Атырау облысы COVID-19 індетін жұқтырудан үшінші орында тұр. Аймақта індеттің негізгі таралу ошағы – «Теңізшевройл» компаниясының кен орны. Атырау облыстық әкімдігі жедел түрде арнайы комиссия құрып, індеттің өршуін тоқтататын шараларды ұйымдастыруда. Індет шыққаннан бері Теңіз кен орнынан 18,5 жұмысшы шығарылып, үйлеріне қайтарылды. «Теңізшевройл» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев: – Қазіргі уақытта ТШО-ның өндірістік қызметі үшін маңызды болып табылатын «Келешек кеңею» мен «Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару» жобаларын қауіпсіз түрде іске асыру шаралары жүзеге асуда. Бұл жобалардың жұмысы 77 пайызға аяқталған. ТШО компаниясы аталған жобалар бойынша негізгі жұмыстарын жалғастыруда. Модульдерді жасау және оларды өндіріс орнынан шығару жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, Теңіз кенішінде модуль құрастыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Біз өндіріске тікелей қатысы жоқ қызметкерлерді уақытша босатып, кеніштен шығарғанымызға қарамастан, жоба бойынша сыни жұмыстарды ары қарай іске асырудамыз. Үздіксіз өндірістік қызметті қамтамасыз ету үшін өз қызметкерлерімізді қорғауға арналған бірқатар қосымша шараларды да енгіздік. Теңіздегі қызметкерлерді уақытша жұмыстан босату нәтижесінде өзге қызметкерлердің денсаулығына зиян келтірмеу көзделуде, – деді Р.Артығалиев. Жұмыстың үздіксіз жүруін қамтамасыз етуге бағытталған қорғаныс шараларының бірі – жұмыс істейтін қызметкерлерді жеке топтарға бөлу. Бұл дегеніміз – оперативті жұмыс тобы мүшелерінің бірі вирус жұқтырған жағдайда, басқа жұмыс тобы олардың орнын алмастыруға дайын болады әрі өндірістік қызметті үздіксіз қамтамасыз ету үшін жұмыстарын жалғастырады. ТШО 2020 жылдың бірінші тоқсанында 7 млн 680 мың тонна шикі мұнай өндірді, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі өндіріс деңгейінен сәл асып түседі.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
«Теңізшевройл» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, жұмысшыларды Теңіз кенішінен шығару күрделі логистикалық процесс болды. ТШО компаниясы кен орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары аясында, сондай-ақ қызметкерлер арасында COVID-19 таралу қаупін азайту мақсатында, наурыз, сәуір және мамыр айында өндіріске тікелей қатысы жоқ қызметкерлерді Теңізден уақытша шығаруды жүзеге асырды. Бұл Қазақстан Үкіметінің, Атырау облысы әкімдігінің, басқа да облыс әкімдіктерінің және денсаулық сақтау органдарының жан - жақты қолдауының арқасында табысты жүзеге асырылған күрделі логистикалық процесс болды. Аталған шара барысында жұмысшыларды үйлеріне жеткізу үшін 40-тан астам коммерциялық әуе рейсі, ТШО Dash 8 ұшағымен 211 рейс және 170 автобус рейсі жасалды. Мұнымен қоса, 16 пойыз жөнелтілген. Барлығы Атырау облысында төтенше жағдай режимі мен карантин кезінде жүзеге асырылды. – Біз Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке, сондай-ақ Атырау облысының жедел штабы мүшелеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Сонымен қатар медициналық мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, тасымалдаушы компаниялар мен мердігерлік ұйым мамандарына айтар алғысымыз шексіз. Бұдан бөлек, өзге облыстарда Теңіз кенішінің жұмысшылары тұрып жатыр. Осы ретте өзге аймақтың басшыларына да алғыс білдіргіміз келеді. Олардың көрсеткен қолдауы мен көмегі Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың өз отбасыларына аман-есен жетуіне септігін тигізді, – деді Рзабек Артығалиев. Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – өндірістік нысандарда жұмыс істейтін қызметкерлер арасында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау.Індет білдіртпей анықталып, есті шығарды
