Жан-жақты үйлесімді жетілген тұлға, зерделі жан – адам баласының кемелденуіндегі басты қасиеттер. Мұндай қасиеттерді көне грек философиясының өкілдері, шығыс пен түркінің әйгілі данышпандары өз еңбектерінде жазып қана қойған жоқ, сонымен қатар өздері де жан-жақты үйлесімді дамыған, кемелденген тұлға дәрежесіне көтеріле білді. Бұл үрдіс дәуір белесінен, заман талабынан қалған емес. Үйлесімді жан-жақты жетілген тұлғаның негізі – адамгершілік, рухани күш, тынбай іздену, ақыл, терең білім. Осындай асыл қасиеттерді өз бойына жинақтай білген жанның бірі – бүгінде ұлағатты ұстаз, жүрегіне хикмет ұялатқан ғалым, философия ғылымдарының кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының басшысы, профессор – Әлімжанова Әлия Шарабекқызы. Ширек ғасырдан аса уақыт философия ғылымының тереңіне бойлап, болмыс пен танымның заңдылықтарын болашақ өнер мамандарына меңгертіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Студенттердің даналыққа деген сүйіспеншіліктерін оятумен қатар, дүниеге деген көзқарастарын қалыптастырып, оларға өнер атты киелі саланың философиямен егіздігін дәлеледеуден жалыққан емес. Болашақ өнер мамандарына данышпандықтың терең білімін беріп, олардың бойына адамгершілік дәнін себе білген білікті ұстаз бүгінде шәкірттерінің сүйіктісіне айналған. Қазіргі заман – ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі. Әлия Шарабекқызы тек шәкірт тәрбиелеу ісімен ғана айналысып қоймай, сонымен қатар өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының басшысы қызметін атқарады. Академиялық кафедраға басшылық ету – алдымен жетекшінің өзінің ісіне қызығушылықпен, жанашырлықпен кіріскенінің жемісі. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деп түркінің ойшылы Жүсіп Баласағұн айтқандай, қарамағындағы әріптестерімен сыйласып, олармен ортақ тіл табысып, мәнді өмір сүруді ұжымдағыларға көрсете біледі. Бұл – Әлия Шарабекқызының көрегендігінің, көсемдігінің, зерделігінің белгісі. Сырым Датұлы: «азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы» деген екен. Өмірлік тәжірибесі, тәлім-тәрбиесі көпке үлгі боларлық басшының ізі мәңгілік болады. Жер бетіндегі ең бағалы құндылықтың бірі – ғылым. Жаңбырмен жердің көгеретіні секілді адам жүрегі де ғалымдардың насихаттаған ілімімен тірілетіні мәлім. Сол себепті Әсет ақын: «...біреуден пайдаланған ақыл-білім, жаңбырмен араласқан нұрмен тең» деген екен. Осы құндылықты өзінің шығармашылық ізденісіне айналдырған Әлия Шарабекқызы – бүгінде ғылымның тізгінін ұстаған ғалым. Әлия Әлімжанованың шығармашылық бағыты мәдениеттану мен эстетика пәндерімен түйіседі. ХХ ғасырдың екінші жартысынан Қазақстанда кәсіби философиялық-эстетикалық бағыт қалыптаса бастады. Идеологиялық қысым жағдайында қазақ эстетиктері (Б.Р. Қазыханова, Қ.Ш. Нұрланова, Е. И. Байзақов, С. Ақатаев, М. Қаратаев, Е. Тұрсынов, М.М. Әуезов, Ә. Мұхамбетова, т.т.) ұлттық тарихи-мәдени мұрадағы көркем мәдениеттің өзіндік болмысына теориялық талдау берді. Олардың идеяларымен сусындаған Әлия Шарабекқызының мәдени-эстетикалық зерттеулері әлемдік жаңа өркениеттілік құндылықтарды қабылдау және ұлттық мәдени мұраны жаңғырту аясында өрістеді. Қазақ халқының дәстүрлі өнері мен оның тарихи типтерін, ұлттық ойлаудың көркем негіздерін, көркем мәдениеттегі құндылықтар жүйесін және категорияларын эстетикалық тұрғыдан зерттеген Әлия Әлімжанова Қазақстан философиясында өзіне тиесілі сүбелі орынға ие. Әлия Шарабекқызының шығармашылық мұрасы жан-жақты және өзінің түпнегізділігімен оқырманды тәнті етеді. Еліміздің жетекші философтары және мәдениеттанушыларымен бірге ол республика студентерінің басты білім бұлақтарына айналған төмендігідей оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауға қатысты: «Мәдениеттану», «Культурология», «Мәдени-философиялық энциклопедия», «Философия» және т.