Қордай оқиғасы: Сапарбаев өртке оранған үйлер тамызда салынып бітетінін айтты
Қордай оқиғасы: Сапарбаев өртке оранған үйлер тамызда салынып бітетінін айтты
Фото: Интернеттен алынды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қордай ауданында болған тәртіпсіздіктер кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы айтты. «Біріншіден, қазір бұл ауданда әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдай тұрақталды. Барлық мәселе бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс тобы барлық мәселені бақылауға алып, қабылданған іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда біз зардап шеккен азаматтарға демеушілердің есебінен 44 миллион теңге көлемінде көмек бердік», – деді әкім. Қордай ауданында орташа дәрежеде зақым келген барлығы 110 үй қалпына келтірілді. «Қазір қалған 39 тұрғын үй мен 20 коммерциялық нысанды жөндеп жатырмыз. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын осы жылдың тамызында аяқтау жоспарланып отыр. Оған қосымша, қазіргі таңда індетпен қатар келген дағдарысқа байланысты мемлекет тарапынан жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, салу жөнінде қолға алынып жатқан ауқымды шаралар аясында Қордай ауданының өзінде жүзден астам жобаны жүзеге асыруға 20,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы негізінен зардап шеккен Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарына мектеп, спорт, мәдениет нысандарын салуға, жолдарды жөндеуге, ауызсу, жарық және газбен қамтамасыз етуге жұмсалмақ», – деді Сапарбаев.