Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мал шаруашылығы саласына бірқатар тапсырма жүктеді. Ең алдымен өнім көлемінің жеткілікті болуына және экспортты ұлғайтуға баса назар аударылады. «Қайта өңдеуші ірі кәсіпорындардың, соның ішінде экспорт процесіне жергілікті өндірушілердің қатысуына мүмкіндік беретін шетелдік инвесторлардың қатысуымен құрылған кәсіпорындардың айналасындағы кооперация ерекше басымдыққа айналуы тиіс. Мұның табысты үлгісі ретінде Түркістан облысындағы түйе сүтін өңдеу зауытын айтуға болады. Инвестордың шикізатты тартымды бағамен сатып алуының арқасында сүтке сұраныс артып, түйе шаруашылығы қарқынды дами бастады. Бір түйенің құны ел бойынша 2 есеге өсті. Бұл сала аса тартымды бола бастады», – деді Үкімет басшысы. Отырыс барысында А.Мамин ұсақ мал басын көбейту үшін де осындай кооперацияны дамыту қажет екенін атап өтті. «Сыртқы нарықтардағы қой етіне сұраныстың жоғары екенін және өндірістің өзіндік құнының арзандығын ескерсек, бұл экспортты дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды», – деді ол. Еліміздің мал шаруашылығы секторында 4 пайыз деңгейінде тұрақты өсім бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. «Жылдың қорытындысы бойынша, жалпы өнім 2,3 трлн теңгеге дейін өсті. Несиелендіру және қосымша субсидиялау арқылы былтыр жүзеге асырылған шаралар өзінің оң нәтижесін берді. Биылдың 4 айы бойынша ауыл шаруашылығы малдарының өсімінің оң динамикасы байқалады: ірі қара малы – 4,1 пайызға, қой мен ешкі – 2,7 пайызға, жылқы 7,6 пайызға өсті», – деді министр Үкімет отырысында. Премьер-Министр А.Мамин отандық құс шаруашылығын одан әрі кеңейтуді тапсырды. «Бүгінде астық егетін 300 ірі және орташа шаруашылық мал шаруашылығына қызығушылық білдіріп отыр. Мұның өзі саланы дамытуға қосымша серпін береді. Жалпы, мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Мемлекет барлық қолдау шараларын көрсетіп жатыр», – деді Асқар Ұзақбайұлы.
Б.БАЗАР