Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев БАҚ үшін болған брифингте санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары мен мегаполистің тыныс-тіршілігін қалпына келтіру туралы айтты. Бақытжан Сағынтаев хабарлағандай, жаппай тестілеуден медұйымдардың, құқық қорғау органдарының, Ұлттық гвардияның, коммуналдық қызметтің қызметкерлері, тыныс алу жолдарында бұрыннан аурулары бар сырқаттар, респираторлық ауру белгілері бар науқастар өтті. Басты мақсат – індетті жұқтырудың нақтылы ошағын анықтау және эпидемиологиялық жағдайды бақылау. Осының арқасында карантин шаралары бәсеңсіп, кәсіпорындардың жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік туды. Бүгінге дейін 149 866 тест жүргізілді, оның ішінде ПЦР әдісі бойынша 123 855 адам тексерілді, 26 011 адам экспресс-тестілеуден өтті. 2 353 оң нәтиже анықталды, оның 90 пайызы профилактикалық шаралар барысында белгілі болды, 7 пайызы жергілікті оқиғалар болса, 3 пайызы сырттан келгендер. Айта кетерлігі, жеке инвесторлардың қатысуымен зертханалар саны 2-ден 6-ға дейін артты. Сараптама жасаудың 2 жылжымалы қоршаулы пункті ашылды. Күн сайын 4500-5000 тестілеу жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ Б.Сағынтаев брифингте қаланың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру шаралары және санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы айтты. Төтенше жағдай кезінде өзін-өзі оқшаулау мен карантиндік шараларды іске асыру жұртшылықтың індетті жаппай жұқтыруына тосқауыл болды, соның арқасында қалалықтар арасында ауыр зардаптар орын алған жоқ. Індеттен сақтануға ықпал ететін маскаларды көшеде кию жұқтыру тәуекелін азайтады. Сонымен қатар, ДДҰ мәліметі бойынша адамдар минутына орта есеппен 3-5 рет бетін байқаусызда таза емес қолымен ұстайды екен. Ал оның қолында вирустың болуы әбден мүмкін. Жабық нысандарда болғандардың барлығы міндетті түрде маска киюлері тиіс. Олар – дәріханалар, дүкендер, офистер, медұйымдар, ХҚКО, қоғамдық көлік. COVID-19 қаупі бар жанға көмек көрсеткен кезде міндетті түрде маска киген жөн. Құрамына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын департаменттің аудандық басқармаларының мамандары енген мобильді топтар карантин режимін бұзған нысандарды анықтау үшін сол жерлерге барып, мониторинг жүргізеді. Бүгінгі күнге дейін мамандар уақытша карантин талаптарын (масканың, санитайзердің, болмауы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы және басқалары) сақтамаған азық-түлік нысандарына 69 әкімшілік айыппұл салды, қоғамдық тамақтану орындарына 2 әкімшілік хаттама толтырды және олар сотқа жіберілді. Азық-түлік емес дүкендердің дайындығын құрамына әкімдіктің, СЭҚ-тің, «Атамекен» РКП қызметкерлері енген жұмыс тобы тексеріп, өз бағаларын бергеннен соң ғана ашылады. Бұл нұсқаулықтың орындалуын жоғарыда аталған жұмыс тобы бақылайды. Бұлардан өзге, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер сақталмаса сауда орталығының әкімшілігі жауапқа тартылады. Қала әкімі Б.Сағынтаев онлайн баспасөз конференциясы барысында төтенше жағдай мен карантин кезінде әлеуметтік қолдауға мұқтаж қалалықтарға қолдау көрсету шаралары туралы да айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес, ТЖ енгізілуіне орай табыстарынан айырылған жандарға ең төмен көлемдегі бір айлық жалақы (42500) ай сайын берілді, аз қамтылған адамдар санатына жататындардың коммуналдық қызметтері төленді. 440 мыңнан астам алматылық 42 500 теңге көлемінде қаржылық көмек алды. ТЖ барысында 898 136 өтініш қабылданды, форматты-логикалық бақылауға сәйкес келмегендіктен қалған өтініштер қайтарылды. Коммуналдық қызметтерді төлеуге 2,1 млрд теңге бөлінді. Олардың 30,4 мыңы мақұлданып, 456 млн теңге төленді. Осы көмекті алу үшін алматылықтардан 198 мың өтініш түсті. Бірінші кезекте әлеуметтік қолдау мүгедектерге, ҰОС қатысушыларға, оларға теңестірілген отбасыларға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандарға, көпбалалы отбасыларға, ең төмен зейнетақы алатындарға, жалғызбасты зейнеткерлерге, сонымен қатар АӘК алатын азаматтарға көрсетілді. Осы қиын сәтте қала тұрғындарына қоғамдық қорлар және Nur Otan партиясы айтарлықтай көмек көрсетті, мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылды. «Жаңа Алатау» ҚҚ азық-түлік себеттерін апарып берді. «Birgemiz» қоры 52,1 мың адамға 2,6 млрд теңгенің бірретік көмегін көрсетті. Әкімдік деңгейінде 1,9 млрд теңгенің қосымша әлеуметтік шаралары қарастырылды. Қарт адамдар мен жалғызбасты зейнеткерлерге ыстық тағамдар берілді. 27 наурыздан бастап күн сайын 819 зейнеткерге жалпы сомасы 33,6 миллион теңге көлемінде ыстық тамақ жеткізілді. Әлеуметтік жағынан мұқтаж 7 мың адам жалпы сомасы 75 млн теңгеге санитарлық заттармен қамтамасыз етілді. 40 мың адамға 2 млн медициналық маска таратылды. Баспасөз конференциясы барысында Б.Сағынтаев салынып жатқан әрі әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға көмек көрсететін орталық туралы да айтып өтті. Әлеуметтік қызмет үйі – бұл «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталық және аталған санаттағы адамдарға кең көлемде қызмет көрсететін болады. Жобаны ағымдағы жылдың соңында іске қосу жоспарланған. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