б. Енді осы кітаптардағы негізгі идеяларды қысқаша баяндайық. Ғалымның пікірінше, өмірдің заңына сәйкес мәдениет үнемі жаңғыруды қажет етіп отырды. Өзен өзінің мөлдірлігін суы ағып жатқан кезде сақтайды, тазалығымен адамды тәнті етеді, әлемділігімен табиғатты құлпыра түседі. Сол сияқты кез келген мәдениет жаңа толқынға, жаңа мағынаға ұмтылады, оған зәрулік танытады. Әрине, дейді Әлия Шарабекқызы, бұл дегеніміз ғасырлар сынағынан өткен дәстүрлі құндылықтарды түбегейлі жоққа шығару деген сөз емес. Өйткені, тарихи сабақтастықтың логикасына сәйкес мәдениеттің ілгері үлгілері болады, онсыз ұлттық мәдениеттің қабырғасы сөгіледі, іргесі шайқалады. Міне, сондықтан жаңа үлгілерге жаппай бетбұрыс жасаудың өз қисыны, өз ырғағы, өзіндік келбеті бар. Сондықтан, өтпелі кезеңнің мәдени өзгерістерінен дәстүрлік пен жаңашылдықтың ерекше синтезін, симбиозын іздеуіміз қажет дейді мәдениеттанушы Әлия Шарабекқызы. Әлия Әлімжанованың шығармашылығына тән тағы бір ерекшелік өнер мен әдептің, әсемдік пен ізгілікке баулудың бірлігін насихаттаумен байланысты. Адамның мәдениетін орнықтыру мақсатындағы тағылымдық, тәлімдік негіздемелері зерттеушінің ғылыми методологиялық нұсқаларымен сабақтасып жатады, оның түпкі мұраты – рухани дүниесі бай, мәдениетті тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру. Өнердің өзегі – көркем туындылар, яғни олардың өзін оқу, сіңіру. Көркем туындыларды танудың негізгі мақсаты – туындының ішкі табиғатындағы құпиясын ашу. Сондықтан да өнердің мәдени-рухани қуатының көзі – оның ішкі сыры. Көркем туындылар өнердің жетекші түрлері бола отырып, оны танып-білудің жалпы философиялық заңдарын туындатады. Көркемдік, сұлулық негізіндегі өмірдің мәні туралы заңдылықтары, көркем туындыдан туындайтын адамның ізгілік қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселелері танымдық мазмұнын сақтай отырып, философиялық-мәдени мәнде шешімін табады. Қасиетті ата-бабаларымыз өз бойындағы барлық асыл қасиеттерін ұрпақтарының сана-сезіміне сіңіруді басты мақсат ете отырып, ұрпағының ақылды, адамгершілігі мол, мейірімді, сыпайы мінезді қалыптасуымен бірге, оның бойынан сымбаттылықты, сұлулықты, өнерге деген бейімділік пен шеберлікті көруді арман еткен және сол қасиеттерге баулудың жолдарын, құралдарын, әдістерін жасап отырған. Осылардан халқымыздың арманы мен талап-тілегін көреміз. Әлия Әлімжанова өзінің «Қазақ эстетикасының теориясы мен тарихы», «Динамика эстетических ценностей казахского народа», «Наурыз мейрамы» деген монографияларында қазақ халқының адамгершілік-эстетикалық тәрбиесінің басқа халықтарға ұқсамайтын өзіне тән мән-мазмұны, ерекшеліктері бар екендігіне назар аударады. Осылардың бәрі атадан-балаға жазылмаған заң ретінде халық педагогикасы құралдары арқылы өңделіп, толықтырылып отырған. Әлия Шарабекқызының пайымдауынша, моральдық-этикалық дәстүрлер дегеніміз моральдық сана тәжірибесіне ендірілген, адамгершілік қатынас мазмұнында көрініс тапқан моральдық ережелер мен нормалар. Тәрбиенің негізгі мақсаты жеке адамды қалыптастыру және оны жан-жақты дамыту. Ал бұл міндеттердің нәтижелі болуы жеке адамның қалыптасуына қандай жағдайлардың ықпал ететінін білумен байланысты. Тәрбие қоғамдық өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатысушысын даярлауды мақсат етіп қойған жеке адамды қалыптастырудың жүйелі үрдісі. Әлия Әлімжанова ұлттық өзіндік сананы оятуды елдің болашағы, жастарды тәрбиелеуден бастау керек дейді. Төлтума рухани мәдениетті