­мыс­пен қамты­ған­дар. Жұ­мыс­­сыз­дар саны 600 мың шама­сы­н­да. Элек­трон­ды еңбек биржа­сында 125 мың­нан астам бос жұмыс орны орна­ластырылған. Ал жұмыс іздеу­шілердің түйін­демесі екі есе аз. Биыл наурыз айын­да бос жұмыс орындары мен түйін­демелер саны күрт тө­мен­деген. Мәселен, бос орын­­дар саны өткен жылдың со­­ңында 68,9 мың болса,  биыл­ғы жылдың наурыз айын­да 34,2 мыңға дейін азай­ды. Түйіндеме биыл ақ­пан айында 29 мың болса, нау­рыз­да 20,1 мыңға дейін кеміген. Көр­сет­кіш­тің бұ­лай өзгеруінің себебі не?  

Пандемияның әсері

Жұмыс орындары мен жұмыс із­деушілердің азаюы ең ал­ды­мен елде енгізілген төтенше жағ­дай режимімен тікелей байла­ныс­ты болса керек. «Еңбек ресурс­тарын дамыту орталығы» АҚ са­рапшылары да осы мәселені бі­рінші себеп ретінде қарайды. «Алайда карантин шектеулері алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіп­орындар жұмысын қайта бастады және олар кадр­ға мұқ­таж», – деді «Еңбек ресурс­та­рын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Балжан Шаменова. Қазір төтенше жағдай режимі алын­ғанымен, карантин режи­мі сақталып отыр. Қалада орна­лас­қан ірі кәсіпорындар облыс, аудан­мен шекаралас екенін ес­керсек, карантинге жабылған қа­лаларға өз өңірлеріне кеткендер мен шаһар маңындағы елді ме­кен­дерде тұратындар онда кіре алмайды. Уақытша және тұрақты жұмыссыздарды қоспағанда қала­лар­ға кіріп-шығудағы шектеуден соң ірі кәсіпорындарда маман же­тіс­пеушілігі байқалады. Кейбір сарапшылардың пі­кі­рін­ше, карантиннен кейін жұ­мыс­сыздар мен бизнесте банкрот болғандар саны артады, тіптен адамдар кәсібін өзгертуі де мүмкін. Ал экономикалық сарапшы Са­пар­бай Жобаевтың айтуынша, Қа­зақ­станда жұмыссыздық көбейе қойған жоқ. Шектеулер алы­нып тас­талса бұрынғы меже сақ­та­ла­ды. Кеселдің кесірі, әсіресе қыз­мет көрсету саласына ауыр ти­генін ескерсек, аталған сала қат­­ты дамымаған біздің елге де кері ықпалы жоқ көрінеді. «Еу­ро­па елдерінің ішкі өнімінің 70-80 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі. Сол себептен атал­ған сала тоқтағаннан кейін жұ­мыс­сыздықтың көрсеткіші күрт артты. Бізде қызмет көрсету қатты да­мымағандықтан ондай үлкен шығын болмайды. Ал транспорт, ауыл шаруашылығы, ауыр метал­лур­гия, денсаулық, білім, беру жүйесі, тағы басқалар жұмыс істеп тұрды», – деді Сапарбай Жобаев. Жұмыс берушілер тарапынан да қадамдар жасалып жатқанын естен шығармауымыз керек. Қала ма­ңында тұратын мамандарға жа­­тақ­ханалардан орын беріп тұ­рақ­тауына жағдай жасалған. Ірі сауда орындары бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз қызметкерлерін орналастырған. Жұмыссыздықтың күрт артуы тек бізде ғана емес, әлем елдерінде кең етек алды. Дүниежүзілік ең­бек ұйы­мының мәліметінше, пан­де­­мияның кесірінен әлемде 24,7 млн адам жұмыссыз қалуы мүм­кін. Сондай-ақ аталған жағ­дай халықтың айлық кірісінің төмен­деуі­не де әсер етпек. Жыл соңында әлем халқының табысы 860 млрд-тан 3,4 трлн АҚШ долларына дейін қысқаруы ықтимал.  

Жұмыссыз ұсынысты неге қабыл алмайды?

