Бақылау барысында кейбір талаптар сақталмағаны анықталды

Бақылау барысында кейбір талаптар сақталмағаны анықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Үкіметтің бастамасымен ел экономикасындағы постпандемиялық процестерді ескере отырып, дағдарысқа қарсы шаралар өткізілуде. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Б.Сағынтаев мердігерлік ұйымдар тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында қазақстандық тауарлармен қамтамасыз етілуін бақылау жөнінде тапсырма берді. Партияның қалалық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында дағдарысқа қарсы өткізілетін шараларды қатаң бақылауға алды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жүзеге асырылатын нысандар Алматы қаласы мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы мүшелеріне бекітілген. 200-ден астам нысанда партиялық бақылау бекеттері құрылатын болады. Бұл туралы партияның Алматы қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының онлайн-режимінде өткен кезекті отырысында қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров мәлімдеді. Мониторингтің негізгі мәселесі – мердігерлік ұйымдардың тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында қазақстандық тауарлармен қамтамасыз ету және жергілікті жұмыс күшін 100 пайызға жеткізу. Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясының аудандық филиалдары жанынан құрылған мониторинг топтары 80-нен астам нысанды аралады. Топ құрамына аудандық партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, аудандық филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары мен Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының өкілдері енгізілді. Сондай-ақ бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Борис Жапаров Түрксіб ауданының мониторингтік тобымен бірлесіп, №86 және №117 бөбекжай-бақшалары, Жас Қанат ықшам ауданындағы саябақ секілді әлеуметтік-қоғамдық нысандарға барды. Бақылау барысында дағдарысқа қарсы шаралардың жекелеген талаптарын сақтамау фактілері анықталды. Оларды түзету жұмыстары жүргізілуде. Партиялық бақылау комиссиясы аталған мәселелерді бақылауда ұстап отыр.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