«Меломанның» 1% кітабы ғана қазақ тілінде
«Меломанның» 1% кітабы ғана қазақ тілінде
Қазақстандағы кітап нарығының жағдайы жайлы көп айтыла бермейді. Маркетинг пен менеджмент қанша­лық­ты жолға қойылғаны да белгісіз. Соңғы жылдары кі­тап саудасы әлеуметтік желі арқылы жүргізілетін бол­ды. Кітаптың электронды нұсқалары да көбейді. Ғалам­тор баспа бизнесі мен кітапқа деген сұранысқа қалай әсер етті? Қандай баспаханалар көш бастап тұр, жазушы мен оқырман арасын жақындатудың жолы қандай? 2018 жылдың басында чех жа­зушысы Якуб Мэриан өзінің жеке блогында Еуропада жыл сайын бір миллион тұрғынға шаққанда қан­ша кітап шығатынын бейнелейтін карта жариялады. Жазушының дерегіне сенсек, Ұлыбританияда миллион халыққа – 2 870, Фран­цияда – 1 010, Германияда – 1 160, Испанияда – 1 620, Италияда – 1 020, Түркияда – 570, Белорусьта 1 360 кітаптан келеді екен. Ал Қа­зақстанда миллион адамға 909 кітап тиесілі. Халықаралық бас­пагерлер қауымдастығы дүние­жү­зінде кітап шығару ісін ең табысты бизнестің біріне жатқызған. Жыл сайын кітап индустриясы 150 млрд долларға жуық, ал кино индус­триясы 130 млрд доллардан астам қаржы құрайды екен. Демек, шетелде кітап бизнесі кинодан еш қалыспайды. Осыдан кейін «кітап оқитындар аз» деген қауесетке сенгіңіз келмейді. Ал елдегі баспа­лардың халі нешік? Мемлекет кітап басу ісіне тұ­рақты қолдау көрсетіп келе жатқа­нын мойындау керек. Тендер бо­йынша бөлінген қаржыға қол жеткізген баспалардың басты мін­деті сол ақшаны игеру ғана. Ұлттық мемлекеттік кітап палата­сы­ның дерегінше, елімізде 1 300-ден астам мемлекеттік және жекеменшік баспа бар. Оның 70%-ға жуығы жылына 5 кітаптан аз шы­ғарады. Ол аз десеңіз, жыл бойы 1-2 кітап қана шығарып, нәпақа тауып отырған 100-ден ас­там баспа бар екен. Кезінде белгілі баспагер Ға­рифолла Әнес баспа­ларға байла­ныс­ты ахуалды баян­даған еді. Ор­таша есеппен мемле­кет кітап шы­ғаруға жыл сайын 2 млрд теңге бө­леді екен. Бірақ қай баспа қандай кітап шығарып жатыр, қаржы қай­да жұмсалды, ол жайлы ақпарат жоқ. Баспаларға хабарласа қалса­ңыз, бұл сұраққа «ішкі мәселеміз» деп жылы жаба салады. Оның үстіне Қазақстандағы баспалардың ба­сым бөлігі ресейлік баспа екенін мойындауымыз ке­рек. Осыған орай, біз баспалар мә­селесіне қа­тысты Ұлттық мем­ле­кеттік Кітап палатасының «Статистика және кітап нарығына мониторинг жасау» бөлімінің бас­шысы Алтынгүл Абдрахмановаға хабарласқан едік. – Жалпы, ел аумағында тіркел­ген 1 300-ден астам баспа бар. Олардың көбі немен айналысып жатыр, белгісіз. Жылына 4-5 кітап шығаратын баспалар ақша үнем­дегісі келе ме, әлде басқалай себебі бар ма, ол жағы анық емес. Әзірше «Алматыкітап» пен «Мектеп», «Фо­лиант» баспаларының бәсі жоғары. Одан бөлек, Ұлттық аудар­ма бюросы 2019 жылы 400 мың дана кітап шығарыпты. Ең­бектері кө­рініп тұр. Былтыр бізге 236 баспадан 4 307 кітап келіп түс­кен. Бәрі жылдағыдай, ал өзгеріс жоқ. Оның 52,1 пайызы – қазақ ті­лінде, 39,9 пайызы – орыс тілін­де, қалғаны – әртүрлі тілдер­дің ен­шісінде. Негізі өзін-өзі же­тілді­ру, тұлғалық даму бағытындағы кітаптар сұранысқа ие. Ал кітап дүкендерінің жайы бөлек, – дейді маман. Кітап дүкендері дегенде Қа­зақстанда кітап саудасымен та­нымал «Меломан» дүкені еске тү­седі. Аталған дүкен жылы 1,5 млрд теңгеден астам пайда табады екен. Сөзсіз көп дүкендерден көш ілгері алда. Бірақ өкініштісі, «Меломан» дүкеніндегі жалпы кітап қорының тек 1 пайыздан астамын ғана қазақ тіліндегі кітаптар құрайды. Содан соң «Қазына» кітап дүкеніне қоңы­рау шалған едік. Себебі мұн­да қа­зақ тіліндегі кітаптардың қоры мол. – Кітап дүкені 2018 жылы ашылды. Қазіргі кезде кітап қоры да біршама, сатып алушылар да көбейіп келеді. Көбінесе психоло­гиялық, діни, өзін-өзі дамыту бағытындағы кітаптарға, жаңадан авторларға сұраныс көп. Карантин уақытында тапсырыс азайған жоқ, керісінше жеткізіп үлгермеген кездеріміз де болды. Тағы бір айта кететін нәрсе, соңғы уақытта электронды форматтағы кітаптарға қарағанда, қағаз кітаптар көп сатылады. Өткен 2019 жыл бойын­ша тек қана қазақ тілінде 112 951 кітап сатылған, ал орыс тіліндегі кітаптар бұдан 2-3 есе артық.  Кітапқа деген сұраныс бойынша Батыс өңірлер көш бастап тұр. Атап айтқанда, Орал, Ақтөбе, Ақтау қалалары. Одан кейін Солтүстік Қазақстан және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында кітап көп өтті,  – дейді «Қазына» кітап үйінің қызметкері. Кітап нарығы турасында тағы бір түйткіл бар. Ол автор мен оқырман арасындағы байланыстың жөнді болмауы. Қазір әлеуметтік желі арқылы бұл байланыс сәл де болса ілгері басып келеді. Бірақ Еуропа елдеріндей емес. Мамандар бұл мәселені Кітап агенттіктерінің жоғымен байланыстырады. Алайда әлі саудаланбаған кітабы үшін жазушыға мол қаржы төлеп, соңы күмән тудыратын іске бетте­гендер жоқтың қасы.  

 width=Мадияр ТӨЛЕУ