Бұрын қандай еді? Нанға жаққан сары майдай еді! Қарамағындағылар қырнап жейді ме, жоқ әлде, тырнап жейді ме, олардың қылмыстарына басшылар былқ етпейтін. Көздерін тарс жұмып алып, лауазымды қызметтерін атқарып жүре беретін. «Сіздің бір қызметкеріңіз ұсталып, сотталып кетіпті ғой?» деп сұрасаңыз, кеңкілдеп күле беретін. Енді бүгінде олар күлмейтін болды, жерге жата қалып, жылайтын болды. Неге дейсіздер ме? Өйткені, президенттің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға енгізген түзетулері тәртіпке салатын болды. Заң бойынша қол астындағы қызметкерлерінің жасаған жемқорлықтары үшін олардың басшылары да жауапқа тартылатынын білесіздер. Бір күні Ақтөбедегі Мұғалжар ауданы ішкі істер бөлімінің бастығы қарамағындағы қағынған қызметкерін шақырып алды, тіпті оған кәдімгідей, ақырып алды. – Сен бар ғой, сен менің абыройымды төгейін деп жүрсің! – Не істеп қойдым, басеке? – Сен бір түрлі адамсың! – Не істеп қойдым, басеке? – Кеше біреуден бірдеңе алайын, алайын деп қалыпсың ғой? – Жоға, әшейін қолдарымды созып, саусақтарымды жыбырлаттым... – Неге жыбырлатасың? – Сондай сұмырай әдетім бар. – Ондай әдетіңді әрі лақтыр! Білесің бе, егер сен жемқорлықпен ұсталсаң, мен орнымнан кетемін! Ал, жұрт сені парақор деп жүр сыртыңнан. – Ұсталмаған ұры – ұры емес. – Сонда не, шынымен жемқорсың ба? – Құдай сақтасын, көре алмағандар қатындар сияқты сыртымнан айта береді. – Ну, смотри... – Болды, басеке. Бір аптадан кейін бастық қарамағындағы қағынған полицейді тағы кабинетіне шақырды. – Шақырыпсыз, басеке? – Сені жұрт ұстаған адамдарының алдында алақанын жаяды дейді ғой? – Ия, жаямын. – Немене, ақша сұрайсың ба? Ашықтан ашық? – Құдай сақтасын! – Енді атаңның басына алақан жаясың ба? – Мен оларға бата беремін ғой. «Е, Құдай, енді маған ұсталып қалма, мұндай жаман әрекеттерге барма, жерден жеті мың тапсаң да алма, жұрттың артында қалма, түрмеге өмір бойы барма!» деп бата беремін. – Е, батагөй, полиция деген бата бермейді, заңға байланысты шара көреді! Бар, жұмысыңа! Абайлап жүр! Тағы бір айдан кейін бастығы қағынған полицейді кабинетіне шақырып алды. «Адам емес, адам екенсің!» деп өзіне ақырып алды. – Осы сен мені қызметімнен кетірейін деп жүргеннен саусың ба? – Не болып қалды, басеке? – Сені біреу мен үшін қылмысқа итермелеп жүрген жоқ па? – Жын ұрып па? – Осы сен ұсталып қалған күдіктінің бетіне аянышты көзіңмен қарап, үнсіз жылайды екенсің, «Бірдеңе беріп, құтыла салшы?» деп сұрайды екенсің? Қағынған полицей қутыңдады. – Мен өте ақ көңіл адаммын, басеке. Ұсталғандарға жаным ашып кетеді. – Ыммен бірдеңе сұрайды екенсің? – О, не дегеніңіз, бірдеңе сұрасам, саунада суға тұншығып өлейін! – Рас па? – Рас. – Онда жемқорлықтан қаш! Қағынған полицей жемқорлықтан қашпады, апта өтпей жатып, парақорлығын бастады. Ұсталып тынды. Оның кесірінен кадр мәселесі бойынша аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары мен Мұғалжар полиция бөлімі басшысы қызметінен кетті. Әлгі қағынған полицей бір тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 40 мың теңге пара алды деп айыпталып тынып, сот үкіміне сәйкес, кінәлі деп танылды да, 1 млн 200 мың теңге көлемінде айып пұл төлеуге міндеттелді. Нәйеті қырық мың теңге аламын деп, бір миллионнан аса айып пұл арқалағанда, іші удай ашыды. Ал. Ақтөбе қаласындағы №3 Алматы аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторына қатысты сот үкімі де өз күшіне енген кезде, аталмыш полиция бөлімінің басшысы қызметімен қимай қоштасып, креслосын құшақтап тұрып жылады. «Хош бол, менің креслом! Обалым қарамағымдағы жемқорға!» – деп ауыр күрсінді. Оның орынбасарына да «қызметіне толық сай еместігі туралы» берілген ескерту еңіреп тұрды. Ойебай, не болып қалды дейсіздер ме? Учаскелік инспектор жұмысқа тұруға оң мінездеме жазып беруге өтініш еткен азаматтан «Шын жүректен рахметі» ретінде 20 мың теңге көлемінде пара алған. Сөйтіп, сот үкімі шықты. Полицей кінәлі деп танылуымен қатар, 1 200 000 теңге көлемінде айып пұл арқалады, белгіленген қызметпен айналысу құқығынан айырылып тынды. Міне, көрдіңіздер ме, абайлаңыз, қарамағыңыздағылар қағынып, жемқорлықты сағынып жүрсе, лауазымды қызметіңізден мұрттай ұшасыз!
Мұхтар ШЕРІМ