Теңіздегі жұмысшылардың 90 пайызында ауру симптомсыз болды. Бүгінгі күні Теңіз кен орнында ПТР талдауларының саны 8 мыңнан асты, орташа есеппен күн сайын 400-ге жуық талдау жасалады. Бұл – Қазақстандағы жан басына шаққандағы тестілеу көрсеткішінен бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Бұл тәсіл арқылы науқастармен байланысқан тұлғаларды анықтау статистикаға айтарлықтай әсер етті. Нәтижесінде, коронавирус бойынша оң нәтижелер санының өсуін көрсетті. Жаппай сынақтар жүргізу барысында вирус белгілері жоқ адамдарда да ауру анықталды. – Қазіргі уақытта Теңіз кен орнында мемлекеттік мекемелерден берілген медициналық құралдармен жабдықталған инфекциялық стационар бар. Ауруханада 376 адам ем қабылдап жатыр. Теңізде оқшаулау, әлеуметтік қашықтық, бетперде кию және жеке гигиеналық шаралар қатаң сақталған. Аталған сақтық шаралары Теңіздегі барлық қызметкерлер үшін міндетті. Біз барлық мердігерлер мен олардың қызметкерлерінен осы шараларды орындауды күтеміз. Олай болмаған жағдайда, ТШО келісімшарттар мен еңбек шарттарын бұзуға дейін қатаң шаралар қолданады. ТШО қауіпсіздік қызметі Жылыой ауданының әкімдігімен, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Полиция департаментімен бірлесіп, Теңіздегі ауысымдық лагерьлерде осы стандарттардың орындалуын үнемі қадағалап отырады, – деді Р.Артығалиев.Жұмысшылардың жалақысы сақталады
«ТШО» және өзге де мердігер мекемелердің қызметкерлерін Теңіз кен орнынан шығару жалғасуда. Бүгінге дейін 18,5 мыңнан астам аса маңызды емес жұмысшылар Теңіз кенішінен уақытша шығарылды. – Төтенше жағдайдың орын алуына байланысты вахталық тәсілмен еңбек ететін қызметкерлердің коронавирусқа қатысты жұмысқа шыға алмағанына қарамастан жалақылары толық сақталады. Ал кен орнындағы вахталық мерзімі уақытынан асқан жұмысшылардың жалақысына 1,5 коэффициент қосылады, –деп атап өтті Рзабек Артығалиев. Сонымен қатар Теңіз кенішіндегі COVID-19 ахуалын тұрақтандыру қатаң бақылауға алынған. Осының аясында қызметкерлерді оқшаулау, жеке гигиенаның әлеуметтік ережелерін қамтамасыз ету секілді бірқатар істер атқарылып жатыр. – Біз барлық мердігер мекемелер мен жұмысшылардан осы шараларды орындауды талап етеміз. ТШО қауіпсіздік қызметі Жылыой ауданы әкімдігімен, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және Ішкі істер департаментімен бірлесіп, Теңіз кен орнындағы талаптардың орындалуын үнемі қадағалап отырамыз. Кері жағдайда, ТШО келісімшарттар мен еңбек шарттарын бұзып, қатаң шаралар қолдануға құқылы, – деп мәлімдеді Р.Артығалиев. Атырау облысында бүгінде 923 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Оның 809-ы – Теңіз кен орны жұмысшылары. Бүгінгі таңда облыс басшысы М.Досмұхамбетов аймақтағы жағдайға байланысты шұғыл шешімдер қабылдап, індеттің жайылуына жол бермеуге барлық құрылымды жұмылдырып отыр. Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов тұрғындарға Үндеу арнады. Ол Атырау өңірінде қатерлі індет қаупінің сейілмей тұрғанын айтты. «27 сәуірден бастап біртіндеп карантиндік талаптарды жеңілдете бастадық. Көптеген саланың жұмыс істеуіне кезең-кезеңмен рұқсат бердік. Қазіргі кезде 3 700-дей нысан ашылып, 70 мыңдай адам қалыпты жұмысына кірісті. Бүгін бұл көрсеткіш артты. Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанса, карантиндік талаптарын жеңілдетуді жалғастырамыз. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері карантиндік талаптарды 8 маусымға дейін ұзартуға қатысты қаулы шығарды. Бұл – аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды негізге ала отырып жасалған шешім. Сонымен қатар Мақат ауданының Мақат кенті мен Жылыой ауданына карантин енгізілді. Себебі аталған елді мекендерден инфекция жұқтырған адамдар анықталды. Мұның бәрі босаңсуға әлі ерте екенін көрсетеді», – деген аймақ басшысы М.Досмұхамбетов медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері бастаған алдыңғы қатарда жүрген барлық сала мамандарына алғыс айтты.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы