Қабанбай батыр даңғылы: 92 миллиард теңгеге дөңес жолды 1-1,5 метрге дейін төмендету жоспарланды
Қабанбай батыр даңғылы: 92 миллиард теңгеге дөңес жолды 1-1,5 метрге дейін төмендету жоспарланды
Фото: Интернеттен алынды
215
оқылды
Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын қайта құрылымдауға 92 млрд теңге жұмсалады, – деп хабарлайды «Хабар 24». Телеарнаның жазуынша, бір ғана Қабанбай батыр даңғылын қайта өзгертуге 92 миллиард теңге жұмсалады. Бірінші кезекте ол «Астана жұлдызы» жол айналымынан әуежайға дейінгі аралықты қамтиды. Жөндеу нәтижесінде көше кеңейтіледі. Қазір мұнда төрт жолақты жол болса, болашақта алты жолақты жол болады. Тағы бір айта кетерлігі, бір шақырымды жөндеуге 780 миллион теңге бөлінеді. Барлығы 17 шақырымнан астам жол жөнделмек. Жобаның құны – 92 милллиард теңге. Ал құрылыс жұмыстарын қытайлық мердігер компания атқарады.
«Қомақты қаражат не үшін қажет?» деген сауалға «Қазавтожол» ҰҚ бас инженері Ратмир Ахметов: «Бұл соманы екіге бөліп қарастыру керек. Біріншіден, жол-құрылыс жұмыстары. Екіншісі – коммуникациялар. Мысалы, Қабанбай батыр даңғылының Қорғалжың тас жолымен қиылысында үлкен жолайрық салу жоспарланған. Осындай тораптар Қабанбай батыр-Тұран, Қабанбай батыр-Ұлы дала қиылысында да болады. Бұдан бөлек, «Барыс арена» жақта екі жоласты өткелі салынады. Яғни 45 миллиард теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалады. 44 миллиард теңге коммуникацияларға кетеді. Қалған 3 миллиард теңге техникалық жұмыстарға бағытталады», – дейді.
Келісімшарт бойынша мердігер жөнделген жолға 5 жылға дейін кепілдік береді. Сарапшылар бұл өте қысқа мерзім екенін айтады. Өйткені көлік көбейгенімен, жолдар әлі күнге дейін ескі әдіспен жобалануда. Дамыған елдерде жолдың негізіне үлкен мән беріледі. Мысалы, монолитті іргетастан салынған жол 50 жылға дейін қызмет етеді. Осы орайда отандық сарапшылар жолды жақсартудың өз әдісін ұсынды.
«Дортранс» қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ғылыми жұмыс жөніндегі директоры Борис Асматулаев: «Асфальтбетон жабынды 4-5 жылға дейін шыдайды. Жабындының сипаттамаларын жақсартудың ең тиімді тәсілі – модификацияланған полимерлердің қоспаларын қосу. Бұл пайдалану мерзімін 7-8 жылға дейін ұзартады. Жалпы алғанда, жолды жақсарту үшін біз өнеркәсіптік техногенді қалдықтар негізінде наномодификацияланған, өздігінен қалпына келетін жол бетонын пайдалануды ұсынамыз. Ол Қазақстан жолдарында сынақтан өткен», – дейді.
Қабанбай батыр даңғылы басқа көшелерге қарағанда дөңес келеді. Мамандардың айтуынша, ол өткен ғасырдың 70-жылдары қалааралық жол ретінде салынған. Ал жаңа жоспар оның құрылымын толық өзгертеді. Сөйтіп, даңғылдың биіктігі 1 немесе 1,5 метрге дейін төмендейді. Ал біз бұған дейін осы Қабанбай батыр даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің проблемасын  «Жеті бөшкеден» бастап жерге кіріп бара жатыр» деп  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі айтқан проблеманы жазған болатынбыз. Ал қайта жөндеуден өтетін Қабанбай батыр даңғылының қазіргі қалпынан  телеарнаның хабарлауынша, 1-1,5 метрге төмендемек.