Ауылға салған тиын – теңге болып қайтады
Ауылға салған тиын – теңге болып қайтады
232
оқылды

Ауыл... Осы сөзді естігенде ойыңызға не келеді? Көбіне балалық шақ, әжеміздің ыстық наны мен сары майы, ұшы-қиыры жоқ жайлау елестейтініне шүбә келтірмейміз. Ал, ең бастысы, ауыл – үйір-үйір жылқысымен, өріске табын-табын қара малды еріткен бақташысымен, көктеммен жарыса келген жаңа жылдың төлімен ыстық. Ауылдың тіршілігі таңның алғаш атқан сәтімен басталып, күн батқанша тыным таппайды. Бұндағы өмір – қызу. Иә, ауылды бұндай тіршіліксіз, қора толы малсыз елестету өте қиын. Себебі, мал шаруашылығы – біздің ата кәсібіміз. Бұл – қазаққа ата-бабаның қанымен дарыған кәсіп. ХХІ заманауи ғасыр көшінде де ол өз маңызын жоғалтпады. Бүгінде мемлекет тарапынан да ауыл шаруашылығын жандандыруға бағытталған түрлі бағдарлама бар. Бүгін сол туралы ой өрбітіп, ауылдық жерде кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен мысал келтіретін боламыз.

Ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдап, оған қаржылай көмек көрсететін мекеменің бірегейі – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры». Ол – ауылды жерде жүзеге асырылатын жобаларды қаржыландырады. Қор 1994 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен «Мемлекеттік ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» болып құрылды. Содан бері 25 жыл көлемінде кәсібін ашып, ауылды гүлдендіремін деген ниет білдірушілерге түрлі деңгейдегі қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Айта кетерлігі, қордан несие алған бірқатар шаруашылық бүгінде елордамызды сапалы ауылдық өніммен қамтамасыз етіп жүр. Солардың бірқатарына арнайы барып, жұмыс барысымен танысып келдік.

Берекесі мол кәсіп

Сәрсенбінің сәтінде бір топ БАҚ өкілі көрікті мекен Бурабай елдімекеніне жол тартты. Мақсат – өңірдің ауыл шаруашылығымен танысу. Бұл жердегі мемлекеттен қаржылай көмек алып, кәсібін жүргізіп отырған шаруа қолажылықтың бірі – Кенесары ауылында орналасқан «Омаров» сүт-тауарлы фермасы. Аталған шаруа қожалығы «Ырыс» бағдарламасымен несие алған. Қазір өңірдегі сүт өңдейтін зауыттарды сүтпен қамтамасыз етеді. Ал өңделген сүт дайын өнім ретінде елорданың сауда сөрелеріне жөнелтіледі.

Қожалықтың иесі – Серік Омаров есімді кәсіпкер. Ол 2017 жылы қордан 21 млн 750 мың көлемінде несие алып, оған 50 бас асылтұқымды симментал ірі қарасы мен арнайы құрал-жабдық сатып алған.

«Күніне 120 сиырды екі мезгіл сауып, 2 тоннаға жуық сүт аламыз. Сүтті өңірдегі «Айна» және Natige ЖШС-не жеткіземіз. Олармен сүт жеткізу жөнінде бекітілген арнайы  келісімшартымыз бар. Жыл сайын өнімнің көлемін арттыруды қолға алдық. Мемлекеттің қолдауы аясында бүгінде шаруашылығымды дөңгелетіп жүрмін. «Ырыс» бағдарламасы арқылы несие алдым. Маған бұл бағдарламаның шарттары ұнады және пайыздық көрсеткіш те көңілімнен шықты. Бір жақсысы – несиені бірден қайтар демейді. Мысалы, менің ісім алға жылжып, қаржы таба бастағанға дейін төлем жасамаймын. Меніңше, өте ыңғайлы»,– дейді Серік Омаров.

«Омаров» шаруа қожалығының көрінісі көзді қуантады. Оның маңында көкөніс өсіретін бақша бар. Аулада, тіпті,  күн сәулесін энергия көзіне айналдыратын күн батареясы да бар екен. Кәсіпкердің айтуынша, бұл шаруада жарық үнемі қажет. Себебі, сиырлар арнайы құрал арқылы сауылады. Тосыннан жарық өшіп қалса, осы күн батареясы құтқарады екен. Сонымен қатар С.Омаров қара малдың қысқы азығын сатып алмай, өзі даярлайды. Оның меншігінде 240 шақырым жайылымға, 800 шақырым шабындыққа арналған жер телімі бар. Кәсіпкер бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта шаруашылықтың ауықымын кеңейтуді кәсіпкер мақсат қылған.

«Қордан 77 млн 500 мың көлемінде несие алу жоспарымда бар. Қормен келісім жасадым, олар мақұлдады. Бұл қаржыға Словакиядан 100 бас асылтұқымды қара мал аламын. Себебі, Еуропа тұқымдары өте сүтті болып келеді. Еуропалық 1 сиыр шамамен 20-22 литр сүт береді. Бұл біздегі сиырлардың беретін сүтінен 5-6 литрға көп. Қазірде сол елдің мақұлдауын күтіп жүрмін. Кәсібімнің берекесі мол», – деді кәсіпкер.

Бурабай ауданына қарасты Кенесары ауылының шаруашылығы жақсы дамығаны бірден байқалады. Бұл елдімекен ата кәсіптің түтінін әлі тұтатып келеді.

«Кенесары ауылында жалпы 25 шаруа қожалығы мен 8 серіктестік бар. Негізгі кәсіп – егін шаруашылығы. Шаруалар өңірді сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етіп жүр. Алдағы жоспар да ауықымды. Мысалы, 3 000 орындық құнажын фермасын құру жоспарланды. Ол қара мал тұқымын ірілету үшін тиімді болады. Қазір жер мәселесі қарастырылып жатыр», – деді ауыл әкімі Әлімжан Ахметов.

Словакия ірі қарасы – қазақтың сыбағасы

Қордан несие алған тағы бір кәсіпкер, «Айдын» шаруа қожалығының иесі – Талғат Ташиков. Шару қожалығы Бурабай ауданы Қымызынай деген ауылда орналасқан. Ол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы осы жылы жеңілдетелген несие алып, Словакиядан симментал тұқымды ірі қара сатып әкелген.

«Словакиядан 53 бас асылтұқымды ірі қара сатып алдық. Әр біреуінің кұны – 1 400 евро. Ірі қараның бұл тұқымы өте ірі әрі етті. 1 сиыр шамамен 400 келі тартады, тіпті 800 келіден аса салмақ тартатындары да болады екен. Бұл сиырлардың генетикасы жақсы. Биыл – бірінші жыл. Келесі жылы алғашқы төлімізді көреміз», – деді кәсіпкер Талғат Ташиков.

Кәсіпкердің айтуынша, ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына осымен екінші рет жүгінген. Алғашқы несиені 2011 жылы алған. Несие көлемі – 3 млн. Ол қаржыға сол жылдары да ірі қара алған. Қазір ол қаражат толығымен төленген. Ал осы жылы 40 млн шамасында несие алып, бұл қаражатқа асылтұқымды ірі қара мен керекті құрал-жабдығын алған. Т.Ташиков бағдарламаның тиімді тұстарын да атап өтті. «Қор қаржылай көмек беріп отыр. Құжат толтыру барысында да көмектеседі. Маған шарттағы несиені алғаннан кейін екі жыл демалыс беретіні ұнады. Мысалы, мен алғашқы төлемді екі жылдан кейін төлеймін. Ол кезде мен алған 53 бастың саны артады. Өйткені олар төлдейді ғой. Бағдарламаның тиімді тұстары көп».

Бір қызығы, кәсіпкер асылтұқымды ірі қара табынына жергілікті ірі қарасын да қосып қойған. Оның себебі, шетелден келген мал, осылайша, өңірге тез үйреніседі. Сондай-ақ қазір ірі қараның барлығы жайылымда күн ұзақ жайылып, даланың табиғи түрлі шөптерімен қоректенеді екен. Оның пайдасы – жазда қорекке кететін шығын жоқ. Кәсіпкер қысқы азыққа да қазірден қамданған. Оның бұл ісіне ағайындары көмектеседі, ол сондай-ақ ауылдың 3 азаматын жұмыспен қамтып отыр.

Қымызынайдың «қымызын-ай» дегізді

Келесі кезекте Қымызынай ауылындағы тағы бір шаруашылыққа ат басын тіреп, қожалықтың сапырылған сары қымызын ішіп, шын мәнінде, қымызын-ай деп сүйсініп, тамсандық. Бұл кәсіптің иесі – Алтай Кабдуллин. Ол қордың «Игілік» бағдарламасы арқылы 6 млн көлемінде несие алған. Ол қаражатқа 18 бас жылқы сатып алып, әкесінің сара жолын жалғастырып, қымыз шығаруды қолға алған екен.

«Несиені 2017 жылы алып, қаражатқа 18 бас бие сатып алдым. Ол бие осы уақыт ішінде төлдеп те үлгерді. Қазір өз биелерімді қосқанда 36 биені сауып отырмын. Шипалы сусынға сұраныс көп. Қымызды алысқа апармаймыз. Осы  Бурабайда орналасқан екі денсаулық сақтау мекемесімен келісімшартымыз бар. Соларға тасымалдаймыз, сондай-ақ ауыл тұрғындары да тапсырыс беріп тұрады. Еңбегіміздің берекесін көріп отырмыз», – деді кәсіпкер А.Кабдуллин.

Айта кетерлігі, А.Кабдуллин бұл кәсіпті отбасы мүшелерімен бірге жүргізеді. Қымызды әзірлейтін шағын цехты да үйдің ауласында тұрғызыпты. Алтайдың жұмысы – биені азықпен қамтамасыз етіп, арнайы аппарат арқылы сауу болса, саумалдан қымызға дейін жүретін жұмысты  – анасы мен жұбайы  атқарады екен.  

«Осы үйге 14 жыл бұрын келін болып түстім. Ал бие сауып жүргеніме 13 жыл болды. Бастапқыда биені ата-енем сауатын, қазір жолдасым екеуміз бұл істі жалғастырып жүрміз. Бие күніне 4-5 рет сауылады. Қайыннан жасалған 3 күбіміз бар. Отбасы мүшелерімізбен кезек-кезек қымызды әр сауын сайын қолмен пісеміз. Саумал толығымен жиналғада арнайы аппаратпен пісеміз», – дейді Алтайдың жұбайы Ақторғай Кабдуллина.

Бұл азаматтардың атқарып отырған жұмыстары көңілді қуантады. Себебі, олардың жұмысы жүріп тұрғанда, қазақ ауылдарының да түтіні өшпей, гүлдене түсетіні анық. Ауыл шаруашылығы – ауылдағы жұмыс пен қаржының негізгі көзі. Сол ата кәсібіміз осындай игі бағдарлама мен жұмыскер азаматтардың қолдауымен ары қарай да өз жалғасын таба берсе, құба-құп болары сөзсіз. Айта кетерлігі, қордың әр бағдарламасының атауы ерекше және атына сай. Мысалы, «Ырыс» бағдарламасы сүт өнімділігін арттыруға, «Сыбаға» бағдарламасы ет бағытындағы ірі қара мал әуелетін арттыруға, ал «Игілік» бағдарламасы – мал және құс шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама. Қорда мұндай 7 арнайы бағдарлама бар. Әр атаудың мағынасы тереңде. Мысалы, қазақ сүтті әуелден аққа, ырыс пен берекеге теңеген. Ал сыйлы қонағы мен ағайын-туысқа арнап сақтаған кәделі ет мүшесін сыбаға деп атаған.

Бүгінде Ақмола облысы бойынша қор арқылы қаржыландыру жұмыстары әлі де  жалғасуда. Соның ішінде «Еңбек» нәтижелі  жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиемен қамтамасыз ету үшін өтінімдер қабылдануда. Жалпы, биыл кәсіпкерлікті қолдауға 1 млрд 838 млн теңге бөлініпті. Айта кетерлігі, қор арқылы несиеге қол жеткізу жолы оңтайландырылған. Бұл жөнінде «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» Ақмола облыстық филиал директорының орынбасары Абзал Кенжеахметов былай деді:

«2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қаржыландыру өте жақсы қарқында дамыды. Мысалы өткен жылы осы бағдарлама аясында 24 жоба қаржыландырылса, ал биылғы жарты жылда бұл көрсеткіш саны – 12. Әлі де өтінімдер қабылдану үстінде. Несие алудың басты  талабы – ауылдың азаматы болу. Және оның тұрақты жұмысы болмауы керек. Сонымен қатар кәсібіне арналған жер телімі, қора-қопсысының болуы – басты шарттың бірі. Ал қалған талаптар бойынша қор мамандары жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Сондай-ақ өтінім берушілер жұмыссыздарға арналған «Бастау» курсын оқиды. Оның мерзімі – 1 ай».