«Апат айтып келмейді». Арыстағы бүгінгі алапат жарылыс ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Бүкіл қазақстандықтар Арыс жұртымен бірге қамықты. Мемлекет басшысы да жағдайды өз көзімен көру үшін арнайы ұшып барды. Арыс қаласындағы эвакуациялық пунктке барып, Президент төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Мемлекет басшысы қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз ету, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажетін ескертті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне, әсіресе, балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
– Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғының барлығынан тазартылуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өрт пен оқ-дәрілерден жарылыс болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Арыс қаласын аралап шықты. Қаланы аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралады. Қаланың қазіргі ахуалын бағамдап көрді.
Қазақстан Президентіне эвакуация жұмыстарының барысы және жарылыс ошақтарын тоқтатып, өртті сөндіру жөнінде нақты мәліметтер берілді.
Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күннің ішінде өте ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты және жұмыстардың осы қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруді тапсырды.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті облыстық клиникалық ауруханаға барып, Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайын біліп, көңілін сұрады.
Клиникалық ауруханада Мемлекет басшысына жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндалды.
Президент төтенше жағдай аймағында медициналық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан Президенті зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларымен аман-есен қауышуына тілектестік білдірді.