Шымкенттегі балық сатушылар шығынға батқанын айтты
Шымкенттегі балық сатушылар шығынға батқанын айтты
177
оқылды
Естеріңізде болса осыдан бір апта бұрын «Whats App» және басқа да әлеуметтік желілер арқылы «2 жылға дейін балық жемеңдер. Сардоба су қоймасы ашылып, 10000  үйдің әжетханасын Сырдарияға ағызып тастапты. Ондағы балықтар ең жаман деген ішек таяқшалары, сифилис, сары ауруы сынды ауруды таратуы мүмкін. Сондықтан өздеріңді отбасыларыңды сақтаңдар, бір-бірлеріңізге ескертіңіздер, балық жемесін өтініш» деген мағынадағы хат өзімізге де келген болатын. Шымкенттегі балық сатуды кәсіп еткен сатушылар жақында осынау қауесеттің салдарынан сауданың күрт төмендегінін айтып, биліктен көмек сұрады. Күніне кем дегенде 500 келі балық сататын кәсіпкер Ләззат  Мырзалиева осы қауесет шыққан бір аптадан бері бар-жоғы 20 келіге жетпейтін балық қана сатамыз деп отыр. «Мүмкін елдегі карантин жағдайына орай сауда төмендеген шығар?» деген сұрағымызға ол карантин кезінде де бір күн демалыссыз жұмыс істегенін айтады. «Біз сауданың азық-түлік түріне жатамыз. Сондықтан билік біздің жұмысымызға шектеу қойған жоқ. Тіпті онлайн тапсырыспен жұмыс істеген кафе-асханалар да алып тұратын. Өздеріңіз білесіздер адамдар үйінде отырған соң балық қуырып, шашлык жеп жатты. Шымкент қаласына жақын жердегі Қазығұрт, Төлеби, Сайрам және Түлкібас аудандарына көтерме бағамен күн сайын таңертең 6-дан бастап алып кетіп тұрды. Өткен аптаның сәрсенбісі күні кешкі 23-терде менің де телефоныма сондай хабарлама келді. Ертесіне әлі ести қоймаған бірен-саран клиенттер келіп 150 келідей балық алып кеткен. Ал, оның ертесіне, яғни жұма күннен бастап сауда бірден тоқтап, сап тиылды. Міне, бір апта болып қалды. Содан бері балығымз өтпей, тоңазытқышқа сыймай сасып жатыр. Негізі бізге балық Атыраудан, Шардарадан, Балхаштан, Көксарай мен Бөгеннен  кейде Ресейден де келіп жатады. Барлық балық дәмді, осы 27 жылда бірде-бір адам шағым айтып келген емес» дейді саудагер Ләззат бізбен әңгімесінде. Қазір сырттан тауар алмақ түгілі 1000 келідей балықты қайда сыйғызарын білмей отырған бұл жалғыз кәсіпкер емес. Осында балық сатуды кәсіп еткен бірнеше саудагер де шығынға ұшырағанын айтады. Бар-жоғы 2-3 нүкте ғана есік ашып отыр.  «Балық сату оңай емес. Бұл сауданың өте кірпияз түрі. Соған қараматсан үйренген кәсібіміз болған соң нанымызды тауып отырғанбыз. Тез бұзылатын тауар болған соң өзімізде әрекетімізді жасап, барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Күн сайын 10 мың теңгеге мұз алып тоңазытқышқа тастаймыз. Мәселен балықты жаңа әкелген кезде мұздатқыштың барынша салқын грдусына қойып, салсақ, оны жылжытпасақ  ол бірнеше айлап бұзылмай тұра береді. Алайда қазір біз оны алып жайып, қайта салып бұзып алып жатырмыз» дейді ол. Сатушылар басқа басқа балықтан сифилис ауруы жұғады деген қауесттің ақылға қонбайтынын айтады. Шымкент қаласы бойынша ветеринар-санитарлық дәрігер Бауыржан Үсенбекұлы бірнеше жылдан бері осы аймақтағы балықты тексеріп, қорытынды шығарып жүргенін айтады. «Әрбір сырттан келген балық тексеріледі. Ең алдымен құжатын, одан соң сапасын, құрамын, балықтың сақталу жағдайын  қадағалаймыз. Қорқатын ешнәрәсе жоқ. Талдау-сараптау қорытындысымен барлығы талапқа сай сатылуда.Мұнда ауру балық келген емес» дейді ол. Балық бизнесімен айналысушылар күнделікті табыстарынан айырылғанымен қоймай несиесін де уайымдап отыр. Балықтың сапасы туралы анықтама да жұртты сендіре алмай жатқан. Айта кетейік,  «Whats App» әлеуметтік желісінен бөлек ресми өкілдер де осы мәселеге қатысты хабарлама таратқан. Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы  Шәкен Боранбай КТК арнасына берген сұхбатында  «Тасқын сумен келген балық адам өміріне қауіпті. Мұндағы балықты мүлдем жеуге де, пайдалануға да болмайды. Соны ескертеміз. Адамның ағзасына өте зиян. Ол сараптаманың қорытындысында бактериялық неше түрлі аурулар, таяқшалар табылып отыр» деген болатын. Шәкен Боранбай артынша «Сардоба» су қоймасы мен Сырдария өзенінің ара қашықтығы алшақ.  Яғни, топан судың бір тамшысы да Сырдария мен Шардара су қоймасына келіп құйылмаған. Жеуге жарамсыз балықтар туралы мәліметтің Сырдария өзені мен Шардара су қоймасына ешқандай қатысы жоқ екенін ресми мәлімдеймін. Жалған ақпарат таратқан адамға заң шеңберінде шара қолданатынын ескертеміз», деді. Рас, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертханасы» мамандары жасаған сараптама қорытындысымен  «Сардоба» су қоймасынан топан сумен бірге Мақтаарал ауданындағы бірқатар елдімекендерге ағып келген  балықтардың жеуге жарамсыздығы анықталған. Дегенмен, Түркістан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері  Мақтааралдағы жеуге жарамсыз  балықтар бүгінгі таңда толығымен жойылғаны айтылып, бүгінгі таңда тұрғындар денсаулығына балықтан келер қауіп жоқтығын мәлімдеген-ді. Дегенмен, кейбір әуесқой балықшылар әлеуметтік желіге жалған ақпаратты таратып жіберіпті. Иә, жұрттың әлеуметтік желідегі сөз шындаққа жанасытындай болған соң, шынында тіксініп қалғаны рас. Қалай болғанда да, саудагерлерге обал. Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.