жоғалтып алмау үшін өзінің ана тілін, тарихын, тәуелсіздігін баянды ету үшін ұлттық идеяға жүгіну қажет. Бұл идеялар ғалымның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қосавторлықпен жарияланған «Қазақстан руханияты мен мәдени ескерткіштерінің Энциклопедиясы», «Дәстүрлі және заманауи қазақ мәдениеті. Хрестоматия. Электронды кітап», «Жаһандану және Қазақстанның заманауи мәдениеті» кітаптарында толық көрініс табады. Әлия Шарабекқызының түпнегізді жалдпыадамзаттық құндылықтарға – ақиқатқа, әсемділікке, ізгілікке көңіл аударуы, қазақ халқының рухани мәдениетіне тән, этикалық пен эстетикалықтың бірегейлігін дәлелдей түседі. Мәдениеттанушы үшін интеллектуалды адам, кейбір әсірерационалдық немесе тар прагматикалық ұстанымдардан өзгеше, руханилықтың барлық бітімдерін бойында ұстайды. Осындай адам тұғырынан, Әлия Шарабекқызы қазіргі әлемнің көркем суреттемесін жасағанда, айшықты бейнелердің тұтас галереясын жасап шығады. Қазіргі ақпараттық өркениеттің жетістіктеріне қаншама риза болғанымызбен, оның теріс салдары кез келген адамды қобалжытпай қоймайды. Қазіргі тұтынушылық деп аталатын қоғамда діни, саяси, әлеуметтік құндылықтардың құнсыздануы жүзеге асып жатыр, адамға деген сенім барған сайын жоғалып келеді, өнерге жат элементтердің енуі, оны көпшілік мәдениетінің жай қарапайым тауарына айналдырып жіберді. Әлия Әлімжанованың шығармашылығының тағы бір бағыты мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен тығыз байланысты. Белгілі ғалым Ә. Нысанбаевтыың жетекшілігімен ол бірнеше томдарды дайындауға, мақалалар жазуға және аударуға белсенді қатысты. Қазіргі гуманитарлық сана мен білімдердің метатеориясы болып табылатын философия ілімі қалыптасуының қисыны адамның дүниедегі орны мен өзара қарым-қатынастарының өзгеруіне байланысты. Өркениеттіліктің индустриалды толқынын ауыстыра бастаған ақпараттық қоғам, таза рационалды стратегияның адамның тылсымдық қабаттарын ескеретін еркін таңдау, автономдық пен орталықсыздандыру стратегияларымен алмасуы осындай жаңа пәнді қажет етті. Әл-Фараби кезінде атап өткендей, «ақылды жан» айқындамасы (гомо сапиенс) «мәдени жан» ұстаныммен (гомо культурикос) ауысты. ХХІ ғасырда өзінтану пәнінің қалыптасуына күш көрсету мен авторитарлық басқарудың орнына келген бейбіт мәдениеті құндылықтары (адам құқықтары, орнықты даму, күш көрсетпеу, толеранттылық, диалог, плюрализм, демократия, азаматтық қоғам т.т.) үлкен рөл атқарады. Бұл үрдістердің тереңдеуі жаңа гуманистік өнер формаларының пайда болуына әкелді. Әлия Шарабекқызының ойынша, қазақ көркем мәдениетінің болашағы этностағы екі субмәдениеттің (қазақтілді және орыстілді) сұхбатшылдық бағдарымен де айқындалады. Қазақ тарихы бірнеше өтпелі қоғамдардың болғанының куәсі және олардан халық абыроймен өте алды. Мысалы, орта ғасырларда Дала мәдениетінде тек көшпелі оқшаулық емес, мәдени диалогтар жүріп жатқан: араб тілі діни қатынастық құрал болса, парсы тілі – ақындардың тілі, түркі тілі – жауынгерлердің тілі болды. Қазақ өз болмысында тек өткенге ғана емес, сонымен бірге болашаққа да үлкен үмітпен қараған. Ғасырлардың талай қыр-сырларынан өткен қазақ көркем мәдениетін ертедегі грек мифологиясындағы өзін-өзі жағып жіберіп, сол күлден қайта тіріле беретін қасиеті бар қиял-ғажайып құс – Феникспен теңеуге болады. Әлемдік өркениеттің ең ертедегісінің бірі Шумерден бастау алатын, сақтар кейін ғұндар арқылы дүниенің жартысында ізін қалдырған, кейінірек орта ғасырларда мәдениеттің тамаша үлгілерін адамзат қорына қосқан кіндік Азия – әлем қайнарының бірі.
PhD докторы Бияздықова А.А,
Оқытушы Белгібаев Д.Т,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы.