«Мынауский» массаж!
«Мынауский» массаж!
Шарықтап, шаң қаптырып жатқан бағадан көреміз бе, ды­мымызды шығармай жатқан дағдарыстан көресіз бе, білмей қалдық әйтеуір, бүгінде алаяқтар айды аспанға шығарып жүр. Енді шетелден үйреніп кел­дім, массаждың қыры мен сы­рын таң атқанша, күн батқанша үйретімен дейтін алаяқтар да шықты. Ол жемтігін оңай торға, арылмайтын сорға түсірді. – Хабарландыруыңыз бо­йын­ша келіп тұрмын. – Массаж жасауды үйренгі­ңіз келе ме? – Ия. Уқалай бергім келеді, уқалай бергім келеді. – Уқалаудың да өз ережесі болады, – дедің әккі алаяқ. – Әрине. – Мұнда жата қойыңыз. – Шалқамнан ба? – Адам алдымен қарынға массаж жасау­шы ма еді? – Етпетімнен ғой? – Ия. – Төөу, арқаңызды трактор­мен айдағандай, айқұш-ұйқыш екен. – Күйеуімнің қолтаңбалары ғой. Ішіп келіп сабай беретін. – Былай бастаймыз. – Апай, арқамды қасып жатырсыз ба? – Жоқ, шабытымды ашып жатырмын. – Ее, үйбай, жыбырлатып жібердіңіз ғой, қытығым келіп кетті. – Еркектерге массаж жаса­ғанда, осылай жыбырлату керек. – Ойбай, өкпем! Ақырын ұрыңызшы? – Осылай да массаж жаса­лынады. – Мұның бәрін шетелде оқып келдіңіз бе? Мұны біз де білетін сияқтымыз? – Бұл жалпы курс қой. Кейін ерекше ерекшеліктеріне тоқта­ламын. Мысалы, арқаны тістеп массаж жасау. – Тістеп? – Ия, тістелейсіз. – Қойыңызшы, гигиенаға қайшы ғой? – Тістеріңізге резеңке киіп аласыз да, клиенттің бүкіл ар­қасын тістелеп шығасыз. Қатты батырмай дегендей. – Ит боламын десеңізші? – Массаждың бір түрі бұл. Сосын, клиентіңіздің арқасына шалқаңыздан жатып аласыз. Міне, былай. – Ойбай, неге? – Ұйықтау үшін жатпайсыз енді. Оның арқасында жатып алып, неше түрлі қозғалыстар жасайсыз. – Ақырын апай, мыжылып кеттім жерде жатқан ет сияқты... Шетелден үйрендіңіз ғой? – Ия. Сосын иегіңізбен ар­қасын сызғылайсыз. – Қойыңызшы? Ойбай, ауы­рып кетті. Иегіңіз үшкір екен. – Солай. Ақша табу емес қой оңай? – Тағы? – Клиентіңіздің арқасын көзіңізбен шымшисыз. – Қалай? – Оңай! – Көзім кір болатын шығар? – Кірпіктеріңізге арнайы кірпік қап кигізіп қоясыз. – Мынауыңыз сұмдық екен! – Айтпақшы, клиентіңіздің арқасын мұрныңызбен сүзесіз. – Мұрын? – Енді солай. Мұрынға ре­зина қолғаптың бас бармақ тұсын қырқып, киіп аласыз. – Массажыңыз керемет екен! Ақшаның астында қалатын шығармын? – Әрине! Ия, құрметті оқушым, Алма­тыда «Жапон массажын үйре­темін!» деген Айман Кәлено­ваның (Аты-жөні белгілі себеп­терге байланысты өзгертілді.) жарнамасы жер жаратын еді. «Менен массаж үйреніп алса­ңыздар, аптасына миллион тең­ге табасыңдар!» дегенге сеніп, не­сие алған Арайлым Мамыт­бе­ко­ва 600 мың теңгесін оның қолына ұстата салған. Жалған серти­фи­катын көрсеткен соң, кәдімгідей кәсіби маман болып шығаты­нына сеніп қалыпты. Бірақ, «ұла­ғатты ұстаз» қарасын батырған. Кездескен күннің өзін­де ұрсып, жекіп, маңайына жолатпаған. Ол кейін анық­тал­ғандай, Жапония түгілі, Жар­кент­ке де бармаған бо­лып шық­ты. Алматы қаласы­ның тұрғыны Вероника Башарян 300 мың теңге беріп, сан соғып қалыпты. Осындай жолмен 14 әйел алаяқ­тың жемі болған. Бүгінде алаяқ өзінің мұрнына массаж жасап, изоляторда отыр...  

Мұхтар ШЕРІМ