Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы мен Алматы облысында ІІМ-мен бірлесіп арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде бір-біріне қарсы екі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, - деп хабарлайды осы ведомствоның баспасөз қызметі. Қылмыстық топ мүшелерінің бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар. Қылмыстық әрекеттер атыс қаруын қолдана отырып, аса қатігездікпен жасалған. Екі ҰҚТ-ның белсенді мүшелерінің жалпы саны 30 адамға жеткен. Олардың арасында бұрын сотталған адамдар бар, кейбіреулері «ұрылар» идеологиясын ұстанып, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтардың жетекшілерімен байланыста болған. Фигуранттардың тұрғылықты жерлерін тінту барысында 11 бірлік әртүрлі қару түрлері, 200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.