«Базар ашылмаса, аштан өлеміз» – саудагерлер карантиннен кейін жұмысқа шыға алмай отыр
«Базар ашылмаса, аштан өлеміз» – саудагерлер карантиннен кейін жұмысқа шыға алмай отыр
Фото: Интернеттен алынды
140
оқылды
Төтенше жағдай аяқталған соң, ашуға булыққан саудагерлер, әкімге базарды ашу туралы талап қойды, – деп хабарлайды КТК. Даудан кейін Ақтөбе облысының әкімі ел алдына шығып, тұрмысқа ең қажетті нысандардың іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл өңірде эпидемиологиялық ахуалдың шатқаяқтап тұр. Қарағанды мен Жамбылда да жағдай күрделі. Қос өңірде сәт сайын дерт жұқтырғандар көбейіп жатыр. Ақтөбелік саудагерлер байбалам салған. Олар карантиндік шектеудің ұзап кетуіне наразылық білдіріп, базардың ашылуын талап еткен еді. Облыс әкімінің өзі іске қосылатын нысандардың тізімін жария етті.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин: «Азық түлік базарлары мен мал базары, автокөлік пен құрылыс заттары базары және киім кешек базарлары іске қосылады. Күндізгі 10:00 кешкі 17:00 дейін жұмыс жасауға рұқсат етіледі. 30 адамға дейін еш көрерменсіз оқу жаттығу процестерін өткізу үшін спорттық нысандарға, сауда үйлері мен орталық, дүкендерге рұқсат», – деді.
Телеарнаның хабарлауынша, Қарағандыда бұл көрсеткіш екі есе жоғары. Ай басынан бері «Қазақмыс» кенішіндегі 300-ден аса адамнан инфекция табылған. Оның 163-і жұмысшы болса, қалғаны солардың жақындары. Індетке шалдыққандар карантиндік тәртіпті елемеген көрінеді. Жамбылда вирус жұқтырғандар дерегі рекордтық көрсеткішке жетті. Бір тәулікте 51 адамнан індет анықталған. Өңірде карантиндік шараларды жеңілдетудің үшінші кезеңі күтілген еді. Алайда ахуалдың ушығуына қатысты шектеулерді қайта күшейтуге тура келді. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте де індеттің таралу қарқыны әлі бәсеңдемеді. Жалпы, ел бойынша 9 мыңға жуық адамнан COVІD-19 анықталса, аурудан айыққандар 4 жарым мыңнан асты.