Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы Қазақстан мектептерін бір ауысымда оқу режиміне көшіруді ұсынды. «Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға басты кедергі – мектеп жағдайы деп ойлаймыз. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда еліміздегі 7400 мектепте жалпы саны 3,5 млн-нан аса бала бар. Оның 70% – екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды», – деді ол. Оның айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары білім берудің мазмұнын жаңартуға көп күш салды. Ілгері дамыған елдердің талаптарына бағытталды.
«Бірақ біз талаптарына ұмтылып отырған елдердің ешқайсысында үш немесе екі ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Ал сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі маңызды. Біздің есебімізше, орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай жаңа мектеп қажет. Әрине, мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайды. Біздің ұсынымыз – мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту», – деді Рауан Кенжеханұлы.Спикер қазіргі мемлекеттік жекеменшік әріптестік құралы және білім беруді жан басына қаржыландыру тетігі мектеп салуға жеке қаражатты, соның ішінде, шетелдік қорларды тартуға мүмкіндік береді деп есептейді.
«Алайда, осы аталған тетіктер аясындағы бизнесті экономикалық тұрғыдан ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Оларды қайта қарап, кеңейту қажет деп санаймыз. Сонымен бірге, дағдарыстан кейінгі экономиканы жандандырудың бір амалы ретінде мектеп құрылысын да қарастыруға болар еді. Ауқымды мектеп құрылысының экономика мен қоғамға ұзақ мерзімде берері мол екеніне сенімдіміз. Тиісті есептеріміз бен нақты ұсыныстарымызды Білім және ғылым министрлігіне бердік», – деді Рауан Кенжеханұлы.Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтіп жатыр.