Белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов білім телеарнасын ашуды ұсынды. Әбенов төтенше жағдай кезінде көптеген ел цифрлық теңсіздік проблемасымен бетпе-бет келгенін атап өтті. Тұрмысы төмен отбасылар балаларына компьютер сатып бере алмайды, интернетке қолжетімділік мәселесі тағы бар. Осы ретте ол әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, отандық білім телеарнасын ашуды ұсынды.
"Пандемия кезінде біраз ел білім телеарналарының мүмкіндігін пайдаланды. Олар Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан. Бізде "Ел арна" мен "Балапан" телеарналары қашықтан оқу кезінде жақсы жұмыс атқарды. Қысқа уақыт ішінде оқушылар үшін бейнесабақтар әзірленді. Менің ойымша, өзіміздің білім телеарнасын құратын кез келген сияқты", - деді ол Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.Әбенов карантин кезінде шоу-бизнес өкілдері емес, мұғалімдер жұлдызға айналғанын атап өтті. Айтуынша, оларды көшеде бәрі таниды, пандемия бүкіл елді үздік мұғалімдермен таныстыруға мүмкіндік берді. Айта кетсек, коронавирусқа байланысты төртінші тоқсанды оқушылар мен студенттер қашықтан оқыды.