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазіргі таң­да сұранысқа ие кәсіптің көш­басында автокөлік жүргізу­шісі, медбике, заңгерлер тұр. Үш­тік­тің түйіндемелерінің жалпы саны 7 мыңнан асады. Ал жұмыс берушілерге ең қажетті ма­ман­­дықтар мүлде басқа. Олар патрульдеу инспекторы, күзетші және медицина қызметкерлері. Түйіндемелер мен бос орындар арақатынасын ескерер болсақ, бізде заңгер, іс жүргізуші және дене­шынықтыру мұғалімі ма­ман­­дық­тарына сұраныс төмен екен. Өңірлер бойынша 2020 жыл­дың І тоқсанының қорытындысы бойынша, ең көп бос жұмыс орын­дар – Қостанай облысы, Нұр-Сұл­тан қаласы, Қарағанды об­лы­­сы және Алматы қаласында. Оларда 10 мыңнан 17 мыңға дейін бос жұ­мыс орны ұсынылған. Ал ең аз бос орындар саны – Маңғыстау, Қызы­лорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Әрқайсысында бос орындар 4 мыңға жетер-жет­пес қана. Жұмыс бола тұрып, жұмыс­сыздар саны көп. Неге? Біріншіден, жұмысқа арнайы мамандығы бар адамдарды талап етілетіндіктен, мамандығы жоқ­тар­дың қызметке тұруына мүм­кін­­дігі аз. Оның үстіне, бізде жо­ғары және орта арнаулы білім орда­ларында кабинетте оты­ра­тын мамандықты алып шыққан жастарымыз жеткілікті. Ал олар құрылысқа, қызмет көрсету сала­сына бара бермейді. Яғни, аза­маттардың өзіне ыңғайлы ма­ман­дықты таңдап, оны жете мең­­­геру қажеттігі туындап отыр. Екін­­шіден, «жұмыссыз өз аза­­­­маттарымыз бола тұра ше­­тел­­дік жұмыс күшін тар­тып жа­­та­мыз. Мәселен, құры­лыс­та өз­бек, саудада қырғыз аға­йын­­дар­дың үлес салмағы ба­сым. Атал­ған жұмыстарға өз аза­мат­та­рымыз бара бермейді. Осы үрдіс дамыған елдерде де бар. Мәселен, Германияда осы сала­дағы жұмыстарды өзге елдің, негізінен македон мен румы­н азаматтары атқарады. Бізде де осындай стереотип бар», – деді Сапар­бай Жобаев.  

Жеткіліксіз жалақы

Ұсынылған жұмыстарға жұ­­мыс­сыз азаматтардың бара бер­ме­уінің бір себебі – жала­қы­ның аздығы. «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының бізге берген мәліметінде, 2020-2021 жыл­дарға арналған Жұмыспен қамту­дың жол картасы инфра­құры­лымдық жобаларды іске асыруды көздейтіні айтылады. Осы мақсатта әлеуметтік-мәде­ни нысандарды, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық ны­сан­дарын, инженерлік-көлік ин­фра­құрылымын жөндеу мен қайта жаңарту, қалалық нысандарды абаттандыру жұмыс­тары ұсыныл­ған. Аталған қызметтерде жалақы аз болғандықтан, жұмыссыздар баруға құлықсыз. Жұмысы жоқ жандар көлігімен адам тасып, қызмет көрсетіп тапқан табысы одан бірнеше есе артық. Сол себеп­ті жалақысы жоғары жұмыс іздейді. Ал жұмысқа сұраныс ұсы­ныстан асып кеткен өңірлерде керісінше. Аз еңбекақымен де жұмысқа тұруға тырысады. Мы­салы, Түркістан облысында жұмыс іздеушілер 8,9 мың түйін­деме орна­ластырған. Бұл қатар­ға Маң­ғыс­тау, Қызылорда облыс­та­рын да жатқызуға болады. Өңірлерден жұмыс күші тап­шы өңірлерге қоныстандыру да жұ­мыспен қамтуға мүмкіндік беретін бағыт. Мысалы, былтыр­ғы 9 айдың қорытындысы бо­йынша, 918 адам оңтүстіктен сол­түстікке қоныс аударған екен. Өкінішке қа­рай, қоныс теп­­кендердің көбі тұрақтамай жа­тады. Әрбір адам басына шақ­қанда 35 АЕК мөл­шерінде мате­риалдық көмек көр­сетіледі. Ма­ман­дар механизм­дер­ді жетіл­діре түсу қажетін айтады. Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы және түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында биылғы жылы жұмыспен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарлануда. Мемлекет мүмкіндік беріп келеді, оны әрі қарай қолданып, іске асыру әр азаматтың өз қолындағы шаруа.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=